Кеше президент Назарбаев Бақытжан Сағынтаев үкіметін отставкаға жіберді. Сол уақыттан бері БАҚ өкілдері мен сарапшылар қауымы «Сағынтаев неден сүрінді?» - деген сұрақтың жуабын іздеуде. Бүгінгі күннің тренді дәл осы тақырып болып тұр. Осыған байланысты біз де «жұрт көшінен қалмайық» деген мақсатта аталмыш мәселеге байланысты елге танымал Дос Көшім, Ерлан Саиров және Расул Жұмалы сияқты азаматтардың пікірін білуді жөн көрдік.

Дос Көшім, саясаттанушы: Мен министрлер ауысқан уақытта, үкімет ауысқан уақытта ешнәрсе айта алмаймын. Себебі одан ешнәрсе өзгермейді. Мен (үкіметтің – ред) неліктен ауысқаны жөнінде бір ғана пікір айтайын. Жағдай өзгеріп келе жатыр. Соңғы үш-төрт жылда бюджетімізде ақша да қалған жоқ қой, оны бәріміз біліп отырмыз. Әңгіме ертең жағдай бұдан да қиын болған уақытта президент айта алады: «»Міне айтып едім ғой сендерге, ана үкімет оңдырмады сендерді. Мен сондықтан оларды тараттым» - деп. Бірақ одан ешнәрсе өзгермейді. Себебі керек десеңіздер, министрлердің қай жерде отырғандығын өзінің саусағымен көрсетіп отырған авторитарлық жүйеде басқа біреу келіп, өзгертіп, басқа бағыт немесе саяси-экономикалық жоспарды жүзеге асыра алмайды. Сондықтан бұлардың ауысқаны не, ауыспағаны не? Бұл президенттің өздерін ақтау үшін жасап отырған саяси қадамы сияқты. Менің ойымша, бұлардың үштен екісі қалады, ешнәрсе өзгермейді...

Италияда үкімет жыл сайын өзгереді. Оған таң қалудың немесе катастрофа жасаудың қажеті жоқ. Егер үкімет өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмады ма, онда халық, келесі бір топ оны ығыстырып шығарады. Бірақ Италияда болсын, басқасын да болсын сол топты ығыстырып шығарғанда оның орнына бұрынғы саяси күштің адамдары емес, жаңа бір саяси күш келеді. Бізде сол саяси күштің адамдары немесе биліктің адамдары қайтадан келеді. Ең үлкен әңгіме сонда. Сондықтан оның ауысуында тұрған ештеңе жоқ. Мейлі үш ай сайын ауысып тұрсын үкімет. Әңгіме бұрынғы билікті сынап, олармен көзқарастары келіспей, өздерінің жобаларын ұсынып жүрген топ келуі керек. Сол уақытта біз «үкімет ауысты» деп ауызымызды толтырып айта аламыз.

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Біріншіден, соңғы екі-үш жыл ішінде мемлекеттің стратегиясына байланысты институцияналдық, конституциялық реформалар іс-жүзіне асқан. Және де осы әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Осы бағдарламаларға бөлінген қаржы халықтың әл-ауқатын өсіруге жетпеді. Яғни халықтың әл-ауқаты күннен күнге төмендеп келе жатыр. Оның ішінде әлеуметтік, тауарларды сатып алу қабілеті сияқты жағадайлар бар. Сондықтан әрнәрсенің де сұрауы болады. Осы үкімет халықпен жұмыс істеу,қоғам өкілдерінің пікірін тыңдау мәселесі бойынша, өзінің жаман жақтарымен көрінді. Менің ойымша, бұл үкіметтің отставкаға кетуі заңды. Енді ең негізгі мәселе, келесі үкімет халықпен қалай жұмыс істейді? Халықтың әл-ауқатын көтеруде оның қауқары қандай болады? Осы аяққы он жылдың ішінде Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік саласының барлығы болашақтағы біздің ұрпақтарымыздың қоры арқылы ғана дамып келе жатыр. Шынын айтуымыз керек, біз өзіміздің балаларымыздың, немерелеріміздің қаржысына қолымызды сұғып жатырмыз. Президент те  келесі «Нұр Отан» партиясының құрылтайында осы әлеуметтік мәселелер бойынша үлкен-үлкен бастамалар болатынын атап өтті. Менің ойымша, келесі үкімет шеттен ешқандай қаржы таппай, өздерінің жұмысымен, өздерінің әлеуетімен халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге қабылетті болуы керек. Ол үшін біріншіден, кадр саясаты дұрыс болуы керек. Яғни адамдар шаршап кеткен министрлердің барлығы босауы тиіс. Екіншіден, министрлер кабинетіне жаңа адамдар пайда болуы керек. Егер министрлер кабинеті коалициялық болатын болса, онда үкімет халықтың және президенттің қойып отырған міндеттерін атқаруға қабілетті болуы ықтимал...

Расул Жұмалы, саясаттанушы: Менің ойымша, үкіметтің отставкаға кетуі ешнәрсені білдірмейді. Қайта ешнәрсенің өзгермейтіндігінің көрсеткіші. Бізде соңғы 10-15 жылда жүргізіліп отырған саясаттың ең негізгі басымдығы «сол қалпында қала берсін», «ешнәрсе өзгермесін», «осы жүйе өзгеріссіз билік басында тұра берсін» - деген басымдық. Екі ортада әрине түрлі ауыс-түйістер болып тұрады. Бірақ бұның барлығы тәжірибе көрсетіп отырғандай, профанация, сөз жүзіндегі көзбояушылық. «Әйтеуір бір нәрсе өзгеріп жатыр», «әйтеуір бір нәрсе болып жатыр» деген көрініс. Көріністі көрсетуге деген ұмытылыс. Отставкаға кету, үкіметтің жаңартылуы біздің жағдайда шартты түрдегі нәрсе ғой. Бұл тұрғыда Сағынтаевтың үкіметінің оның алдындағы Мәсімов пен Ахметовтың кабинетінен еш ерекшелігі жоқ. Сол баяғы адамдар, сол баяғы тұлғалар, сол баяғы шенділер, сол баяғы шешім қабылдау дағдысы. Сағынтаевтың орнына Мамин бола ма, басқа бола ма біреу келуі мүмкін. Бірақ бұл үкімет шын мәнісінде жаңарды, шын мәнісінде бір реформалар жүргізеді дегенге сену қиын. Бұған дейін бізде үкімет он шақты рет ауысты. Жаңағыдай үміттер болды және жаңа-ескі адамдар креслоларымен ауысып келді. Он рет аузымыз күйді. Енді он бірінші рет басқаша болады дегенге айтарлықтай үміт жоқ. Біздегі үкімет жеке дербес шешім қабылдау орталығы емес. Іс жүзінде біздегі үкімет президенттің шешімдерін, бұйрықтарын орындайтын көмекшілер тобы ғана...

«The Qazaq Times»