АҚШ президенті Дональд Трамптың БҰҰ мәжілісінде Солтүстік Корея туралы айыптау сөзіне Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) бүгін таңертең өз жауабын қайтарды. Ол сөзінде осыған дейін болып көрмеген қатаң шаралар қолдануды қарастырып жатқанын айтты. Естеріңізде болса, Трамптың БҰҰ мәжілісінде «АҚШ өзін және одақтастарын қорғауға тура келсе, Солтүстік Кореяны толығымен жойып жібереді» деген болатын. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.

Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун сол елдің Орталық Ақпарат Агенттігі арқылы мәлімдемесін таратты. Ол сөзінде: «Трамптың бұл айтқандары отпен ойнағанмен бірдей. Ол президент болуға жарамайды. БҰҰ мәжілісіндегі сөзі ақылсыз көшбасшының жасаған ақымақтығы», – деп бағалады. Сондай-ақ, ол АҚШ президенті сөйлеген сөзінде мұншалық шектен шыққаны оның қандай да бір қарымта шабуыл күтіп тұрғанын білдіретінін атап өтті. «Трамп бастапқыда қандай жауап күткенін білмеймін, бірақ оған ойламаған жауап қайтарылады», – деді КХДР басшысы.

Ким Жоң Ун нақты қандай қадамдар жасалатыны туралы ашып айытпады. Алайда, ол АҚШ-ты ақылынан алжастыратындай жауап беретінін жеткізді. Оның бұл сөздері алда Корей түбегінде жалғасты зымыран және ядролық сынақтардың болатынын білдіреді.

Трамп өзінің БҰҰ Бас Ассамблеясындағы алғашқы сөйлеген сөзінде, Солтүстік Корея басшысын «зымыран адам» деп атаған еді. Оған қоса «олар өздерін өлімге итеріп отыр», «нағыз сұмырай режим» деген секілді лақаптар мен айыптауларды айтқан еді.

Ким Жоң Ун сөз соңында Құрама Штаттарының президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының мәжілісінде тұрып, егеменді мемлекетті толығымен жойып жіберетінін айтқан болса, бұл тәртіпсіздіктің байқаған қалыпты ойлау қабілеті бар адамдарға да сақтық пен тыныштықты ескеру керек екенін айтты. Оның айтқысы келгені «өзге елдер де Трамп сынды АҚШ президентінен сақтану керек» деген сөз болса керек.

“The Qazaq Times”