Алатаудың еңісі жазылған дәл етегіндегі ботаникалық бақтан береке кеткелі қашан?! Ит сүйреген тулақтай жұлым-жұлым болған орынды осыған дейін талай қаржыгер құлпыртпақ еді. Тіпті, жобаларын қағазға түсіріп, шенділерге таныстырып та жатты. Мұны естіген жұрттың бөркін аспанға атқаны бар. Бірақ бау-шарбақтың шырайын келтіремін деушілерден сол күйі "ақжолтай" хабар естімедік. Желпіне жең түргендердің үні шықпай қалды, солыңқы бақ та сол күйі түрленбеді.

Алматыдағы ботаникалық бақтың жалпы аумағы 100 гектарға жуықтайды. Онда қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 5 мыңдай түрі кездеседі. Бірақ баққа бас-көз болатын адам таяуда табылмаса, онда табиғаттың осынау тартуын талғажап бітетін түріміз бар.

Фото: QT

Ботаникалық бақ - Білім және ғылым министрлігінің қарауында. Өйткені, ол тек әлемде сирек кездесетін өсімдіктер шоғырланған орын ғана емес, сондай-ақ ол - ғылым ордасы саналады. Мұнда талай тың зерттеулер жасалып, небір жаңалық та ашылған.

Сонымен қатар, ботаникалық бақ Алматы қаласының аумағында орналасқандықтан, оған қала билігі де жауапты. Алайда төрде отырғандардың бұған бас ауыртқысы келмейтін сынды. Әйтпесе, көз қырын салар болса,  әйгілі бақ қазіргідей мүсәпірдің күйін кешпес еді.

Сержан Жұмашов, кәсіпкер. Фото: forbes.kz

Бауыржан Байбек басқаратын қалалық кеңес жадауланған бақтың жайын осыдан бірер жыл бұрын сөз еткен-ді. 2015 жылы белгілі кәсіпкер Сержан Жұмашов ол жерге музей тұрғызамын деп, желпініп еді. Тіпті, Испаниядан әйгілі сәулетшіні шақырып, бұл істі таяуда тындыруға уәде берген. Кейін, бір жыл өткенде кеңеске қайта келіп, қосымша ойларымен бөлісті. Ол ұсынған жоба бойынша ботаникалық бақта жаңа оранжереялар, климатрон, жылыжайлар және мүсіндер бағы ашылатын болған. Бірақ сол жиында айтылған сөз - іс жүзінде нақты жүзеге аспады.

Сержан Жұмашов салмақ болған музейдің нобайы. Фото: buro247.kz

Инвесторлар бос уәде берді делік, бірақ қала басшылығы мұндай салғырттыққа неліктен көз жұмып отыра береді? Қаржыгерлер құлықсыз болса, қала билігі әрекеттенбей ме? Әлде берекесі кеткен әлгі баққа әдейі араша түспей отыр ма?

Шынтуайында, Алматыдағы бас ботаникалық бақ - мемлекеттік қорғауға әлдеқашан алынған.  Қағаз күйінде ғана қорғалғаны болмаса, "қазынаға" қарайлап жатқан ешкім жоқ. Жауаптылар төңіректі тегіс қоршағанымен,  ішіндегі өсімдік біткен жапырылып жатыр. Сондықтан бұл мәселе жуырда шешімін таппаса, "қала жақұтын" жоғалтып алуымыз бек мүмкін...

“The Qazaq Times”