2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,43 трлн теңге болды. Жыл басынан бергі өсім 741 млрд теңгені (11%) құрады, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. 

"2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,1 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,63 млн бірлік болды", - делінген баспасөз хабарламасында.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 432 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шамамен 40 мың бірлікті құрады.

2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 398,57 млрд теңге болды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі  жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табысы жыл басынан бері 5,78 пайызды құрады. Бұл инфляция деңгейінен 1,9 пайызға жоғары (инфляция 3,9% болды).

2017 жылдың басынан бері, яғни 1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 148,57 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар - 17,58 млрд теңге болды.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде зейнетақы қорынан 118,54 млрд теңге төленген, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар - 12,51 млрд теңгені құраған.

“The Qazaq Times”