Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеев келгелі бері ресми Ташкенттің сыртқы саясаттағы көзқарасы өзгергені белгілі. Оны осы уақытқа дейін шетелдік БАҚ өкілдерінен бастап, қазақстандық журналистерге дейін сан мәрте жазып, сызып, айтып тастады. Бірақ бүгін біз ол жайында емес Шавкат Мирзиеевтың араға 20 жыл салып Түркияға жасаған ресми іс-сапары жайында сөз қозғайтын боламыз.

Қазан айының 25-сі күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 20 жылдық үзілістен кейін Түркия астанасы Анкараға ат басын бұрды. Оны Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жеке қабылдап, екі ел басшылары жалпы құны 3,5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам құжатқа қол қойды. Кездесу барысында Режеп Тайып Ердоған: «Біз барлық салада Өзбекстанның мықты мемлекет болғанын қалаймыз» - деп мәлімдеді. Ал өз кезегінде Шавкат Мирзиеев 20 жылдық үзілістен кейін Анкараға сағынып жеткенін айтты. Бұның барлығы әрине бауырлас екі елдің басшылары кездескенде айтыла беретін сөздер екені белгілі. Бұндай сөздерді соңғы кездері Қазақстан билігін «жерден алып, жерге салып» сынап жүрген Алмазбек Атамбаев та Назарбаевпен кездесуінде айтқан, кезінде. Мәселе бұнда емес. Мәселе 20 жылдан бері тұралап қалған өзбек-түрік қарым-қатынасының қайта жандана бастауында. Естеріңізде болса осыдан 20 жыл бұрын ресми Анкара билігі Ислам Кәрімовке «Өзбекстанға инвестиция тартуға, елді латын әліпбиіне көшіруге, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге көмектесеміз» деп уәде берген болатын. Бірақ бұның барлығы әрине тегін емес екені белгілі. Ол үшін Өзбекстан билігі кеше ғана бөлініп шыққан Ресейден іргесін аулақ салып, НАТО мен батыс елдерін қолдауы тиіс болған. Алайда Ислам Кәрімов Түркия билігі қойған талаптардың ешқайсысын орындамай Ресейден де, НАТО-дан да сырт айналып, жабық есік саясатын ұстанған еді. Осыдан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас тұп-тура 20 жылға тоқтаған. Ал оның қайта жандануына кімнің себепкер болғаны бізге белгісіз. Бір белгілісі билік басына Шавкат Мирзиеев келгелі Өзбекстанда көптеген дүниелер өзгеруде.

Жалпы Шавкат Мирзиеевтың араға 20 жыл салып Анкараға жасаған іс-сапарына шетелдік және түркиялық сарапшылар оң баға беруде. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені Түркия билігі үшін Өзбекстан президентінің келуі Орталық Азияда өз ықпалын күшейту үшін үлкен мүмкіндіктер тудырып отыр. Мысалы ресми Анкара Шавкат Мирзиеев арқылы НАТО-ға, АҚШ-қа өз сөзін жүргізе алады. Себебі Өзбекстан Ауғанстанға апаратын алтын көпір. Ал соңғы уақыттары АҚШ, НАТО және Ресей арасында Ауғанстан үшін жүріп жатқан күресті ескерсеңіз, онда Режеп Тайып Ердоғанның Шавкат Мирзиеевпен кездесуі Анкара үшін өте тиімді екендігіне көз жеткізесіз. Ал енді «бұл кездесу Өзбекстан үшін не береді?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл жерде Ташкенттің қай жағынан алып қарасаңыз да ұтылмайтынын байқайсыз. Өзбекстан сарапшыларының сөзінше, Ташкенттің Анкарамен арадағы қарым-қатынасын жақсартуы елге сырттан келетін инвестиция көлемін арттыруға септігін тигізеді, Түркия қару-жарағын тегін болмаса да арзан бағамен алуға мүмкіндік туғызады және ең маңыздысы әлем алпауыттарына жұтылып кетпеуге көмектеседі.

Енді «Үш күнге созылған Шавкат Мирзиеев пен Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі Қазақстан үшін не береді?» дегенге келсек. Осыған дейін ресейлік және батыс елдерінің сарапшылары Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азиядағы көшбасшылық үшін бір-біріне бақталас елдер деп есептеп келген болатын. Бірақ билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуі бұл пікірді жоққа шығарды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев әлем жұртшылығына бауырлас ел екендіктерін осы қысқа уақыт аралығында дәлелдеп үлгерді. Мирзиеевтың президент болып сайлануынан кейін ұзақ жылдардан бері тұралап қалған Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттердің интеграциясы қайта жандана бастады. Оған соңғы уақыттар қазақ-өзбек, өзбек-қырғыз қарым-қатынасындағы жағдайларды мысалға ала берсеңіз болады. Ал оған Шавкат Мирзиеев пен Режеп Тайып Ердоғанның кездесуін қоссаңыз онда соңғы кездері түркі тілдес мемлекеттердің тіптен жақындаса түскенін байқайсыз. Ал жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми іс-сапармен баратынан ескерсеңіз, онда бұл арадан түркі тілдес елдердің интеграциясы жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын көресіз. Жалпы соңғы уақыттары әлемде болып жатқан геосаяси тартыстар пен алпауыттар ойынына қарап түркі тілдес елдерің басшылары еріксіз болса да бір-бірімен жақын қарым-қатынас орнатып жатқанын батыс елдерінің сарапшылары бізге дейін де сан мәрте айтқан болатын. Ал біздің олардың айтқандарына алып-қосарымыз жоқ.

“The Qazaq Times”