Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өткен тәулікте вирус табылған 8 адамның екеуі әскери қызметкер екенін хабарлады. 

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 185 адам індетке шалдықса, оның 55-і сауығып, үйіне шығарылған.

Әсет Қалиевтің айтуынша, қалада көпқабатты үйлердің 51 подъезі жабылып, адамдар үйде карантинде болды. Оларды қайта тексеру кезінде тағы 3 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Барлығы инфекциялық ауруханаға жатқызылды.

«Коронавирус инфекциясымен күрес жұмыстарына жұмылдырылған екі әскери қызметкер де вирус жұқтырды. Сонымен бірге өңірдегі ірі мұнай компаниялары вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдарды жоспарлы түрде тексеруден өткізіп жатыр. Медициналық тексеру кезінде сол адамдардың бірінен вирус анықталды. Ол бұрын індет жұқтырған адаммен байланыста болған екен. Тағы екі адам науқастармен байланысып, індетке шалдыққан. Соңғы анықталған 8 адамның екеуі - бала. Бірі - 8, екіншісі - 1 жаста. Науқастардың жағдайы бірқалыпты», - деді Әсет Қалиев.

"The Qazaq Times"