Қазақстанға Сүрия мен Ирак аумағындағы террорлық ұйымдардың сапында болған 125 азамат қайтып оралған.

Бүгін үкімет жиынында сөз сөйлеген ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков: «Өздеріңіз білетіндей Сүрия мен Ирак аумағындағы халықаралық террорлық ұйымдар жеңіліс тапты. Осының салдарынан лаңкестер мен олардың отбасы елдеріне қайтуда. Мысалы, Қазақстанға осы уақытқа дейін Сүрия мен Ирак аумағында болған 125 азамат қайтып оралды. Олардың 57-сі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары құзырлы органдардың бақылауында» - деген.

Бұдан бөлек Нұрғали Білісбековтың сөзінше, ел бюджетінен 2022 жылға дейін діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес шараларына 270 миллиард теңге бөлінбек. Аталмыш қаржы құқық қорғау органдарын арнайы құрылғылармен жабдықтауға, қаруландыруға, профилақтикалық іс-шараларды өткізуге және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін артыруға жұмсалмақ.

“The Qazaq Times”