Қазақстанда қазір болып жатқан саяси бастамалар және қоғамдық жағдайлар туралы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсымбаев өз ойларымен бөлісті.

–  Құрметті Балташ аға, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, мемлекет құру ісіне үлес қостыңыз. Жоғарғы саяси элитада қызмет еттіңіз. Сол кездегі халық пен биліктің арасы, еліміздің даму бағыты қандай еді. Қазіргімен салыстырғанда нендей айырмашылық байқайсыз?

– Егер, идеологиялық, экономикалық жақтан алып қарайтын болсақ, бұрын халық пен биліктің арасы жақсы еді. Халық билікке сенетін. Билік болмашы қателесіп кетсе, оны жалаулатып жария қылмайтын. Бәрі түсіністікпен, тіл табысып жұмыс істейтін.

Ал, қазіргі жағдайға назар аударйық. Мен халық арасында көп боламын, олардың пікірін, көзқарасын сұраймын. Соларды тыңдай келе түйгенім – қазір билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Биліктің айтқанына халық мүлде сенбейді.

– Неге?

– Презнидент Н.Назарбаев елімізді басқарғанына 25 жылдан асып кетті. Осы жылдар ішінде он үкімет басшысы ауысты. Бірақ, оларды тағайындаған кезде халықтан бірде-бір рет пікір сұраған жоқ. Тек, Президентке кім жұмсақ сөйлейді, кім мадақтайды, солар премьер-министр болды. Ол үкімет басшылығына жарай ма, жарамай ма, айналасына халықтың көңілінен шығатын министрлер жинай ала ма, оған ешкім қараған жоқ. Міне, соңғы премьер-министр Б.Сағынтаев мырзаны алайық. Ол бір рет те халықтың алдына шығып, облыстарды аралап көрген жоқ. Халықпен бетпе-бет ашық жиын өткізбеді. Бізде өзі билікті төңкеріп тастайын деп жатқан тентек оппозиция жоқ. Момын оппозиция бар. Үкіметті басқарғаннан кейін, соларды да жинап пікірлесіп, сосын бір тұжырымға келу керек қой. Жоқ, ондай ниет байқалмайды.

Қазіргі үкімет басшысы кабинетте отырып алып, Президентке «бәрі көркейіп-гүлденіп жатыр, сіздің арқаңызда дамып, әлемде көшбастап  келеміз» деп есеп беруден аспайды. Бірақ, экономикамызда құлдырағаннан басқа еш өзгеріс жоқ. Біз ауыл шаруашылық бағытындағы елміз. Халқымыз тарихтан бері осы саламен шұғылданады. Соның арқасында жан сақтап, өсіп-өніп келді. Ауылдағы ағайын әлі де осы дәстүрлі саланы талғажау етіп отыр.

Алайда, үкімет қазір «біз екі модернизацияны өткіздік, енді үшінші модернизацияға өтеміз» дейді. Қандай екі модернизация? Оны қалай аяқтадың, нәтижесі қандай? Не істедің? Ол халыққа қандай игілік әкелді? Бұған жауап жоқ.

Осының алдында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков деген азамат болды. Ол – ауыл шаруашылық маманы емес. Кейін оның орнына, осы саланың маманы Асқар Мырзахметовты тағайындады. А.Мырзахметов салада тәжірибесі бар, үлкен облысты да басқарды. Бірақ, ол әрі министр әрі вице-премьер. «Осы орным да жетер» дегендей әрекетсіз отыр. Ауыл шаруашылығы қалай? Не істеу керек? Қалай дамытып, қалай түзеуге болады деген бағытта ұсыныс-пікірін айтып көрген жоқ. Президент шақырса, не үкімет басшысы жиын ашса бірдеңе дейтін шығар, ал былайғы жұртқа, қоғамдық ортаға ашық көзқарасын, ойын білдірген емес. Өзі басқарып отырған салаға баға да берген жоқ. Жұмбақ. Оның не ойлап, не істеп жатқанын ешкім білмейді.

