2017 жылғы 14 желтоқсанда ҚР Ұлттық кітапханасындағы Ермек Тұрсынов киноклубында «Қазақ энциклопедиясы» баспасының 50 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт рухын жаңғыртқан жарты ғасыр» атты конференция өтті. Конференция барысында «Қазақ энциклопедиясы» атты анықтамалық пен «Мәңгілік ел» фотоальбом жинақтарының тұсауы кесілді.

«Қазақ энциклопедиясы» энциклопедиялық анықтамалығы – жалпы қазақ баспаларының тарихында баспа жетістіктерінен, тарихынан ақпарат беретін тұңғыш басылым. «Мәңгілік ел» фотоальбомы 2017 жылы өткен «ЭКСПО» көрмесінде Гран-при жүлдесін жеңіп алған баспа өнімі.   Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Тұрарұлы Сейдуманов, ҚР Ұлттық Кітап палатасының директоры Әлібек Асылбайұлы Асқаров, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Философия институтының дінтану және саясаттану комитеті директорының кеңесшісі Әбдімәлік Нысанбайұлы Нысанбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы Аяған, Қазақ ұлттық университеті ректорының ғылыми кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып, олардан да бөлек бір кездері баспаға автор болып қатысқан, қызмет істеген ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысты.

Қазақстанда энциклопедиялық баспа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 1968 жылы 1 қаңтарда Қазақ КСР Ғылым академиясының жанынан Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы болып құрылғаны белгілі. 1993 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы болып өзгерді. Алғашында 12 томдық шығып болғанша 10 жылдай академик Мұхамеджан Қаратаев (1968 – 79) басқарған ұжымға одан кейінгі кезеңдерде академиктер Манаш Қозыбаев (1980 – 86), Рымғали Нұрғали (1986  – 97), Әбдімәлік Нысанбаевтар (1997 – 2003) және профессорлар Бүркітбай Аяған (2003 – 09) мен Бауыржан Жақыптар (2009 – 2015) басшылық етті. Қазіргі кезде баспаны философия докторы (PgD) Жадыра Нұрбайқызы Тойбаева басқарады.

Баспалар жүйесінде энциклопедиялық әдебиеттердің жанры, әдеби, ғылыми критерийі мен стилі, техникалық жүйесі (әліпби, қысқартулар, т.б.) қалыптасты. 50 жылда бірнеше жүздеген энциклопедиялық жинақтар жарық көріп, оқырман энциклопедиялық ақпаратпен барынша толық қамтамасыз етілді. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген көп томдық Ұлттық энциклопедиядан бастап, тұлғалық және салалық энциклопедиялар халқымыздың ұлттық танымы мен рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосты.

Конференция барысында баспаға еңбегі сіңген елеулі азаматтарға әр түрлі марапаттартапсырылды.Марапаттардың арасында ҚР Мәдениет қайраткері атағынан бастап, әртүрлі медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар бар. МарапаттардыҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Баспагерлері, полиграфистері және кітап таратушылар қауымдастығы және «Қазақ энциклопедиясы» баспасы тапсырды.

“The Qazaq Times”