Францияның экс-президенті Николя Саркози ұсталды – деп хабарлайды Le Monde басылымы.

Le Monde мәліметінше, Николя Саркози 20 наурыз күні тергеуге алынған. Оған «2007 жылы өткен президент сайлауында Ливия қаржысын пайдаланды» деген айып тағылған. Құқық қорғау органдарында Саркозиді тұтқынға алуға 48 сағат уақыт бар. Олар осы уақыт аралығында экс-президенттің аталмыш іске қатысы бар екендігін дәлелдеуі тиіс.

Николя Саркозидің Франция президенті болып сайлануына Ливия басшысы Муаммар Каддафидің қатысы бар екендігі жөніндегі ақпарат БАҚ бетіне 2013 жылы шыға бастаған. Каддафидің өзі де көзі тірі кезінде Саркозидің Ливия қаржысының арқасында Франция президенті болып сайланғанын жоққа шығармаған. Ал 2011 жылы Каддафидің ұлы Саиф әл-Ислам 2007 жылы әкесінің Саркози сайлау штабына 50 миллион еуро қаржы бөлгендігін мәлімдеген.

Николя Саркози 2007 және 2012 жылдар аралығында Франция президенті болған. Ол 2012 жылғы президент сайлауында екінші турда Франсуа Олландтан жеңіліп, екінші рет мемлекет басшысы болу мәртебесінен айырылды.

“The Qazaq Times”