Түркия қарулы күштері Сүрияның солтүстік-шығысында күрд қарулы күштеріне бағытталған шабуылды ақыры бастады. Қайталай ескерте кетейік, күрд қарулы күштері (YPG) Анкара жағынан террорлық ұйым деп саналғанымен, АҚШ бастаған Батыс елдері өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық ұйымға қарсы күрестегі одақтасы қатарында көреді.

Сүриядағы күрдтердің ақпарат құралдары Түркия әуе күштері шекара маңындағы шағын қалашықтарға әуе шабуылын жасағанын хабарлады. Күрдтер қоныстанған бірнеше қалалар әуе шабуылына ұшырады деген де хабарлар тараған. Күрдтер басқаруындағы Сүрия Демократиялық армиясы жасаған мәлімдемеде Түркия әуе күштері бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады деп те айыптады.

Ал, кеше Түркия президенті «Бейбітшілік көктемі» деп аталатын шараның басталғанын, бұл Түркияға төнетін терроризм қаупін жою мақсатында жасалып жатқанын мәлімдеді.

Күтпеген жерден, АҚШ өз әскерлерін Түркия әскери операция бастаған аймақтан шығаруды бірнеше күнненн кейін аяқтайтынын мәлімдеді. Алайда, бұған қарамастан Анкара әскерлеріне шабуылды бастауға бұйырық берген.

“The Qazaq Times”