Бүгін сағат 15.00-де Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж. Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай «Талпынған шалғайға шайырдың жаны – құс» атты әдеби-сазды кеш өтеді.

Қазақ өлеңінде өзіндік өрнегін қалыптастырып, қалың оқырман ерткен  Мұрат Шаймаранұлының бұл кеште «Жасыл түн» атты жыр жинағының тұсауы кесіледі. Шығармашылық кешке алыс-жақын шет елден және Қазақстанның түкпір-түкпірінен қазаққа танымал Халық жазушылары, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысады.

Ақынның өмірі, шығармашылығы туралы Қазақстанның Халық жазушысы Қ. Жұмаділов, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ұ.Есдәулет, Т.Әбдікәкімовтар арнайы сөз сөйлейді.

Кештің форматы дәстүрлі қалыптан өзгешерек. Бұл күні ақын өлеңінен театрландырылған композициялар қойылып, М. Шаймаран өлеңдерін танымал ақындар жатқа оқиды. Әрі елімізге белгілі әншілер ақын сөзіне жазылған әннен шашу шашады.

"The Qazaq Times"