Швейцариялық Credit Suisse ірі конгломераты Global Wealth Report 2017 атты әлем елдерінің  байлығы туралы есепті жариялады.

Есеп бойынша Қазақстанда ересек адамдардың жан басына шаққандағы әл-ауқат көрсеткіші 5 мың доллардан кем болған. Осылайша, мемлекет кедей елдердің тізіміне енді.

Есепте көрсетілгендей бұл тізімге Қазақстаннан бөлек бұрын КСРО  құрамында болған Молдова, Украина, Беларусь, Қырғызстан елдері кірген. Бангладеш, Непал, Камбоджа, Мысыр және Шри-Ланка да осы тізімде. Сондай-ақ, Ангола, Экваторлық Гвинея және Габонды қоспағанда барлық Орталық Африка елі кедей елдер қатарында.

Ал ересек адамдардың әлеуеті 5000-25000 доллардан асатын елдер тізімінде мына мемлекеттер бар: Үндістан, Ресей, Бразилия, Индонезия, Филиппины, Түркия, Аргентина, Боливия, Колумбия, Эквадор, Эль-Сальвадор, Мексика, Панама, Парагвай, Алжир, Иордания, Ливан, Марокко және Тунис, Албания, Армения, Әзербайжан, Босния, Грузия, Македония, Монғолия.

Әлеуеті 25-100 мың доллардан асатын елдер мыналар: Қытай, Сауд Арабиясы, Малайзия, Ливия, Перу және Чили.

Үлкендердің әлеуеті 100 мың доллардан асатын елдер: АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Бельгия, Нидерланды, Италия, Испания, Ирландия, Швеция, Норвегия, Финляндия, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея.

Жалпы тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсарған емес. Шикізатқа бай ел бола тұра халықтың тұрмысы орта деңгейде. Шетелдік сарапшылар мұны "мұнайға сенгендіктен басқа пайдалы стратигиялық жоспардың болмауымен" түсіндіреді.

“The Qazaq Times”