– Биліктің жаңа өзіңіз айтқан жуас оппозициямен де диалогқа келмей отырған себебі неде?

– Билік оппозициямен диалогқа келгенді қойып, наразы пікір білдірген адамды да оңдырмайды. Содан болар, халықтың бойында қорқыныш бар. Көп жерлерде адамдар өткір ойларын, көңіл толмайтын жайларды ашына айтып жатады. Онда да, той-томалақ, бейресми басқосуларда ғана. Ал, «осыны неге баспасөз арқылы қоғамдық ортаға, билік басындағыларға жеткізбейсің» десе, одан жалтарады. Себебі, қорқады. Оған себеп те жоқ емес. Егер, жаңағыдай сын айтып, оны БАҚ арқылы жария еткеніңмен, Ақордаға, үкімет басшысына оның ұшқындары ғана жетеді. Ал, жергілкті жерлер, ешкім сайламаған, тағайындай салған облыс әкімдері бұндай сынға бірден өре қарсы тұрады. Дереу қарсы әрекет жасайды. Себебі, олардың қолында халықты басатын, сын айтқандарды тұқыртатын құрал бар.

Мынандай жайды білемін. Бір ауданның әкімі өзінің жұмысына сыни пікір айтқан екі-үш азаматқа қатты шүйлігіпті. Сол үшін олардың соңына МАИ-лерді салып қойған. Әлгі азаматтарды жол сақшылары көшеден жүргізбейтін көрінеді. Күнде жолын тосып, анадан-мынадан сылтау тауып, күн көрсетпейтін болыпты. Осындай жағдайдан кейін, билік оппозициямен қалай сөйлесе алады. Егер, ойы алғабасар, парасатты әкім болса жаңағы жігіттермен әңгімелесіп, бұрысын көрсетіп бергені үшін рахмет айтпай ма?!

– Президенттің билікті бөлу туралы мәлімдеме жасап, Конституцияға өзгеріс енгізуі нені меңзейді? Саяси аренада өзгеріс бола ма?

– Президент және оның айналасындағылардың айтуы бойынша, билік үшке бөлінеді дейді. Егер, үшке бөлінген билік өзара талас-тартысқа түсіп, бір-біріне ырық бермесе, кім төрелік айтады? Әрине, Президент. Парламентті де, Үкіметті де жөнге салатын сол.

Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, бұндай мәселені ретке салу үшін Конституциялық сот болуы керек. Ол ешкімге тәуелді емес, жоғарғы құқықтық орган. Сол шешу керек. Кім дұрыс, кім бұрыс жасады деген мәселені тексеріп, өз біліктілігін көрсете алмаса Парламентті  таратып, Үкіметті отставкаға жіберіп, қайта құру қажет. 17 миллион халықтың арасында өз ісін дұрыс жүргізе алатын сауатты азаматтар көп.

Қазір Конституцияға өзгеріс жөнінде талқылап жатыр. 26 ақпанға дейін ұсыныс қабылдайды. Сосын, уақыты келгенде Парламент өзгерісті қабылдай салады. Бірақ, одан келіп-кетер ештеңе жоқ. Түк те өзгермейді. Саяси жүйе сол қалпында қалады, халықтың жағдайы қазіргісінен төмендемесе, жақсармайды. Қысқаша айтқанда, бұл – халықтың басын қатыру деген сөз.

– Сонда, бұл арқылы билік басшысы нені көздеп отыр?

