Сүрия Үкіметі өз территориясына ұшып кірген Түркияның әскери ұшақтарын атып түсіретінін мәлімдеді. Бұл шешім осыған дейін Түркияның Сүриядағы Африн аймағында орналасқан күрд жасақтарының көзін жою үшін әскери операция бастайтыны жөніндегі  хабарламасына байланысты қабылданып отыр. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.

Түркия тарапынан таратылған Сүрияның шекаралық аймақтарындағы күрд жасақтарына кез келген уақытта шабуыл жасауы мүмкін екендігі туралы мәлімдеме АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күрескен күрд әскери жасақтарымен бірлесіп шекара әскерін құру туралы бастамасынан кейін жасалды. Өйткені YPG деп аталатын күрд жасақтарының басым бөлігін құрайтын Сүрияның Демократиялық күштері АҚШ жоспарлаған 30 мың адамнан тұратын "шекара әскерінің" құрамына кіретіні айтылды. Түркияда бұл YPG ұйымы террористік топтардың қара тізіміне ілінген. Өз елінде күрдтердің көп жылғы қарсылығымен жиі ұшырасып келген Түркия Үкіметі Сүриямен шекарада АҚШ қолдарына қару беріп, жаттықтырған күрд жасақтарының болғанын қаламады.

Күні кеше АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Түркияның "Шекара әскері құрылса, қос мемлекеттің қарым-қатынасы қиындай түседі" деген ескертпесінен кейін, жағдай  кей адамдардың ойларын дұрыс жеткізбегендігінен қате түсіндірілгенін,  шын мәнінде Американың күрд жасақтарымен ешқандай байланысы жоқтығын жариялады.

SANA ақпараттық агенттігінің дерегіне сәйкес,, Сүрияның Сыртқы Істер министрі Файсал әл-Михдад: "Сүрияның әуе кеңістігіне Түркияның әскери ұшақтары кірсе, оларды атып түсіретінімізді ескертеміз", - деп хабарлаған.

“The Qazaq Times”