2017 жылғы 1 тамызда Қазақстанның халық саны 18 млн 054,0 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 10 млн 351,7 мың (57,3%), ауылдықтар – 7 млн 702,3 мың адамды (42,7%) . 2016 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда халық саны 235,4 мың адамға немесе 1,32% өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтардың хал актілерін тіркеу органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-шілдеде туғандар саны 222,8 мың адамды құрады, бұл 2016 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 6,5% аз.

2017 жылғы қаңтар-шілдеде республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 15,3 мың адамға немесе 9,5% кеміп, 145,5 мың адам болды. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті - 1000 адамға шаққанда 13,89 адам.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 77,3 мың адамды құрады, бұл 2016 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 0,4% аз.

2017 жылғы қаңтар-шілдеде республикада 1 жасқа дейінгі 1876 нәресте өлімі тіркелді. 2016 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 15,2% азайды.

Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, бұдан 2017 жылғы қаңтар-шілдеде 949 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 50,6% құрады. Туа біткен ауытқулардан 435 немесе 23,2%, тыныс органдары ауруларынан – 117 немесе 6,2% және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан – 100 немесе 5,3% нәресте қайтыс болды.  2017 жылғы қаңтар-шілдеде нәресте өлім-жітімінің коэффициеті 1000 туғандарға шаққанда 8,42 құрады.

 

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-шілдеде елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 39,1% көбейіп, 9 711 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 2,3% көбейіп,
19 407 адамды құрады, көші-қонның айырымы -9 696 адам болды.

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда.

  • ТМД елдерінен келгендердің үлесі 70,8%;
  • ТМД елдерге кеткендердің үлесі 89,6% құрады.

Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 34,4% кұрады. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:

  • Астана қаласы – 24 084 адам;
  • Алматы қаласы – 14 944 адам;
  • Ақмола облысы – 1 836  адам;
  • Атырау облысы – 151 адам қалыптасты.

“The Qazaq Times”