Арменияда орыс тіліне шет тілі статусы берілді - деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Бұл жайында Армения білім және ғылым министрі Левон Мкртчян: «Біздің елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар ол – армиян тілі. Біз тәуелсіз ел болғандықтан бұған ешкім қарсы келмейді, бұл заңдылық. Қалған тілдердің барлығы шет тілдері. Орыс тілін Армения халқы Кеңестер одағынан бері армиян тілімен қатар алып келеді. Бірақ оған осы уақытқа дейін ресми статус берілген жоқ. Ал ағылшын, француз, неміс тілдерінің барлығы шет тілдерінің қатарына кіреді. Осыдан бастап біз орыс тілін Арменияда шет тілдерінің қатарына енгізетін боламыз» - деген.

Қазіргі таңда Арменияда 12 мың орыс тұрады. Бұл көрсеткіш 2002 жылы 15 мың болған. Ал 1989 жылдары Армения аумағында 52 мың орыс өмір сүрген. Ел халқының 97 пайызы армиян тілінде сөйлейді. Бірақ Ереван сынды қалалардың тұрғындары армиян тілімен қатар орыс тілін де пайдаланады. Армения аумағында 50-ге жуық орыс мектептері бар.Ол мектептерде ұлты орыс немесе Ресеймен қандай да бір қатысы бар азаматтардың балалары ғана білім алады. Аталмыш білім ордалары Ресей Федерациясының оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

“The Qazaq Times”