«The New York Times» таңғы газетінің хабарлауына қарағанда, Трамп үкіметінің КХДР тарабына қарама-қайшы ақпарат таратуы жұртты таң қалдырған. Трамптың Стратегиялық кеңесшісі Стивен Бэннонның айтуына қарағанда, Солтүстік Кореямен арадағы ядролық оқшаулау мәселесінде ешқашан әскери шешім қабылданбаған.

Бұл мәлімдеме жақында ғана АҚШ-тың ең жоғары әскери лауазымдысының Корей түбегіне сапары кезінде "АҚШ армиясы Корей түбегі мәселесінде басты рөл ойнайды" деп айтқандарын әсірешілдікке айналдырып тастады.

Ал, Оңтүстік Корея президентінің кешегі хабарында, АҚШ-тың Корей түбегіндегі және ел ішіндегі бір жақты әскери шешімдерін және КХДР-ға әскери шабуыл жасауын болдырмауға тырысамыз деген еді.

Қазіргі кезде Оңтүстік Корея АҚШ пен Корей түбегі арасындағы негізгі дәнекер деуге болады. Корей билігі АҚШ-тың Солтүстік Кореяға жасайтын шешімдеріне ең көп ықпал ететіні айдан анық. Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа-ин (Moon Jae-in) болса, «корей халқы алаңсыз болсын, біз соғысты болдырмаймыз» деп кесімді сөзін айтқан.

АҚШ пен Солтүстік Корейдің ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шықса да», КХДР ауыр сөздермен өрекпісе де, Оңтүстік Корея халқы президенттерінің сөзіне бағып, тып-тыныш отыр.

Ал, Ақ үйдегілер мен Пентагондағы әскери шенділердің сөзі бір-бірін таппай жүр. Әскерилер армиясын сөз етіп, айбарланса, Ақ үй лауазымдылары жайдың бұлтындай аунап сөйлеуде. Бұл "Уашингтонның жаңа қулығы ма, әлде Трамп билігі арасында түсінбеушілік пе?" деген сұрақ америкалықтарды да ойландырып отыр.

“The Qazaq Times”