Бүгін сағат 11:00-де президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында астанадағы және елдегі ТЖ мерзіміне қатысты шешім қабылданды.

Мәжіліс депутаты Владимир Божконың сөзінше, мемкомиссия ТЖ мерзімін сәуір айының соңына дейін созған. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook желісіндегі ресми парағында карантин мерзімін өзгерту жөніндегі Тоқаевтың уәжін бөлісті:

«15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деді президент. 

13 наурыз алғашқы науқастар тіркелгеннен кейін екі күн өткен соң, президент Тоқаев 16 наурыздан бастап 15 сәуірдегі 7:00-ге дейін елдің барлық аумағында төтенше жағдай жариялауға №285 қаулысын шығарып еді.

ТЖ режимі мерзімінің аяқталуына 5 күн қалғанына қарамастан, кейбір өңірлерде карантин енді енгізілді. 17 наурыз – Алматыда, 19 наурыз – астанада, 30 наурыз – Атырау және Ақтауда, 31 наурыз – Ақмола облысында, 1 сәуір – Қызылорда облысында, 2 сәуір – Өскемен және Семей қалаларында, 4 сәуір –  Шымкентте, 6 сәуір – Ақтөбе облысында, 7 сәуір – Қарағанды облысында, ал кешегі күннен, 9 сәуірден бастап Жамбыл облысында карантин жарияланды.

Әлемнің «есін шығарып, көз тоқтатып ойлануға мәжбүрлеген» індеттен Қазақстанда 9 адам қайтыс болса, ай өтпей жатып 800-ден астам адам жұқтырып үлгерді.  Тіркелген кейстер саны бойынша әлемде әзірге 73-орынға тұрақтады.

Италия үкіметінің басшысы Джузеппе Конте елде коронавирустың таралуын шектеу мақсатында карантинді 3 мамырға дейін  ұзартуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Көптеген елдер ТЖ режимін ұзартып жатса, Жапония енді қолға алды. Кеше, 9 сәуір жапон премьер-министрі Синдзо Абэ елде 6 мамырға дейін төтенше жағдай енгізді. Бұл жағдайдың әлі де тұрақтамағанын аңғартса керек-ті. Қытай сарапшылары  індеттің «екінші толқынынан» қауіптеніп отыр.

“The Qazaq Times”