Алматы қаласының 2018 жылғы бюджеті 431,2 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Келер жылы «нөмірі бірінші бағыт» ретінде көгалдандыруға, жасылдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше мән беріледі, яғни қаланы дамытуға бюджеттің үштен бірі жұмсалады.

Алматыда 2018 жылы 500 ауланы жөндеу қарастырылған. Осылайша, абаттандырылған аулалар саны 33%-ға жетеді. Айта кетерлігі, Алматыда соңғы екі жыл ішінде 732 аула алаңдары жөнделді, қайта жасалды, яғни әрбір бесінші аула.

Қоғамдық көлік пен көлік инфрақұырылымын дамыту да жалғасады. Бұл екі бағытқа басымдық беріледі, барлық шығынның бестен бір бөлігі жұмсалады. Биылғы жылы қаланың автобус паркі 30%-ға жаңарды, 180 км-дан астам жол жөнделді.

Келер жылы жоғары сапалы қызмет көрсететін жаңа автобустарға субсидия бөлінеді. 600 мыңнан астам қалалықтарды жеңілдетілген кесте бойынша тасымалдау жалғасады. Метроның «Достық»,«Сарыарқа» бекеттерінің құрылысы одан әрі жалғасады, олар іске қосылғанда жолаушы легі 1,5 есеге артып, жылына 18 млн жолаушы тасымалданады.

2018 жылы әлеуметтік салаға барлық шығындардың тең жартысы жұмсалады. Әлеуметтік қорғауға 8,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 20 мыңнан астам адамға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы беріледі, 9 мекеме мен мүгедектерге қаржылай көмек көрсетіледі.

“The Qazaq Times”