Алматыда «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан дәстүрлі «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирі басталды. Биылғы кубок белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Турнирдің ашылу салтанатына Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы мәдениет орталығының жетекшісі Сұлтанәлі Балғабаев сөз алып, жарыстың ашылуымен құттықтады.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы мәдениет орталығының жетекшісі Сұлтанәлі Балғабаев. Фото: QT

"Ең алдымен бүгінгі қазақ халқы үшін үлкен оқиға болып саналатын бүгінгі үлкен жарыстың басталуымен құттықтаймын. Мен мұнда Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың тапсырмасымен келіп, сол кісінің сәлемін жеткізіп отырмын. Осы шараны ұйымдастырып отырған "Ер Жәнібек" қорына алғыс айтамын. Мұндай шараны ұйымдастыру да оңай емес. Қауымдастық Алматыдан Астанаға көшуіне байланысты бұған толық қатыса алмай қалды. Ал ендігі жылы мұндай жарыстар жоғары деңгейде өтеді. Қауымдастық бұған белсене араласатынына сенім білдіремін", - деді Сұлтанәлі Балғабаев.

Қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсынбаев та турнирдің ашылуымен құттықтады.

Қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсынбаев. Фото: QT

"Біз мемлекет ретінде, халық ретінде есімізді жинап, бір бірімізді іздеп тауып, танысып, өз ұлтымыздың дәстүрін қосып жатырмыз. Қор бірнеше күннен бері қолдарынан келген еңбектерін жасап, белсенді кірісіп, бүгін сіздердің бастарыңызды қосып, осындай сайыс өткізіп жатыр. Мұндай сайыстар жиі болып тұрсын. Басымыз қосыла берсін", - деп тілек білдірді Балташ Тұрсынбаев.

Сондай-ақ, академик, "Ер Жәнібек" халықаралық қорының құрметті төрағасы Мақсұт Темірбай сөз сөйледі.

Ер Жәнібек" халықаралық қорының құрметті төрағасы Мақсұт Темірбай. Фото: QT

"Бүгінгі көпшілікке арасындағы турнир Тұрсынбек ағамызға арналып отыр. Тұрсынбек аға өмір бойы өзінің білімін қазақ еліне арнап, көп үлесін қосты. Ағамыз ғылыми жағынан болсын, адамгершілік жағынан болсын бізге үлгі болып келеді. Ол кісі сондай үлкен істерді жасап, осындай істердің сара жолын көрсете білді", - деді Мақсұт Темірбай.

ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы да турнирдің ашылу салтанатында командаларға жеңіс тіледі.

ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы. Фото: QT

"Бүгінгі турнир қазақтың ұлы қайраткері, ғұлама ғалымы, ұлағатты ұстазы, осы Қазақ Ұлттық университетіне 50 жыл саналы ғұмырын арнаған, атақты қазақ, адал қазақ Тұрсынбек Кәкішұлына арналып отыр.  90 жылдығы. Тұрсекеңнің арманы еді "Мен 90-нан асамын" дейтін. Әттең, 90-ға сәл ғана жетпей қалды. Бірақ бүгінгі ұрпағы 90 жылдығын 90 ғасырға асыратындай осындай шараларды ұйымдастырып жатыр. Ал бүгінгі осы турнирге келген қазақ жігіттері, шетелден келген азаматтарға, барлығыңызға жеңіс тілеймін", - деді Өмірхан Әбдиманұлы.

Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия келген қонақтарға алғысын білдіріп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия. Фото: QT

"Биыл ІІІ кезекті өткізіліп отырған «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турниріне келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Дүниенің түпкір-түпкірінен келіп, жиналып, осындай додаға қатысып отырған барлық командаға жеңіс тілеймін", - деді Жеңіс Түркия.

Сондай-ақ, жарысқа келген қандастарымыз осындай іс-шаралардың  ұйымдастырылғанына алғыс білдірді.

"Parij Kazakh sport" футбол командасының жетекшісі Тәбәрік Доолу. Фото: QT

"Франциядан атамекенімізге барамыз деген қазақ жігіттері көп.  Біздің мақсатымыз - әлемдегі қазақ жастарына өз мәдениетін, тарихын, дәстүрін таныту. Қазақ елінің рухани жаңғыруына үлес қосқан және "шетелдегі қандастарымыз" деп бізге көз қырын салып жүрген осындай қоғамдық қорларға, елімізге алғыс білдіреміз", - деді Франциядан келген "Parij Kazakh sport" футбол командасының жетекшісі Тәбәрік Доолу.

«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының «ER JANIBEK CUP» турнирі  - биыл ІІІ рет өтіп отыр. Қазақстанның түпкір-түпкірінен және Иран, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия елінен келген 20 команда бақ сынап жатқан  жарыстың жүлде қоры - 2 миллион теңгені құрайды.

Франциядан келген "Parij Kazakh sport" футбол командасы. Фото: QT

Турнирге қатысуға келген командалар мыналар: ""Қазақ Стамбұл" (Түркия), Әмір" (Ресей, Саратов қаласы), "Үштас" (Қытай, Бейжің) "Parij Kazakh sport" (Франция, Париж), "Намыс" (Ресей, Омбы қаласы), "Байөлке" (Моңғолия), "Алаш" (Қырғызстан), "Дастан" (Иран), "NFC Kazakhstan Павлодар" (Қазақстан, Павлодар), "Таймас" (Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысы), "Намыс" (Қазақстан, Түркістан қаласы), "Жерұйық" (Қазақстан, Талдықорған қаласы) және Алматы қаласынан келген "Бірлік-Керуен", "Сауыр", "Ерентау", "Үшқоңыр", "Бесқала", "Барыс", "Алатау", "Ғафур" командалары.

“The Qazaq Times”