6 шілде Қазақстанды 30 жылдай билеген бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған мерейтойында пандемияның өршігеніне қарамай, көңіл айтудан жабыққан қаралы елге мемлекеттік арнадан астанадағы мерекелік отшашу көрсетілді. Сіленіп сынаған жұрт көп болды: таяқ ұстаған қойшыдан қазақтың «жұлдыз тұмары» Димашқа дейін. Індетпен қатар ел ызасы қалыңдаған тұста 8 шілде күні екінші «бірінші басшы» Тоқаев республика халқына үндеу жасап, 13 шілдені пандемия құрбандарын Ұлттық аза тұту күні ретінде жариялады. 10 шілде коронавирусқа қарсы амал-шараларға және І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикаға қорытындылауға арналған үкімет жиынын өткізді. Онда да біраз көсілді. 6 шілдеден кейінгі үшінші сөзінде де президент  эпидахуалдың күрделену себебі мен айыптыларды сын садағына алды. Індеттің бүгінгі жағдайы жөніндегі соңғы үш үндеу-баяндамасындағы ең өзекті, өрімді тұсына үңіліп көрсек. Президенттің бір мәселе туралы екі өзгерген пікірі, деректегі қайшылық...

Қайта айтылған сынның соңы...

18 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ведомствоаралық комиссияның отырысына қатысты. 10 күні өткен үкімет отырысында «Жалпы, ахуал Мемлекеттік комиссияның бақылауында» деген ол осы сенбідегі сөзінде «Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес» деп анық айтты.

Екінші президент бұл жолы да өзінен басқа шенеуніктердің қателескенін сөз етті.  10 шілдедегі тосыннан жасалған алғашқы үндеуінде «Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел  қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады» деп сынаған. Тіпті «Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия» құрылатынын айтқан. Тоқаевтың 18-і күнгі пікірінше, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен». Бұл тамыздағы Сенат сайлауы қарсаңында жаңа кадрлық тағайындаудың қыза түсетінінен хабар беруі мүмкін.

«Біз пандемия басталған сәттен ашық саясат жүргізіп келеміз. Билік ештеңені жасырып отырған жоқ. Статистикаға күмәндану негізсіз. Ақпараттық теріс ағын жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған. Менің айтқанымдай, біз ештеңені жасырмаймыз. Біздегі барлық статистика мөп-мөлдір және шынайы», (Сомнения в статистике безосновательны. Эти информационные вбросы нацелены на дестабилизацию обстановки. Я уже говорил. Мы ничего не скрываем.  Вся статистика у нас абсолютно прозрачная, чистая)деген Тоқаев бір жұма өтпей жатып «статистиканы біріздендіру» қажеттігін мойындады, бірден тапсырма берді.

17 шілдеде мемлекет басшысы Twitter желісіндегі парақшасында «Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр. Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана, біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз», – деп жазды.

Десе де министрлік президенттің «жариялылық» жөніндегі тапсырмасына қарамастан, «коронавирустың жанама әсерінен немесе вирус жұқтырғанымен де негізгі себебі басқа аурудан қайтыс болғандардың» цифры 2 шілдеден бері жаңартпады. Соңғы мәрте 15 күн бұрын айтылған дерек бойынша, «коронавирустың кесірінен» қайтпаған құрбандардың саны 101 еді. ДДСҰ-ның өлімді сертификаттау нұсқаулығында және әлемнің түгел дерлік елдері бойынан COVID-19 штамы табылған кез келген науқасты жалпы тізімге қосып қарастырады. Тәуелсіз дәрігер-сарапшылар Қазақстанның «тың сүрлеуін» экс-министр Біртановтің кезінде басталған статистиканы манипуляциялау амалы деп бағалайды.

Кешегі баяндамада айтылған мына дерек елеңдетпей қоймады. Бұл «Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеттік» дегені. Бірақ Тоқаев келтірген мәлімет министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығының кейінгі екі апта бойы тәулігіне орташа есеппен 16-18 мың тест жүргізілуде деген дерегіне қайшы. Айырмашылық – екі есе. Бұл туралы БАҚ беттерінде ашық айтылғанымен де жауапты тұлғалардан еш жауап бола қойған жоқ.

Мәселені мойындау

2020 жылы ел ахуалы мен экономикасының мейілінше жақсаратынына көп уәде еткен экс-президент Назарбаевтың ұзақ жылдарғы «жасампаз мадағының» біраз бөлігін Тоқаев соңғы сөзінде терістегендей болды.

– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді ол 18 шілдедегі жиында.

Президент пандемия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократия кедергілері, шенеуніктердің жауапкершіліктен басын алып қашуы жүздеген қазақстандықтың өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін растады. Жағдайдың күрделі екенін мойындады. Ардаргер деген мемлекеттік кадрлардың өзі жедел әрі тура әрекет етуге дайын еместігін нақтылай сөйледі. Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың аздығы – шынайы картинаны жасырып қалу деп бағалады. Шілдедегі Тоқаевтың мемлекеттік корпусқа қарата қарша боратқан сыны ненің нышаны екенін әзірге топшылау қиын. Бұрын-соңды өз жетекшісінен мұндай ащы да ашық айыптаудың дәмін татпаған қазақстандық шенеуніктерді сыбау тәсілін әлеуметтік желі қолданушылары елдің қарсылық көңіл-күйін басудың жолы және бірінші басшының аузымен пар шығару амалы деп бағалауда.

Ауруханалар жай «процедура кабинетіне» айналды

Пневмония өршігелі бері ауруханада жатқандарға аса қажетті дәрі-дәрімек жетпей, оны туыстары тауып, сәлем-сауқатпен қоса салып жібергендер аз болмады. Мегаполистердегі модульді жаңа ауруханалар мен облыс орталықтарындағы негізгі провизорлық стационарларды айтпағанда көптеген ауруханада ресурс-кадр жетіспеушілігі артып, «процедура кабинетінің» деңгейіне түсіп кетті. Былтырға қарағанда биыл пневмонияға шалдыққандар 3,3 есеге, қайтыс болғандар 1,7 есеге өскенін ескерсек, Қазақстан билігі кеш қозғалғанын бағамдауға болады. Мұндай ресми статистикаға азаматтық қоғамның тегеуірінді талабы мен БАҚ өкілдерінің үздіксіз сұрауынан кейін ғана қол жетті.

Шілденің 1-8 күндері 58 809 (оның 39 702-сі коронавирусқа ұқсас – 10 шілдедегі Цойдың дерегі – QT), 9-15 шілде аралығында 76 832 адамнан өкпе ауруы анықталған. Ресми есепке сәйкес, жалпы жиыны Қазақстанда шілденің бірінші жартысында 135 641 пневмония, 24 123 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Тіркелгені ғана...

"The Qazaq Times"