Кеше, ақпанның 25-іне қараған түні полиция формасынсыз келген бір топ үйінен күштеп әкетіп, бүгін таңда тергеу изоляторында «жүрек талмасынан» көз жұмды деп хабарланған Дулат Ағаділовтің қазасына байланысты ішкі істер министрлігінің ресми уәкілі арнайы мәлімдеме жасады.

Астанадағы полиция департаментінің баспасөз мәслихатында ведомтсво уәкілі:

«24 ақпан кешкі 21:00 сот қаулысын орындау мақсатында  Талапкер елді мекенінің 1977 жылы туған азамат Дулат Ағаділов емханаға жеткізілген. Жасалған сараптама нәтижесінде қан құрамында орта дәрежеде алкоголь бар екені, дене жарақаты жоқтығы анықталды. Түнгісағат 00:00 таман қылмыстық атқару жүйесінің 166/1 мекемесіне жеткізілді, камераға оқшауларда одан ешқандай шағым түспеген. Камерада қасында төрт азамат отырған. Таңғы 6:00-де ұйқыдан тұрған соң тамақтанып, бүгін сағат 7:00 шамасында дәретханадан шыққаннан кейін есінен танып, құлап қалған. Камерадағылар бақылаушыға хабарласып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Жедел жәрдем келгенде ол көз жұмған. Бейнебақылау жазбасына қарағанда, ол ұйықтай алмай, мазасызданғаны анықталған.

Денесінен зорлық-зомбылық әрекеті байқалмайды. Камералас тұтқындар марқұмның мас күйде болғанын, ешқандай кикілжің болмағанын жеткізді. Сарапшылардың әзірге қойып отырған диагнозы – жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі», – деп хабарлады.

Марқұм Ағаділовті бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтқан белсенділер бүгін түсте астанада, Алматы және Шымкент қаласында наразылыққа шықты. Елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа  күшпен тиеп алып кеткен еді.

Протокол толтырмаған, куәгер тартылмаған, адвокат шақыртпай күштеп ұстап әкетті дейді ашынған азаматтық белсенділер. Аймақтағы наразылар «Нұрсұлтан және  Дариға Назарбаевтардың, Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын», «Ағаділовтің өлімін әділ тексерсін» деген талаптар қойды. Құрал Сейітханұлы марқұм «өз ауруынан немесе спирттік ішімдік ішіп өлді деген жалған желеумен» ақталуға тырысады деп санайды. Белсендінің бірі  «халықтық репрессияға қатысқан, атсалысқан министрден қатардағы сарбазға дейін жазаланатыны халықаралық құқықтық қатынас құжаттарында қарастырылған» дейді. Ол Дулат Ағаділовті де «халықтық қуғын-сүргіннің құрбаны» деп атады.

Алматылық белсенділер 1 наурыз сағат 12:00-де Ганди саябағында митингке рұқсат бермегеніне қарамастан, Дулат Ағаділовтің қазасы мен бұған дейін ұсталған белсенділерді босатуды талап ету мақсатында шеруге шығатынын мәлімдеді.

"The Qazaq Times"