АҚШ пен Гватемаланың артынша Парагвай да Тель-Авивтегі елшілігін Иерусалимге көшірді. Парагвайдағы Иерусалим елшілігі салтанатты рәсімнен кейін қызметіне кірісті, деп хабарлайды lanouvellerepublique.fr ақпарат агенттігі.

Бұған дейін, атап айтқанда 16 мамыр күні Тель-Авивтегі елшілігін Иерусалимге көшірген Ақ үйдің шешімі әлемдік ақпарат құралдары мен саясаткерлердің талқысына түсіп, палестиналықтардың да наразылығын тудырғаны туралы жазған едік. Осындай шешімінің артынша өзге елдерді де елшіліктерін Иерусалимге көшіруге үндеген АҚШ-тың бастамасын Гватемала қолдап, Израильдегі елшілігінің орнын ауыстырған еді. Ал кейбір елдер АҚШ-тың бұл әрекетін қолдамақ түгілі, Иерусалимдегі елшілерін кері қайтарып алған болатын. Оның үстіне,  Газа секторы мен Израиль шекарасындағы 60-тан астам адамның қаза табуы мен жүздеген адамның жарақаттануына АҚШ-тың осы шешімі себеп болды деп есептегендер де болды. Алайда, бүгін АҚШ-тың қадамын қайталаған екінші ел шешімін жария етіп отыр.

“The Qazaq Times”