Қазақ әдебиетінің қайнаса біткен сан қырлы тылсымының ту ортасында өз мәнерімен де, өз әлемімен де тереңдей тамыр тартқан тарлан боздардың бірі де, бірегейі де жазушы Мұхтар Мағауин десек қателеспес едік.

Әр заманды, әр бейнені өзінше өрнектеген жазушы шығрамаларынан ұлтымызды танып, ақиқатты тауып жүргеніміз жаңсақ емес. Сондай сүбелі ойлы шығармаларының бірі автордың 1969 жылы жазған «Тазының өлімі» повесі. Бұл туралы белгілі әдебиет сыншысы, профессор С. Қирабаев жанр жүгін көп атқарған шығармалардың қатарына жатқыза келіп «олардың көбі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келді. Ал ауыл деген, қанша дегенмен біздің ұлттық ұямыз ғой, сондықтан ауыл өмірін, оның адамдарын жазу арқылы жас таланттар өзінің өскен ортасын, әдеп-ғұрпын салт-санасын тұтастай алғанда ұлттық тұлғасын ашуды мақсат етті, ұлттық ұғым-түсінікті ұлттық психологияны терең түсіндірді» деп жазушының үйреншікті дағдыдан, стантардтан бойын аулақ салып, саясаткер емес суретші есебінде өсіп қалыптасқандығын меңзеген. Ағабуынның назарын аударған жазушының ең басты ерекшелігі, бүгінгі біз секілді ұрпақтың да көзінен таса қалмады. Ұлттық рухты сөз еткен «Тазының өлімі» тәуелсіздікке жеткен заманда да рухы әлсіреп тұрған қазақтың ортасына әлі де керек. Мәңгілік шығарманы қайта жаңғырту артық болмас.

Жазушының бұл шығармасындағы негізгі оқиға желісі тазының күшік күнінен бастап, өмірдің әр қыры тазының көзімен көріп, түйсінгені бойынша өрбіп, ең ақырғы өлімі арқылы тақырып ашылады. «Жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына енгізіп, арқау еткен өмір құбылыстарының тобын тақырып дер едік» - дейді академик З. Қабдолов. Ендеше, мұндағы автор айтпақшы болған тазының өлімі жай ғана иттің өлімі емес. Мұндағы тазы ұлттық дәстүрден алынған символдық образ. Итті жеті қазынаның біріне балап, ит жүгіртіп, құс салған ұлтымыз үшін ол – көненің жалғасы, қасиетіміздің қайнары, дәстүріміздің құндылығы спетті. Ал, сол тазының өлімі біздің рухымыздың, салтымыздың, халқымыздың қазасы. Осы бір тақырып әсерлі идеялар арқылы көркем шешіледі. Шығарма 14 бөлекке бөлініп әрбір бөлімінде бір ойды түйіп отырады. Шығарманың басталуы бірінші бөліміндегі қабір басына сүлдерін сүйретіп келген тазыға, осыған дейін өзіне құпия болып келген сырдың ашылуы. Ол осы сырдан төбе құйқасы шымырлап, көз алдынан қайта келмес бақытты күндері өтіп жатады. Осылайша шегіністі баяндаумен басталып, шығарманың байланысы келесі екінші, үшінші бөлімдерінде айқындала бастайды. Тазының күшік кезі, көршінің төбеті Бардасоқтың талап кетіп жүрегіне алғаш жара түсуі. Бейтаныс жан иелеріне күдікпен, күмәнмен қарайтын болғаны әрі осы сюжеттік бөлекте кейіпкерлер характерін диалоктар шоғырлана, жинақы, ұғымды қолданылған:

“Тазының өлімі” кіткабы

– Шатушы боймай кет – деді Айсұлу, - жынды шуы жоқ мәгәжін мәгәжін бе тәңиі!

– Сол кәпірінің жоғы жақсы, әкелмегенің жөн болған, - деді Омар ақсақал.

– Әкелмейін дегем жоқ-ау, баздың өзінде таусылыпты.

Қанша артта қалған қазақы дегенімен, біздің аудан да мәдениетке аяқ басып келеді. Алдыңғы жылы бір жәшік арақ осы ауылдың бір қысына жетіп еді. Ферма бастығы мен екеуімізден басқа ақаңа құмар ешкім жоқ-ты. Ал өткен күзде ақ, қызылы аралас үш жәшік алдырып ем жұғын болмады.