– Брежневтың кезінде ол тоқырауға ұшырады ғой. Сол секілді, бірақ мына кісінің кезінде тоқырау болмауы керек. Не істеп жатыр? «Билікті бөледі екен, Конституцияға өзгеріс енгізбекші, оны халық талқылап жатыр» деген әңгіме туғызу. Одан басқа ештеңе де жоқ. Ал, шындап көз жіберсек, біз Брежнев кезіндегі тоқыраудан асып кеттік. Неге десең, көңілге дем беретін ештеңе жоқ. «Мен осы сұрақ арқылы мына мәселені шешемін, менің ұрпағым ертеңгі күні гүлденген елде өмір сүреді» деген тиянақ жоқ. Билікті үшке бөлеміз дейді. Ол – үшке бөлмей-ақ бұрыннан бар ғой. Бірақ, жалғыз адамға бағынышты. Енді соған реформа жасаймыз деп, 26, 83 баптарға бірер өзгерістер қоспақшы. Бірақ, оның бәрін ел көріп отыр. Қазір халық сауатты, ненің не екенін анық түсінеді. Биліктің көз алдап, уақытша бірдеңе жасап жатқанын біледі.

– Түбінде билік бәрібір ауысады. Қазір жапа-тармағай айтпаса да, елдің көкейіндегі бір мәселе – президент кеткеннен кейінгі саяси және қоғамдық жағдай қалай бағыт алады деген сұрақ. Билік кімге қалады?

Назарбаев ауыссын, одан кейінгі президент келіп-кетсін, билік бәрібір халықта болу керек. Халық сол арқылы Парламентке депутаттарын сайлап, үкіметін жасақтауы тиіс. Егер, Президент халыққа үндеу жасап «осы уақытқа дейін ел көшін алып келдім, халқымыз аман, ортамыз тыныш, іште жанжал туған жоқ, әлеуметтік жағдай біркелкі болмаған шығар, енді ашық сайлау өткіземін, халық өз қалаған адамын президенттікке сайлап алсын, ары қарай биілікті сол алып жүреді» десе, Президент елдің көңілінен шығады. Олай жасамай, «мұрагерлік жолмен, не біреуді тағайындау арқылы билікті кейінге қалдырамын, сол адам мен жасаған жұмыстарды ары қарай жалғайды» дегенге халық сенбейді. Қазір дамыған және дамып келе жатқан елдер Назарбаевқа оң мінездеме береді. Соны сақтап қалу үшін билікті халыққа беру керек. Халық сол арқылы өз президентін, парламентін сайлайды үкіметін тағайындайды, әділ сотын жасақтайды. Содан кейін, бағыты айқын, дұрыс ел болып шыға келеміз.

– Ал, олай болмаған жағдайда, бұдан кейінгі билік жүйесі осы күйі қала ма?

Қалуы мүмкін, алайда көпке бармайды. Халық билікті қандай жолмен алатынын мен айта алмаймын, бірақ билігін бәрібір қолына алады. Оған күмән болмауы керек. Оған Елбасының да, басқа азаматтардың күмәні болмауы тиіс. Жиырма бес жыл бойы халық көрді, биліктің айтқанын орындап келді. Неге жеттік қазір? Америка президенттерінің бірінің айтқаны бар: «халықтың жартысы өтірікке сенеді, жартысы сенбейді, уақыты жеткенде бәрі сенбейді» деген. Сол бәрі сенбейтін уақытқа біз жеттік.

– Ертеңгі күні билік ауысқан сәтте сыртқы күштердің араласуы және іштегі ықпалды топ, кландардың әсері қандай болмақ?

Меніңше, Назарбаевтың беделін ескерсек, бұл процеске сыртқы күштер араласа қоймайды. Егер, ел іші жанжалға жол беріп, топтар мен кландарға, жүзге, жерге бөлінетіндей күрделі оқиға көрініс берсе, олар қарап тұрмайды, араласады. Ал, кландар ара өршіп тұрған шиеленіс жоқ. Олар сол перде артында өзара жасырын тартыстарын жүргізіп жатыр. Олар ашыққа шықпайды деп ойлаймын. Сол сырмақ астындағы теке-тірестерін жалғастыра береді. Ондай топтарға басқадан гөрі үлкен ақша, экономикалық, қаржылық мүдде керек. Биліктің айналасындағы ірілі-ұсақты жемге таласып жүре береді.

– Парламентке билік беріліп, депутаттар сайланса жүздік, рулық қайшылықтар күшейіп кетпей ме?

