Жүздеген құрбандар мен мыңдаған ауру жағдайы (биылғы «маусым-шілде қырғыны» – QT) есепке енбей қалған Қазақстанда 20 қыркүйекте  45 адамнан коронавирус инфекциясы және 62 қазақстандықтан ковид пневмониясы анықталды. Қазақстан науқастар саны бойынша 27-орында тұр.  

Өткен жексенбі күні коронавирус ауруы ең көп тіркелген жерлер – ШҚО (18), астана (6). Ал Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында бірде-бір кейс анықталмаған.

Ресми дерекке қарағанда, қазіргі таңда 3667 адам коронавирустан емделіп жатыр (ауруханада – 1873, амбулаторлық жағдайда – 1794), оның 36-сы – жасөспірім-бала. Жағдайы ауыр 97 адамның арасындағы 13 науқастың ахуалы аса қиын екен. Сондай-ақ, 17 пациент жасанды тыныс алу аппаратымен тыныстап жатыр.

Әр жексенбі және дүйсенбі күнгі деректерге жіті назар аударсақ, көрсеткіш күрт төмендейді, әсіресе коронавирус пневмониясының есебі. Министрлік мұның себебін демалыс күндері мемлекеттік медицина мекемелерінің жұмыс істемейтінімен түсіндіреді. Десе де дүйсенбі күнгі жағдай туралы мәлімет сейсенбі жарияланатынын ескерсек, аптаның алғашқы күніндегі дерек неге кемитіні белгісіз.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің телеграм желісіндегі ақпарат. Инфофото: t.me/DenMinPR

Қазақстан ковид/коронавирус пневмониясы әрі КВИ- деп аталып жүрген ақөкпе ауруының аймақтық бөлінісін күнделікті жарияламайды. ДенМин сайтында тек бір мәрте ғана жарық көрді. Коронавирус пен оның пневмониясы ДДСҰ-ның ұйғарымы негізінде бірге есептелгенімен, – «Естуші мемлекет» жолын таңдаған билік екеуін екі бөліп жариялап қана қоймай, ақпарат көрсеткіштерін әртүрлі индикатормен бекіткен. Мәселен, коронавирус ауруы туралы ақпаратта науқастардың саны, ахуалы, ӨЖЖА құрылғысының көмегімен дем алып жатқандары, аймақтардағы көрсеткіші толықтай әрі тұрақты беріледі. Ал ДДСҰ мен министрлік коронавирус пневмониясының ковидтің асқынуынан болатынын мойындаса да, Үкімет пневмония жөнінде жоғарыдағыдай мәліметтердің бірде-бірін ұсынбайды. 50 күннен бері коронавирус пневмониясы туралы ресми деректе тек ауырғандар мен айыққандар, қайтқандардың саны айтылады. Басқа ештеңе емес.

Коронавирус пен пневмонияның бір ғана айырмашылығы – ПТР тесті вирус штамын көрсетпеуінде. Әйтпесе, коронавирус пневмониясы Аурулардың халықаралық жіктеуінде U07.2 кодымен белгіленген. Мамандар мен ДДСҰ сарапшылары мұны коронавирустың тыныс жолдары арқылы өкпеге шапқан, асқынған түрі деп санайды. Тәуелсіз зерттеушілердің айтуынша, медициналық мақсатта ғана болмаса, статистиканы есептеу кезінде екеуін бөліп қараудың қажеті жоқ. Мұндай қадамға тек «шындықтан жасқанатын, авторитар режимдер» барады.

Қазақстан Үкіметі де осы жолды таңдады. U07.1 (коронавирус) және U07.2 (коронавирус пневмониясы) диагноздарының клиникасы бірдей болғанына қарамастан, бірігіп есептеуге асығар емес. Біріккен есепті сұраған тілшілерге ДенМин өкілі «калькулятормен қосып шығаруға» кеңес береді.

Үкімет жиындарында, брифингтерде жауапты министрлік тестілеуді арттырып, тәуліктік көрсеткішін 30 мыңға дейін жеткіземіз деп көп уәде берген. Алайда Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, осы күндері ПТР тесті тәулігіне шамамен 9-18 мың аралығында жүргізіліп жатыр. Індет өршіген «маусым-шілде қырғынында» ПТР түгілі экспресс-тест бірнеше күндеп тоқтап қалған еді. Халықаралық Worldometers дерекқорының мәліметі бойынша, дамыған елу елдің қатарына кіруді армандайтын Қазақстан әр миллион тұрғынға қолданылған тест санына сәйкес елулікке іліге алмаған. 1 млн қазақстандыққа  145 198 тест қолданылған (Ескерту: бұл осыншама адам тестіленеді деген мағынаны білдірмейді. Себебі бір адам бірнеше рет тест тапсыруы мүмкін – QT). Жиынтық есебі 18,8 млн адамға небәрі 2,7 млн тест сынамасы жұмсалған. Мұның ішінде тесттің барлық түрі қамтылған.

ДенМиннің редакцияға берген дерегіне сүйенсек, былтыр маусым-шілде айларында 16 мыңнан сәл асатын пневмония тіркелсе, биыл осы екі айда 189,5 мың адам ауырған. Екі жылдың осы аралығындағы айырмашылығы 11,6 есеге тең. 1 қаңтар-3 тамыз аралығындағы жалпы статистикаға енбей қалған 256 мың пневмонияны (2019 жылға қарағанда 3,3 есеге көп – QT) министрлік қайта қарастырмайтынын кесіп айтқан.

13 наурыздан бері жүргізіліп жатқан КВИ+ санағына сенсек, аурулар саны 107 307-ге жеткен. Оның 101 941-і айыққан, 1699-ы қайтқан. Этиология-клиникасы осы аурумен туыстас КВИ- дерегі «маусым-шілде қырғыны» басылған соң, 1 тамыздан бастап есептеліп келеді. Коронавирус пневмонниясына шалдыққандар елу күнде 31 148-ге артқан. Ауырған 26,6 мың адам емделіп шықса, 344-і өмірден өткен.

Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей жұмыс істейтін ДДСҰ-ның базасында елде 138 мыңнан (КВИ+ / U07.1 – 107 мыңдай, КВИ- / U07.2 – 30 мың)  астам адам вирусқа шалдыққаны нақты көрсетілген. Әлемде 27-орында тұр. Кемінде 2 мыңдай адам қайтыс болған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.

Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2 619-ы  (КВИ+ / U07.1 – 1 699 КВИ- / U07.2 – 345, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Коронавирус статистикасы қоғамда үлкен дау тудырған. Оған сенбейтін, күмәнмен қарайтын азаматтар мен сарапшылар көп.

"The Qazaq Times"