Осылайша барған сайын дендеп келе жатқан арақты мәдениет деп ұққан Есенжол ферма бастығымен ішкенін мақтан қылады. Егер қазақылық артта қалған болып есептелсе, біздің аяқбасар «мәдениетіміз» қайдан келді? Кім әкелді? Бұны қазіргі күнде айтпаса да түсінікті болғанымен, кеңестің қылшылдаған қылышының астында тұрып, осылайша жеткізудің өзі шеберлік еді. Осы «мәдениетті» ауыл ішіне таратқан Есенжол – ұлт ішіндегі жамандықтың ұрығын себушы, азғындаушы ретінде көрінеді. Тартыстың шиеленісуі 4-8 бөлектер аралығындағы тазы Лашынның үлкейіп, күші толысуы, оның қан төгіске толы дәуренінің басталуы.

Тартыстың шиеленісуі адамдар арасындағы қақтығыстан туындайды.

– А, шіркін-ай, періштедей таза бола қалуын! – деді Есенжол. Дауысы көтеріліп қалтырап кетті. Сөйлеген сайын еліріп, айғайға басты. – Ешкім сезбейді деп ойлайсың ғой! Көреміз, білеміз. Көз бен құлақ бар бізде де. Қызыл отауға қандай кітаптарды жинап алып отырсың? А!? Қандай кітаптарды жинап алып отырсың дейімін?

– Совет баспасынан шыққан кітаптарды.

– Оларды шығарғанда сенің нағашың секілді отанын сатқан адамдар. Бәрің сыбайлассың. Мен білмейді деймісің?

Жаздай Есжанның студент баласы сенен қандай кітаптар алып оқыды? ... а? Әрине, үндемейсің. Үндемей-ақ қой, Бірақ біз – ақниет совет адамдары үндемей отыра алмаймыз! Нағашың да...». Алтыншы бөлектегі дәл осы арадан бастап тартыстың тағы бір ұшы көрінсе Есенжолдың айқұлақтана құтырынуы ары қарай да өрбітіледі.

– Азғын! – деді Қазы тістеніп. – аузыңды қан жалатайын ба!

– Ай, кетші ары! – Есенжол жағасына жабысқан қолды оп-оңай ажыратып алды да, қазыны бар пәрменімен итеріп жіберді. Жалп етіп отыра кеткен дұшпанына қарап:

– Маскүнем сорлы! – деп жирене мырс етті де бұрылып жүре берді.

Лашын өз иесінің селтиген жаман сатушының дал-дұлын шығарарына күмәнданбаған. Бірақ күш жау жағында болып шықты... неге? Көп нүктеде айтылмай қалған автордың аһ ұрған ащы үні жатыр. Ақниет совет адамы Есенжол тазыға не үшін жау? Ол иесін итеріп жібергені үшін бе? Әрине, диалогтан солай көрінгенімен автордың айтпақшы ойы басқа. Тазыны тепкен Есенжол қасиетке аяқ көтерген тексіз. Олардың арқаланатыны совет өкіметі. Сондықтан да күш жау жағында болуға тиісті. Бұл арадағы тек жеке бастың қақтығысы емес, ауқымы үлкен ұлт тағдырына саятын сарапдал пікірді қозғайды. Сюжеттің келесі шарықтау сатысында 9-12 бөлектер аралығындағы оқиғалар арқау болады. Онда Қазыны форма киген үш адам алып кетеді де, біраз күндерден соң аудан орталығына барған ферма бастығы Бекқалимен ілесіп жүдеу оралады. Осыдан көп өтпей Қазы қайтыс болады. Ендігі жерде тазы ешкімге керек болмай ақыры далаға қуылады. Бұл сол кезеңдегі ұлтымыздың жай-күйін астарлап жеткізудегі тамаша жол еді. Дәстүрге ие болатын Қазыдай адамдардың өмірден кетуі, Кәмила сынды қасиеттің құнын білмес жандар үшін тазы түкке тұрғысыз төбет еді. Қазы қайтыс болған соң, жанұясын Есенжолмен ластаған әйелдің ары да, намысы да өлген. Тазы иесін келер деп көп күтті. Яғни, ешкімге керексіз болып қалған ұлттық болмысымыз сақтаушысымен, аялаушысымен ғана құнды. Тазы иесі жерленген Суықбұлаққа тартып кетті. Ол тірілерден үмітін үзіп, өзінің иесіне, көненің көзіне табысқысы келді. Ешкім бағаламаған алғыр тазы да ауылдың маң төбеті де бірдей еді. Әттең, тазы қақпанға түсіп аяғын сындырып алды. Автор тазының қабыр басына жетуі үшін неліктен осыншама көп кедергілерді келтіреді? Тазы жан дәрменін жиып жетеді-ау әйтеуір. Өйткені ол оның иесіне табысам ба деген ең соңғы үміті еді. Тазы өзін аман сақтау үшін, рухын аман сақтау үшін жанталасты.

