Қазақстанда бір тәулікте 1348 адам Covid-19 вирусын жұқтырған. Оның 456-сы симптоммен, 883-і симптомсыз болып тіркелді дейді ресми ақпарат көздері.

Қазір елде жағдайы ауыр және аса ауыр науқастардың қатары артып келеді. Әсіресе, пневомания дертіне шалдыққан науқастардың жағдайы мүшкіл. Бір ғана Алматы қаласында пневмониямен ауыратын 424 адам госпитальда жатыр. Тағы 980 науқаста пневмониямен қоса коронавирус инфекциясы да анықталған. Өкпені жасанды желдету аппаратына жағдайы ауыр 11 науқас қосылған.

Мұнымен қоса Алматы тұрғындары пандемия кезінде қайтыс болған туыстарының мәйітіне қатысты қиындықтарға тап болған. Тұрғындар мәйіттен инфекция табылмаса да, марқұмның жерлеу рәсімі үшін кедергі жиілеп кетті деп шағымданады. Бұған қоса, моргтер мен діни қызмет ұйымдары қайтыс болған адамда инфекция болмағандығы туралы анықтама болса ғана мәйітті қабылдауға дайынбыз деген.Ал, марқұм адамның туыстары анықтама алып үлгергенше күннің ыстықтығына байланысты мәйіттер иістене бастаған. Осыған қатысты қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ауруханадан тыс жерде қайтыс болған адамдарды коронавирус тестінен өткізбейміз деп мәлімдеді.

Министрліктің соңғы дерегі бойынша елде инфекцияның клиникалық белгісі бар 19 750 адам тіркеліп, 140 адам қайтыс болған. Ал емделіп шыққандар саны 12 220-ға жетті дейді билік өкілдері.

"The Qazaq Times"