Бейсенбі, 26 қараша астанадағы ОКҚ брифингінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны анықталған 50 шақты адамның дерегі уақтылы тіркелмегенін мәлімдеді.

Бірақ әкім бұл есептің өзгеруі мүмкін екенін айтады. Десе де нақты қай уақытқа тиесілі екені анық емес. Бірді айтып, бірге кеткен Мұхамбетов қойылған сұраққа нақтылап жауап бермеді.

Аймақ әкімі бір адамның сынамасы бойынша зертханалар мен медицина мекемелері екі түрлі қорытынды көрсеткенін хабарлады. Сонымен қоса, жауаптылар ПТР тестінің нәтижесіне сәйкес әзірленген мәліметті кештетіп өткізген.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінге дейін 5 мыңға тарта адамнан коронавирус анықталған. Мұның бестен бірі, яғни 1334-і қараша айына тиесілі. Сол себепті де 9 қарашадан бері өңір вирус жұқтыру қатері жоғары «қызыл аймақ» санатына енгізілген. 19 қазаннан бастап санитарлық блок-бекеттер орнатылып, артынан карантин күшейген өңірде ахуал әлі де жақсара қойған жоқ.

«Биылғы жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен (компьютерлік томограф, цифрлық рентген) жабдықталған 200 төсектік инфекциялық орталық салынып, жұмысын бастады, барлық төсектерге оттегі консольдері жеткізілді. …Денсаулық сақтау саласын дамытуға 1,5 есе өсіммен 78,1 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 19 стационарда 967 төсек-орын бар. Қажет болса мұны 3 мыңға дейін арттыра аламыз. Сондай-ақ, 939 оттегі көзі, 642 оттегі концентраторы бар», – деді сандарды судыратқан Мұхамбетов.

Дәріханаларды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мақсатында 538 млн теңге жұмсалғанын, 10 жылжымалы медициналық кешен сатып алынғанын сөз етті. Өңірде екі айға жетерліктей дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдары барына сендіруге тырысты.

16 қараша күні президент Тоқаев «Бірқатар облыстарда  коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің айтуынша, статистиканы бұрмалау фактісінің ШҚО, СҚО, Павлодар,  Ақмола,  Қостанай облыстарында тіркелген, тіпті «аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек».

Комитет төрағасы Айжан Есмағамбетованың редакцияға берген пікіріне қарағанда, кадр тапшылығынан жүктеме ауырлап, дерек дер кезінде өңделіп-жолданбаған.

Ауруханаларда науқастар артқан тұста вирус анықталғандардың мәліметін ұсыну процесі кешіктірілген. Сол себепті ресми статистикаға уақтылы тіркелмеген жағдайлардың көбейген көрінеді. Бұл «маманның жетіспеушілігінің салдарынан, дәрігерлер бірінші орында емдеумен айналысқандықтан, құжаттамамен жұмыс біраз бөгелген» деп түсіндіреді.

Дәл осыған ұқсас жағдай Павлодар облысында да болған. Бүгін астанада журналистердің сұрағына жауап беріп, кейіннен президент Тоқаевтың қабылдауына кірген Әбілқайыр Сқақов та өңірде  вирус жұққаны қазан айындарасталған 59 науқастың мәліметі жалпы есепке енбей қалғанын хабарлаған.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрілігі күзгі-қысқы толқынға «тас-түйін», тіпті 100% пайыз дайын екенін бір емес, бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ бүгінгі таңда тест қорытындысы дауға айналып, оны дерекқорға тіркеу механизмінде ақау туғаны белгілі болып отыр.

"The Qazaq Times"