фото: http://tazy.kz/zheti-kazyna-kumai-tazy/

Сюжеттің шешілуі 13-14 бөліктердегі оқиғалар арқылы ашылды. Қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің түрліше тағдыр тартысынан нақты нәтиже шығарылады. Бұндағы нәтиже тым күрделі мәселеге сұрақ қояды. Ойға батырады. Тазы өмірінің соңына дейін күресіп, қаншық қасқырды шаптан іреп қалады. Бөлтіріктер тазыны талап жеді де, ішегі шұбатылып жатқан енелерін бас салады. Оның орнында құйрығы мен төрт табанынан басқа ешнәрсе қалмады. Әр жылы жазда ел жайлауға шыққанда Омар ақсақал мен Әділ Қазының басына келіп құран оқып тұратын. Тазы кеткен соң ауыл еркектерінің басындағы тымақтарының тозып, орнын елтірі мен арзан малақайлар басты. Осы оқиғалар қамтылған бөлек шығарманың ең шұрайлы жері. «Шығарма да қақтығыстар неғұрлым күшті болса, сюжеттік шешім де соғұрлым мықты болады. Шешім осал жерде – тартыс осал, шешім сылбыр жерде – адам мінезі де бұлдыр» - дейді ұстазымыз З. Ғабдолов. Ендеше бұл шығарманың құндылығы шешіміндегі шеберлігінде. Біздің тазымызды жегісі келген қаншық қасқырға да автор өз үкімін шығарып қойған. Орнын да бір тұтам құйрығы мен төрт табанынан басқа ешнәрсе қалмады. Жауыздықтың қастіреті жауыздықтан ғана туындайтынын жазушы қаншық қасқырдың өлімі арқылы тамаша көрсетеді. Өзі жауыздықпен ауыздандырған бөлтіріктері өзіне шапты. Осы бір ғана оқиғаға күллі табиғаттың заңы, өмірдің пәлсапасы, тіршіліктің жәй-күйі сиып тұр. Ал тазыдан із де қалмады. Біраз жылдан соң ауыл еркектерінің басындағы тымақтары тозып, орнын елтірі мен арзан малақайлар басты. Бұл бізді жайлап келе жатқан жеңіл-желпі, жылтырақ мәдениеттің көрнісі. Тазымен бірге бастағы тымақ кетіп, енді арзан алдамшы мәдениет басымызға орнады. Солай бола тұрса да автор бір үміттің сәулесін тастай кетеді. Ол Омар ақсақал мен Қазының баласы Әділдің қабыр басына келіп құран оқып тұруы. Ақсақал көнені бізге жалғаған ескінің көзі болса, Әділ қазының ұрпағы, яғни болашақтың үміті. Біздің рухымыздың, дәстүріміздің, іздеушісі, сұраушысы бар. Осы ғана көңілге медеу. Адамзат ұрпақпен ғана жалғасып, ұрпақпен ғана сақталған. Көнені көзімен көрген ұрпақтан ғана үміт күтеміз. Міне бұл автор шығарған көркемдік шешім. Осы арқылы шығарманың ішіне еніп, өз болмысымызға бойлаймыз. Болашаққа бозамық сәуле тартылған буалдыр жылдардың мұнарына сіңіп жоғалған тазылар үшін ашынасың, тазылар үшін қайғырасың. Бүгінгі ұрпақ із-тозсыз кеткен тазыларын түгендеді ме? Әлде бастарындағы арзан малақайларын малданып, асыл текті тазылармен бір жолата қоштасуға бет алып барама? Өзгелерден даралап тұрар ұлттық болмысымыз ұрпақтардың рухымен ғана сақталады. Осы бір аға буынды толғандырған өзекті мәселе бізді де ойландырады. Жазушы М. Мағауин осыдан қырық жыл бұрын сұрақ қойып, оқырманын ойландырған мәселе бүгін де шешім тапты ма? Өзгелер совет одағы үшін, компартия үшін деп ала шапқын болып жүрген тұста, заман жүгін көтерер мәңгілік шығарма жазу да тегіннен тегін емес. Жазушының шеберлігі де, айрықша суреткерлігі де осында болса керек.

Нұрбәтима БАЙТҰРСЫН

«The Qazaq Times»