Маусымның басынан бері Алматы қаласындағы стационарларға КВИ жұқтырған 2132 науқас түскен. Бұл туралы Алматы қаласындағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров хабарлады.

«Өткен аптада ғана госпитализациялау  мен жедел жәрдем қызметіне жүгіну екі есеге ұлғайған. Біз инфекцияны 20-29 жас аралығындағы жастар жиі жұқтыратындығын байқадық. Олардың үлесіне сырқаттанушылардың 35% тиесілі, 60 жастан асқан азаматтардың саны олардан төрт есе аз. Олар инфекция жұқтырғандардың тек 9% құрайды», – деп мәлімдеді ол ОКҚ бринфингінде.

Қазір елде жағдайы ауыр және аса ауыр пациенттер саны артқан. Бұл олардың қант диабеті, жүрек аурулары және гипертензия секілді жанама сырқаттарының болуына байланысты. Мұндай қатерлерге көбінесе жасы ұлғайған азаматтар тап болады. Жағдайы ауыр және аса ауыр пациенттердің 80% 60 жастан асқан адамдар.

К.Надыровтың айтуы бойынша қаладағы стационарлардың жүктемесі артып барады. Күн сайын 100-ден аса науқас госпитализацияланады. Қазірдің өзінде стационарлардың 85%-ы бос емес. Билік өкілдері қаладағы бос ғимараттарға инспекция жүргізіп, қосымша стационар ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр деп айтылды брифингте.

Еске сала кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт көбейді. Ірі мегаполистерде карантин шаралары жұмсартылғанына 1 айға жуық уақыт болды. Әзірге жағдайдың оңала қояр түрі байқалмайды. Сәуірде коронавирус өзінің шырқау шегіне жетеді деген денсаулық сақтау министрінің өзі жуырда инфекция жұқтырып, ем қабылдауға мәжбүр болған.

Қазір қоғам вирустың бар екендігіне  сенетіндер мен сенбейтіндер болып екіге жарылып отыр. Билік өкілдері қолда бар құралдарымен халықты сендіріп бағуда.

"The Qazaq Times"