Катар патша әулетінің мүшесі шейх Абдуллах бин Әли Әл-Тани өзінің бірнеше ай бойы еркінен тыс БАӘ-да ұсталып, қысымға ұшырағанын хабарлады. Ол сондай-ақ Парсы шығанағындағы дипломатиялық дағдарыс Сауд Арабиясы мен БАӘ-ның Катардың байлығын иемдену үшін ұйымдастырған амал-әрекеті деп жариялады. Катарлықтарға мемлекеттілігін сақтап қалуға мұқият болу туралы ескерту жасаған Әл-Тани Әл-Жазираға берген аудиохабарламасында ешкімге зиян келтірмес үшін, өз өміріне қол салатынын жеткізген. 

Шейх Абдуллах бин Әли Әл-Тани Сауд Арабиясы мен БАӘ тарапынан Катардың қазіргі билеушісінің орнына ұсынылып келген кандидат болатын. Бес Араб мемлекеті Катардың әуе, құрлық және теңіз жолдарын жауып, "терроризмді қолдады" деген айыппен дипломатиялық блокада орнатқан маусым айынан кейін, ол Сауд Арабиясы мен БАӘ телеарналарында Дохаға қарсы енгізілген шараларды жақтап, пікір айтып жүрді. Блокададан кейін осы екі мемлекетте тұрған Катар патша әулетінің мүшесі 14 қаңтар күні өзінің күшпен ұсталып отырғанын және өміріне қандай да бір қауіп төнсе, БАӘ әмірі кінәлі болатынын хабарлап, арнайы бейнежазба жариялады.

15 қаңтар күні Әл-Жазира алған аудиожазбада шейх Абдуллах бин Әли Әл-Тани өзінің отбасынан қол үзіп, еліне орала алмауына БАӘ әмірін кінәлап, Парсы шығанағындағы дағдарыс Катардың байлығын қолға түсіру үшін әдейі ұйымдастырылғанын айтқан. Сауд Арабиясы мен БАӘ әмірлерінің Катарға қатысты мүддесін жария еткен аудиожазбада ол өз елінің азаматтары мен қазіргі билеушілерін жоғарыда аталған мемлекеттер ұсынған қаражат пен алтынға алданып, өз Отанын өз қолдарымен құрдымға жіберіп алмауға кеңес береді.

Катар университетінің профессоры Маджед әл-Ансари шейх Әл-Танидің аталған мемлекеттердің басшыларына жақын жүргендіктен, олардың жоспарына қанық болуы әбден мүмкін деп есептейді. "Катар дағдарысы басталған уақытта белсенді болған Әл-Танидің кейіннен көзден таса болып кетуі, оның аталған мемлекеттермен әріптестігі тоқтап, қысымға ұшырағанын көрсетеді" ,- деді ол. Осы тұста аталған мемлекеттер Катар патша әулетінің мүшесін еркінен тыс ұстап отырғанын жоққа шығарғанын атап өту керек.

Сәрсенбі күні шейх Абдуллах бин Әли Әл-Тани Кувейтке жеткізіліп, бірден ауруханаға жатқызылды. Оның ағасы Әл-Жазираға берген сұхбатында бауырының денсаулығы Араб мемлекеті басшыларының қысымынан күрт нашарлағанын жеткізді. Соңғы деректерге сәйкес, оның жағдайы бірқалыпты және жақын күндері ауруханадан шығарылуы мүмкін.

“The Qazaq Times”