Қазақстанда алғашқы коронавирус жұқтыру жағдайы анықталған 13 наурыздан бері, 58 күннің ішінде елдегі науқастар саны 5 мыңнан асты.   

5036 кейстің жіктелімі:

  • Алматы қ. – 1571,
  • Астана – 1049,
  • Атырау облысы – 296,
  • БҚО – 239,
  • Шымкент қ. – 229,
  • Қызылорда облысы – 229,
  • Қарағанды облысы – 191,
  • Алматы облысы – 182,
  • Жамбыл облысы – 178,
  • Түркістан облысы – 174,
  • Ақтөбе облысы – 172,
  • Павлодар облысы – 154,
  • Маңғыстау облысы – 120,
  • Ақмола облысы – 109,
  • Қостанай облысы – 61,
  • ШҚО – 48,
  • СҚО – 34 адамнан вирус табылған.

Дертінен айыққан 1766 адамның ең көбі  Алматы қаласынан (391), астанадан (369) және Қызылорда облысынан (156), Шымкенттен (119). Басқа өңірлерде сауығып шыққандар саны жүзге жете қоймаған.

Ал қайтыс болған жалпы 31 адамның 9-ы Алматы, 5-еуі Шымкент қалалары мен 4-еуі Ақмола облысының тұрғындары. Сондай-ақ астана мен Қарағанды облысында 3 науқастан, Павлодар облысында 2 науқас және ШҚ, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстарында бір адамнан қайтқан.

Тұтас әлемді есеңгіреткен жұғуы жылдам әрі аса ауқымды індетті жұқтырушылар саны бойынша Қазақстан қазіргі таңда дүниежүзінде 56-орында тұр. Республикадағы 17 өңірдің 13-інде тіркелген кейстер саны жүзден асып кеткен.

Қазақстандағы негізгі кейстер реестрі:

  • 13 наурыз сағат 14.30 – бірінші науқас (74 күнде)*;
  • 13 сәуір сағат 23.40 – 1 000 науқас (31 күнде);
  • 22 сәуір сағат 09.25 – 2 000 науқас (10 күнде);
  • 27 сәуір сағат 17.40 – 3 000 науқас (6 күнде);
  • 4 мамыр сағат 18.35   – 4 000 науқас (7 күнде);
  • 10 мамыр сағат  – 5 000 науқас (6 күнде)

*Wikipedia: 2019 жылы 31 желтоқсан күні Қытайда алғашқы жағдай тіркелді.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова апта басында «елде эпидемиология ахуалы тұрақтанғанын» айтып, карантин ақырындап жеңілдейтінін хабарлаған. Бұған дейін сәуірде Айжан Есмағамбетова еліміздегі коронавирус инфекциясы «шарықтау шегіне жетті» деп мәлімдеген. Ол тіркелген науқастар саны «сәуірдің соңына қарай 2700, ал мамыр айының аяғында 4000-ға жететінін» хабарлап еді. Артынша жауапты министрлік болжамын қайта түзетіп, мамыр айының соңына қарай індетке шалдыққан қазақстандықтардың қатары 5,3 мыңға дейін жетеді деген. Бірақ сарапшылар кейінгі күндердегі қауіпті кеселдің қарқынына қарап, ТЖ режимін алынған жағдайда ай соңына дейін коронавирус жұқтырушылар қатары 7 мыңнан асады деп болжайды.

Қазір әлемде  4 милионнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі. Олардың 280 мыңнан көбін дерт меңдеп қайтыс болса, 1,4 миллионы ауруынан айығып, үйіне жіберілген.

"The Qazaq Times"