Өзбекстан сөз бостандығы рейтингінде 4 орынға жоғарылады. «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders/RSF) халықаралық үкіметтік емес ұйымының есебінше, оңтүстіктегі көрші ел алғаш рет Қазақстанның алдына түсті.

Ташкент 2017 жылдан бері 13 орын алға жылжып, бүгінгі таңда 156-орынға тұрақтады. Ұйым экс-президент Ислам Кәрімовтің қазасынан кейін елде сөз еркіндігінің аужайы «айтарлықтай жақсарғанын» атап өткен. Ұйымның мәліметінше, жергілікті билік қамаудағы журналистерді босату, халықаралық сайттарға (Voice of America, Amerika ovozi, BBC Uzbek, Deutsche Welle, Amnesty International, Human Rights Watch, «Шекарасыз тілшілер» және «Ферғана»)  қойылған бұғатты алып тастау, БАҚ өкілдерін тіркеуді жеңілдету секілді оң шешімдерді жүзеге асырған.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының сарапшылары саяси плюрализмге батылы жеткен елдерде ғана сөз еркіндігі толық мағынада орнайтынын айтады. Өзбекстан халықаралық журналистерге есігін қайта ашқаны қуантады.

Алғашқы үштікке Норвегия, Финляндия және Дания кірсе, соңғы бестікті Жибути, Қытай, Эритрея, Түркменістан және Солтүстік Корея аяқтаған. Ал Қазақстан ше?..

Қазақстан былтырға қарағанда небәрі бір орынға ғана алға жылжыған, 157-орында. Ұйымның елдерге арналған жекелеген тұжырымдамасында «билік интернет, жаңалықтар сайтын, әлеуметтік желі мен мессенджерлерді бақылауды күшейткені» жазылған. Мұндай қорытынды кейінгі 4 жылдан бері ақпарат министрі қызметін атқарып келе жатқан Дәурен Абаевтың кезінде жасалып отыр.

Ал Орта Азиядағы ең еркін баспасөз «номинациясы» Қырғызстанға тиесілі. Бішкектің медиаға қатысты «ашық әрі мейілінше мөлдір, толерантты саясатының арқасында» ел 82-орынды иеленген. Десе де баяндамада әлі күнге дейін шешімін таппаған «журналистік зерттеу жүргізуге ресурстар мен ақпараттың қолжетімсіздігі», «жемқорлыққа қатысты тақырыптың («Матраимовтар ісі») журналистің жеке өміріне қауіп төндіруі» сияқты мәселелер бары айтылып, мұны шешудің жалғыз жолы – «президентті қорғауға бағытталған заңдар жою және сот жүйесінің тәуелсіздігі қамтамасыз ету» делінген.

Солтүстікте көрші орналасқан Ресей аталған рейтингте 149-орында. Бұл елде де БАҚ-қа қысым жиілей түскен.

"The Qazaq Times"