Ондай факторлар көрініс беру мүмкін. Бірақ, қазір жұрттың көзі ашық, саяси сауаты басым. «Ел боламыз, мемлекет боламыз» деген үлкен идеядағы азаматтар оны қойғызады. Неге десеңіз, ол бізді жақсылыққа бастайтын іс емес. Біздің Қазақстан – тұтас қазақ елі. Сол тұтас күйінде қалады. Біз халықтың арасында қанша патриот бар екенін білмейміз. Ертең сол патриоттар шығады.

– Мемлекетіміздің экономикасын көтеріп отыр дейтін шикізат өндіру саласы –мұнай-газ, кен өнімдерінен қанша кіріс кіріп, ол қайда жұмсалып жатқанын ешкім білмейді. Бұндай деректер неге ашық емес?

– Тоталитарлы жүйеде оған ешкім жауап бермейді. Оның қайда кетіп жатқанын жабық кеңселер өздері біледі. Біз хабарсызбыз. Себебі, ол туралы ақпарат жоқ, оны анықтайтын Парламенттің аты бар да, заты жоқ. Олар үкіметті шақырып алып, жауабын алса, сосын оны жарияласа білер едік. Егер осы жүйе жалғаса берсе, ары қарай да білмеген күйі кетеміз.

– Қазақстанның дипломатия саласында елеулі еңбек еттіңіз. Бұл саладан тәжірибе жинаған адам ретінде қазіргі қазақ дипломатиясы туралы қандай пікірдесіз? Халықарада орны артып, салмағы ауырлады ма?

Біз демократиясы орныққан ел болсақ, шетте жүрген дипломаттарымыздың да әр қадамы анық, ұстанымы нық болады. Ал, авторитарлы жүйедегі елдің дипломаты ашық түрде ештеңе айта алмайды. Өзі жүрген елден бір жағдайды анықтамақ болса, ешкім дұрыс жауап бермейді. «Еліңнің қалай болып жатқаны бізге белгілі» деген позициясын аңғартады. Сондықтан, ол дипломаттарымыз қол қусырудың аз алдында ғана отырады, тек президент, премьер-министр не Парламент басшылары келіп қалғанда ғана бір шаралар ұйымдастырып, жол бастап жүреді. Басқа, өз елін жақсы жағынан танытуға олардың мүмкіндігі жоқ. Әйтеуір, апарған жерінде, дипломат деген статусына сүйеніп қана отырады.

– Дипломатия сөз болғанда, шекара мәселесі алдан шығады? Көршілес елдермен даулы шекара бөліктері бар ма? БАҚ беттерінде жаңа сайланған өзбек президені Ш.Мирзияевтың қазақ-өзбек шекарасын қайта қарайтыны туралы айтылып қалды. Бұл мүмкін бе?

Қозғасын. Егер, Өзбекстан мықты болса. Оларға қазақтың қаншама жері кетті. Біз өзбектен ештеңе алғамыз жоқ. Олар шекараны қайта қараймыз деп қырғыз бен тәжік еліне қоқаңдап отыр. Ал, бізге ауыздарын да аша алмайды. Мен өзбек президентіне қазақ шекарасы туралы аузын жауып, тып-тыныш отыруға кеңес берер едім. Қытаймен де, Ресеймен де даулы шекарамыз жоқ. Қытайға «біздікі» деген жерін беріп, бекітіп алғамыз. Енді олар да үнін шығармауы тиіс. Бізде шаруасы болмасын. Шыны керек, шекаралас біраз елдерге жеріміз кетті, өзбек, қытай және қырғыз бауырларымызға да біраз жер бөлігін беріп қойдық. Ал, КСРО кезіндегі территория бойынша қарайтын болсақ, Ресейге жер бергеміз жоқ, бұрынғы шекараны сақтап қалдық.

– Әңгімеңізге рахмет, сізге әрдайым амандық тілейміз!

Қойшыбек Мүбарак

«The Qazaq Times»