Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 18 қазан күні 102 адамнан коронавирус, 51 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Кейінгі кезде коронавирустан ауырған балалар мен стационарда емделіп жатқандардың қатары көбейген. Амбулаториялық бақылаудағы науқастар айтарлықтай кеміген. Сонымен қоса, коронавирус пневмониясы туралы ресми хабарламада «өткен күнгі» емес, екі күн бұрынғы дерек беріледі. Бір министрліктің екі ауру ақпаратын екі күндік айырмашылықпен жинақтауы күмән тудырады. 

#Коронавирус  Апта басы дүйсенбіде, қазанның 19-ы коронвирус жұқтырған 115 адам айығып шықса, 3 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – ШҚО (18), Қарағанда (16) облыстарында, астана (13) және Алматы қаласында (12), Павлодар (11), Атырау (10) облыстарынан. Ал Маңғыстау және Түркістан облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 2679 адамның 2199-ы ауруханада. Ал қалған 480 науқас амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 125 бала бар.

Ахуалы нашар 83 науқастың арасында 12 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 8 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр. Кейінгі кезде амбулаторлық бақылауда болатын пациенттердің саны кеміп, керісінше сатционарда емделушілер қатары артқан.

Республика бойынша барлығы 109 623 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 105 145 адам. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Өткен аптаның сәрсенбісінен бері Қазақстанда коронавирус көбейген еді.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, демалыс күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 15 адам, 5 өлім жағдайы тіркелген. Тағы 16 адам айығып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Пневмонияға шалдыққан 36  мыңдай адамның 28 мыңнан сәл астамы жазылып шыққан. Кейбір дереккөздерге, анығырақ айтқанда ДенМин өкілінің айтуына қарағанда, дүйсенбі және сейсенбі күндері демалыс күнгі, яғни сенбі мен жексенбідегі мәлімет беріледі. Коронавирус жағдайын өткен тәуліктің ертеңіне жүйелеп жариялау жолға қойылғанымен, коронавирус пневмониясы туралы мәлімет екі күнге кешігіп жинақталады. Дүйсенбі дерегі сәрсенбіде бір-ақ беріледі. Сондықтан «өткен күні» деп жазылатын ресми ақпарат күмәнді. Екі күн кешіксе де ведомствоның баспасөз қызметі «өткен күнгі» дерек деп жариялайды. Апта сайын екі күнгі көрсеткіш төмендеп сала береді. Министрлік мұны медицина ұйымдары мен ведомствода демалыс күні екендігімен түсіндіреді. Десе де коронавирус жөніндегі ақпаратты жинақтау-өңдеу ісі үздіксіз жүргізіледі.  ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. АЛ коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ берілетін болды. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеп отырады, ведомство сайтында ашық әрі түсінікті тілде талдап жарияламайды.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Соңғы кездері Ресми дерекке сәйкес, қазан айының алғашқы жартысында  коронавирус жұқтырған 1223 адам анықталып, 49 адам қайтыс болған. Дәл осы уақытта коронавирус пневмониясына 2581 адамның шалдығып, 21 адам қайтқан. Пневмониядан ауырғандардың саны коронавирусқа қарғанда екі есе көп болғанымен, – қайтыс болғандар ПТР арқылы расталған ковидтен 2,3 есе аз.

Өткен тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 34 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек) ЖРВИ ауруларымен 418 мыңнан, пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.

7 қазан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус эпидемиясы туралы болжалды сценарийдің үш нұсқасын таныстырған. Оның  айтуынша, болжамға апта сайын түзетулер енгізіліп отырады. Алексей Цой ұсынған пессимистік сценарий бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Мұндай жағдайда «желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі ықтимал».

Тағы бір нұсқа реалистік сценариге сәйкес, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Бұл жағдайда «қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін».

Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.

Пандемия кезіндегі модератор ведомствоның басшысы карантиннің басты индикаторы ретінде елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң локдаун жариялау керектігін мәлімдеді.

Пневмонияның коронавирустық түрінен басқа ауруларымен ауырғандар саны 337 мыңнан асты. Таратып айтсақ, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 109 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 36 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 145 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2762-сі (КВИ+ / U07.1 – 1799, КВИ- / U07.2 – 387, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"