20 қарашада АҚШ делегациясы Тайуанға (Тайвань) экономикалық даму бойынша серіктестік диалогын орнату үшін бармақ. Делегацияны мемлекеттік хатшының орынбасары Кларк бастап бармақ. 1979 жылдан бері АҚШ мемлекеттік департаменті бұндай жоғары лауазымды тұлғасын Тайуанға жіберген емес.

«Бұл диалог біздің демократиялы әрі сенімді серіктесіміз саналатын Тайуанмен болған ынтымақтастығымыздың деңгейін көрсетеді», – деді АҚШ мем.хатшысы Помпео департаменттің баспасөз жиынында.

Тайуанның Құрама Штаттардағы өкілі Шяо Мейчин Помпеоның мәлімдемесін жылы қабылдағанын жеткізді және Тайуан тарабының АҚШ делегациясын қабылдауға дайын екенін білдірді. Оның мәліметінше АҚШ делегациясын Тайуан экономика министрінің орынбасары Чың Жыңчи күтіп алады.

Бұндай экономикалық даму бойынша серіктестік диалогы АҚШ-тың Тайуанның дербестігін толық мойындауға жақындататын қадам. Дегенмен, Тайуан ақпарат құралдары АҚШ бұл серіктестік диалогты жалғастыра ала ма деген мәселе төңірегінде талқыланып жатыр. Тайуанда АҚШ-тың Тайбэймен қарым-қатынасты күшейтуі қазіргі АҚШ-Қытай қайшылығына байланысты уақытша шаралар, Бейжіңмен ірі экономикалық келісімдерге қол жеткізіп жатса бұл қадамдар кейінге ығыстырылады деп санайтындар да бар.

Пандемияға байланысты дилог жартылай онлайн режимде өтуі мүмкін деген мәліметтер де бар. Алайда, Тайуанмен диалогты Помпеоның экономикалық өсу, энергетика және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауап беретін орынбасары Кларктың жүргізетіні белгілі саяси символдық мәнге ие.

“The Qazaq Times”