Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Қазақстанның «аймақтарына коронавирустың тарлуына билік жауапты» деген пікір көбейе бастады. Карантинге алынатыны екі күн бұрын хабарланып, төрт күн бойы елдің кіріп-шығуына рұқсат етілген астана мен Алматыдан өңірлерге ағылған жұрттың арасынан «таратушы науқастар» анықталды.

Бүгінге дейін 402 науқас анықталса, оның 26-сы дертінен сауығып шыққан. Өкінішке қарай, үшеуі дерт меңдеп қайтыс болды. 1А санатқа жататын елдерден келген 1952 адам ауруханадағы, 1Б санаты бойынша 8903 адам үйдегі карантинде жатыр. Жалпы жиыны 28 мыңдай адам тексерістен өткен. Коронавирусқа шалдыққан науқастардың жартысы астанадан. Республика көлемінде тіркелген науқастардың саны:

  • Ел астанасы – 191;
  • Алматы қаласы – 90
  • Шымкент қаласы – 3
  • Ақмола облысы – 19
  • Ақтөбе облысы – 4
  • Алматы облысы – 9
  • Атырау облысы – 18
  • Шығыс Қазақстан облысы – 2
  • Жамбыл облысы – 5
  • Батыс Қазақстан облысы – 2
  • Қарағанды облысы – 21
  • Қызылорда облысы – 25
  • Маңғыстау облысы – 1
  • Павлодар облысы – 1
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 6
  • Түркістан облысы – 5

Наурыздың 19-ы алғаш карантинге жабылған екі қаладан бөлек аймақтарда қазіргі таңда жүзден астам инфекция жұқтыру жағдайы тіркелді. Мұны көпшілік «астана мен Алматы қаласының карантинге жабылатыны туралы екі күн бұрын хабарлаудың кесірінен» деп санайды. 17 наурыз түстен кейін сағат 16:16-да Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия  екі мегаполисте карантин жариялауға шешім шығарды. Сол күні кешкісін екі қаланың әкімдері теле-үндеу жасап, президент Тоқаев  Twitter желісіндегі парағында қашықтан жұмыс істеуге көшуді ұсынды.

Десе де Алматыда 19 наурызда емес, тек 22 наурыз сағат 00.00-ден бастап қалаға адамдар мен транспорттың кіруіне және шығуына толықтай тыйым салынды. Дедлайнға дейін екі қаладан жүзмыңдаған адам кетіп үлгерді.

Қоғам пікірі «қара шаңыраққа қайту-қайтпау» мәселесінде екіге жарылды. Бірі – қозғалысы шектелген қалада «жұмыссыз, қол қусырып отырғаннан гөрі ауылға қайтайық» десе, екінші жағы – отыз шақты науқас анықталып үлгерген қаладан елге баруды «қиын тәуекел» санап, қайтпауға, өңірдегі тұрғындарға жұқтырудан қауіптеніп қалуға үгіттеді. Соңғы пікір жақтаушылары әлеуметтік желіде көптеп жазды. Дегенмен «ағайын арасына» барғандар қатары да аз емес.

Қызылорда облысында тіркелген 24 адамның бірі, Қармақшыдағы науқас Алматы қаласынан келгені ресми түрде расталды. Одан 23 жастағы медбикеге жұқты. Өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 31 наурыздан бастап «Қызылорда қаласында карантин және облыс аумағы бойынша шектеу шарасы енгізілді». Наурыз айының соңғы сейсенбісі денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жақсылық Әбдусәметов індет жұқтырғандармен 388 адамның,  оның 101-і жақын қарым-қатынаста болғанын мәлімдеді. АҚШ пен Оңтүстік Кореядан келген екі адамнан аймақтағы азаматтарға жұққан. Ал мұндай елдерден келушілер Алматы қаласы не астана арқылы ұшады.

Сонымен қоса Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аймақтағы ауру жұқтырған үш адам астанадан келген әйелмен қарым-қатынаста болғанын хабарлады. Мәселен, Жетісай ауданында анықталған  науқас 23 наурызда астанадан келген. Ол үйіне жеткенше екі мәрте поезд ауыстырып, Шымкентке жеткен соң такси көлігімен барған. Үш күн бойы дене қызуы көтеріліп ауырған.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі де кеше, 31 наурыз инфекция жұқтырған 49 жастағы әйелдің 21 наурыз Алматы-Атырау рейсімен ұшып келгенін растады.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінде тұратын 40 жастағы әйелдің қайдан жұқтырғаны белгісіз. Ресми ақпарға қарағанда, «науқас облыс аумағынан ешқайда шықпаған». Коронавирустың адамнан адамға жұғатынын ескерсек, аймаққа дертке шалдыққан біреудің сырттан келгенін бағамдауға болады.

Ақтөбе облысында тіркелген науқастың бірі 13-19 наурыз аралығында Мысырда болып, 19 наурызда Алматыға келген. Ал кейін 20 наурыз күні Ақтөбеге ұшып келіп, үйдегі карантинге алынған. Арада тоғыз күн өткенде ауысынып, жедел жәрдем шақыртқан. Анализ нәтижесі оның дертке шалдыққанын көрсеткен бойда арнайы боксқа жатқызылыпты.

Қоғам белсенділері «биліктің мұндай шешімге неліктен келгенін түсінбейтінін» айтып сынға алды. Мемкомиссияның алдын-ала хабарламасы, қаладан кетуге мұрсат беруінің негізі әлі күнге дейін түсіндірілмеді. Мамандар әдетте індетке байланысты карантин режимі жарияланған бойда шектеу енгізілуі тиіс дейді.

22-сінен кейін, арада бір апта өтпей жатып аймақтардан біртіндеп әртүрлі факті тіркеле бастады. Әйтпесе бұған дейін инфекция жұқтыру жағдайы тек астана мен Алматы қаласында ғана тіркелген еді.

Қазақстанда коронавирусты жұқтыратындар саны мен оның шарықтау мерзіміне қатысты болжам көп. Кибер шабуылдарды талдау орталығы сарапшыларының қайта есептеуінше, математикалық заңдылық пен елдегі жағдайдың негізінде сәуірдің 10-25 аралығында науқастар саны 20 мыңға жетуі мүмкін. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өткізген брифингте «сәуір, мамыр айларында коронавирус жұқтырғандар саны 3,5 мыңнан аспайды» деді.

Шетелден ауру жұқтырып келгендер туралы қайсыбірі Қытайдан екені айтылмады. Ресми деректерге сенсек, науқастардың көбі Еуропа, Ресей және Оңтүстік Корея т.б. елдерден оралған. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілдері коронавирусқа «мықтап қамданғанын, дерттің елге кештетіп келуі – профилактиканы күшейтіп, дайындалуға мүмкіндік бергенін» жиі айтады. Алайда аймақтарда ауырғандар саны күн санап артып келеді.

"The Qazaq Times"