Әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткен бір топ астана әкімдігінде бір апта бойы түнеп келеді. Көп балалы, мүгедек баласы бар, жалғызбасты аналар жеті күннен бері елорда әкімі Көлгінов пен жаңадан сайланған Мәжілістің VII шақырылым депутаттары алдына шықпаған соң Қазақстанның алдыңғы және қазіргі президенттері Назарбаев және Тоқаевқа үндеу жасады. Әкімдікті уақытша тұрақ еткендер негізгі үш талабы барын айтады. Олар:  «Ана мен бала капиталы» ретінде отбасына табысына қарамай әр балаға 42,5 мың теңге тағайындау, Конституция бойынша (25-бап) әлеуметтік осал топ отбасыларын баспана-тұрғын үймен қамту және «халық ызасын тудырған дәстүрлі-ұлттық мәдениетке қайшы» бала құқығы туралы заң жобасын («Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы – QT) қаралымнан алып тастау. Бүгінгі таңға дейін Үкімет не Парламенттен лауазымды шенеуніктердің бірде-бірі аналардың алдына шықпаған. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында әкім кеңесшілері мен атқарушы мамандар мәмілеге келуге тырысқан. Алайда  «құрғақ уәде қажытқанын» айтып, жазбаша өтініш жазудан «еш қайыр жоғын» алға тартқан аналар мәселеге Ақорда-Кітапхананың, заң шығарушы орган мен үкімет құрамының назарын аудартуды көздейді.

Наразы әйелдердің айтуынша, әкімдік қызметкерлері оларға ғимаратта дезинфекция жүретінін айтып, үйіне қайту керегін ескерткен. Сондай-ақ, акция қатысушылары ұялы телефондарын тыңдауға және туыстарына ескерту мәніндегі қоңырауың жиілегеніне қарсы.

Астана әкімдігіндегі наразы аналардың Назарбаев пен Тоқаевқа жазған ашық хаты. Фото: Facebook

Осы жұмада оппозициялық ұйымдардың 28 ақпанға жоспарланған митингілері қарсаңында бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев әдетінше шараны заңсыз деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды. Ол  мәлімдемесінде «әлеуметтік желіде жекелеген адамдар елдің әр аймағында заңсыз митингіге шақырып жатыр» деді.

Дембаев 2020 жылы 25 мамырда Қазақстанда «Бейбіт митинг туралы» жаңа заң қабылданғанын, бұл заңға сай ұйымдастырушылар жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс екенін айтады. Дегенмен билік Қазақстанның әр аймағындағы белсенділердің жексенбіде митинг өткізу мақсатымен әкімдіктерге берген өтінішіне Орал қаласынан өзге өңірлер «рұқсат етпеген».

Бас прокурордың орынбасары Дембаев 28 ақпанда өтуі ықтимал митингіге қатысатындар заңға сай жауапқа тартылатынын айтып, ескерту жасады. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігі митинг орны ретінде жарияланған  жерлердегі аялдамаларда 28 ақпанда жөндеу жұмыстары болатынын, сол маңдарда қоғамдық көліктер жүрмейтінін хабарлады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін бес жылға сотталып, биыл ақпанда қамаудан шыққан белсенді Макс Боқаев 28 ақпанда митингіге шығатынын мәлімдеген. Осыдан соң қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер, сот қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов (сағ. 13.00-ге) пен «Демпартия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай (сағ. 12.00-ге) жұртты митингіге шақырған. Екі топ та биліктен саяси тұтқындарды босатуды, баспана мәселесін шешуді, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарындағы талаптарды орындауды талап етуге үндейді.

“The Qazaq Times”