Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты биылдыққа үшінші рет жеке қабылдады.

Ақорда таратқан ақпарат бойынша, Жақып Асанов ел президентіне биылғы 9 ай ішіндегі Жоғарғы Сот қызметінің қорытындылары мен сот жүйесін жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстар жөнінде мәлімет берген.

Сот төрағасы Тоқаевқа судьяларды іріктеу жүйесін жақсарту, біріңғай сот тәжірибесін қамтамасыз ету, сот төрелігін жаңғырту, соның ішінде соттан тыс татуласу орталықтарын құру, отбасы соттары мен фронт-офистер жайында атқарылған шаралар туралы баяндаған көрінеді.

Мемлекет басшысы халықтың сот жұмысына деген сенімін арттыру, азаматтардың өтініш-шағымдарын әділ қарау, шығарылатын сот шешімдерінің сапасын жақсарту қажеттігін айтқан.

Президент судьялардың жүктемесін азайту және сот шешімдерінің сапасына кері әсер ететін оларға қатысы жоқ істерден босату жөнінде шаралар қабылдауды тапсырып, сондай-ақ, судьялар корпусының құзыреттілігін арттыру жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығына назар аударған.

Осыған дейін маусымның 24-і Тоқаевтың қабылдауында болған Асанов "соттардың қызметін жетілдіруге және судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыруға бағытталған 16 заң жобасы әзірленгені туралы" баяндағаны есімізде. Ол кезде Сот төрағасы судьялардың кәсібилігін күшейтетінін, әрі алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесін лайық емес кадрлардан толық тазартуға уәде берген. Ал 12 шілдеде өткен екінші кездесуде  Асанов алғашқы жартыжылдықтың қорытындыларымен бөлісіп,  сот жүйесін жетілдіру барысы жөнінде сөз еткен болатын. Ол процессуалдық кодексті одан әрі жаңғыртуға бағытталған заң жобаларының дайындығы және жаңа әкімшілік әділет институтын енгізу жөнінде баяндаған.

Тоқаев сот шешімдерінің сапасын арттыру және азаматтардың өтініштерін мұқият әрі әділ қарау қажеттігін ескерткен тұста  маусым-шілде айларында Қазақстандағы «әділетсіз сот жүйесіне» қарсы бірнеше наразылықтар өткен болатын. «Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың отставкаға кетуін» талап еткен наразылар өз мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған еді. Елдегі азаматтық қоғам тарапынан сот жүйесінің әділдігіне сенбейтін, механизм жұмысына көңілі толмайтын көңіл-күй жылдар бойы күшейіп келеді. Өткен аптада жаңаөзендік судья Айзада Сейлханова да пара алғаны үшін Ақтау қалалық сотының үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Елордадағы "Нұр Отан" партиясының ғимаратына жиналған наразы жұрт. 4 маусым 2019 жыл. Фото: Азаттық / Сәния Тойкен

"The Qazaq Times"