Қазақта Ш. Уалиханов алғаш естелікке алған, есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мынадай бір аңыз бар – «Әлем жаралудан бұрын әуен жаралған екен. Ол бастапта ғарышта өмір сүріпті. Бір жолы ғарыштағы әуен әлемді шарлап көруді ойлайды. Жер бетіне жақындап келеді. Бір жерден аласа екінші жерден биік ұшыпты. Әуенді жерде жасап жатқан барлық халық өзінше естіпті. Қазақ даласына келгенде, әуен тіптен аласа қалықтап өтсе керек. Сондықтан біз, қазақтар әнге бай, әнші халық болған екенбіз» деп мақтана айтатын аңыз.

Ескі күнде қазақ шынында ән мен саз өнерінде өзіне ешкімді тең баламаса керек. Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынының өзі бүгінге үзілмей жеткені, біріншіден, халықтың ұлттық жадындағы қуаттылық болса, екіншіден халық тудырған өнердің өміршеңдігі. Нағыз саф өнер үлгісінің ғұмыры ғана ғасырдан ғасырға жалғсып, ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек.

Қазақтың қазыналы өнерінің бірі – ән өнері. Қазақ қай дәуірде де әсем әнін салып, күмбірлі күйін шерткен. Елдің іргесі сөгіліп, ата жұртынан ауа көшіп «жапанның сары даласына шұбырып» бара жатып та «Елім-айлап», «Ағажай-Алтайлап» ән салып, даланы сазбен идірген. Беймәлім өмірдің есігін жылап ашқан баланы әнмен қарсы алып, бұл өмірмен қоштасқан жақынын әнмен шығарып салған. Бесіктегі сәбиін бесік жырымен тербеткен. «Туғанда дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына кірген». Қуанышын жұртқа жайған тойын да тойбастармен бастап, ұзатылған қызы сыңсу мен аужар, тойдағы қыз-бозбала жар-жар айтып көңілін жұбатқан. Келіп түскен келінін беташармен қарсы алған. Бұндай халықтың өнерге деген ғашықтығы адамзаттың саз өнеріне орасан үлкен үлес қосты.

Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен түсірілген "Біржан сал" филімінен.

Қазақ ән өнерінің алтын дәуірі –  ХІХ ғасырдағы сал-серілер кезеңі болды. Сол кездері қазақ әні мәтіні жақтан түрленіп, мазмұны кеңейді. Салмағы артты. Көшпелі өмірдің өрісі әлі де болса тарыла қоймаған, бабадан қалған мекенде, бабадан қалған салтымен, бабадан қалған асыл өнерін жалғастырған сол кездің қазағы ән өнерінде не бір аты өшпес сал-серілерді тудырды. Г.Потанинның «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген бағасы да, әне сол кездегі қазақтың әніне берілген баға болатын. Одан бергі кезеңдерде қазақ әнінде даму-өркендеу болғанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, ұлттық құндылық пен ұлттық сыр-сипаттық тұрғыда ақсай бастады.

Көптеген өнертанушылар кеңестік кезеңдегі қазақ ән өнерін бес кезеңге бөліп қарастырып келеді. Алғашқысы, 1917 жылдан 1931 жылға дейінгі ревалюциялық сипаттағы әндер. Бұл кездегі әндер мәтіндік жақтан қызыл түс алғанымен, әуені байырғы сал-серілер заманындағыдай халықтық бояудан арылмаған кезеңі еді. Екінші, үшінші кезеңдерде қазақ ән өнері профессионалды музыка өнеріне айналды және қазақ музыка өнері опера, симфониялық музыка, халық аспаптар оркестрі, хор сынды салаларға дамыды. Әндерді орнындағанда бұрынғыдай бір ғана аспаптан гөрі бірнеше музыкалық аспаптардың немесе ансамбльмен сүйемелдеп жеткізетін бір сатылық дамуға аяқ басты. Әндерде романтизм тереңдеп дамыды деп айтуға болады. Алайда, осы тұстан бастап қазақ әні ежелгі сарынынан ауытқығанын байқаймыз. Осы кезге дейін дәстүрлі ән өнерінің өзегін ұстап келе жатқан қазақ ән өнері, жалпы кеңестік мелодиялық стильге ауысты.

Соңғы кезеңдерде эстрадалық әндер пайда болды. Алғашқы қазақ эстрадасында өзгелерге ұқсамайтын бояуы да болды. Әрине, бұл жалпы қазақ әні тұтастай қотарылып өзгеріп кетті дегендік емес. Солай бола тұрса да, тыңдарманға кеңінен таралған әндердің көбі сол кездегі қоғамдық-тарихи жағдайларға байланысты өзгеріп, дәстүрден алшақтау сатысына қадам қойды. Әлбетте, бұл кезде қазақ музыка өнеріне елеулі еңбек еткен өнердің айтулы өкілдері болды. Қазақ музыкасын, ән өнерін зерттеген өнертанушылар мен музыка зерттеушілері болды. Отарлықтан заманда өткерген ел тарихы, сол уақыттағы саяси жүйе, қоғамдық үрдіс халықтың санасына өткеннің бәрін ескілікке балайтын ойды таңды. Сөйтіп, көшпелі өмірден күн санап алыстаған халық, өзінің көшпелі тұрмыс-тіршіліктен тамырын тартқан қазақ әнінің бояуынан күн санап алыстап бара жатты.

Дала сазгері және балбал тас

Кеңес уақытында қазақ ән өнерінің ең бір осал тартып, кейінге жетпей, кейбірі түбегейлі халық арасынан жоғалған саласы ғұрыптық әндер еді. Мол қазынаның жоғалуына ғұрыптың, тұрмыс-салт тіршілік дағдысының өзгеруі әсер етті. Ежелгі тұрмыс салтынан жаңылған халықтың ғұрпы да өзгерді. Бұл ғұрыптық әндер әнді тек қазақ әндерінің ескі қазынасы болып мұрағаттарда қалып қойды. Ғұрыптық әндердің ұмытылуы мен бірге өзге де ұлттық бояудағы әндердің орнын жаңа ағымдар мен эстрада ала бастады. Тәуелсіздіктен кейін де бұл үрдіс қалпын бұзбады деуге болады. Қазақ эстрадасы тәуелсіздіктен кейін тіпті әуелгі қалыптасқан дағы стилінен де басқа бағытқа дамыды.

Ән өнері дегеніміз орындаушылық қана емес, ән салу, ән шығаруды қамтиды. Бүгінгі күні қазақ ән өнері төңірегіндегі қордаланған мәселе қаншалық көп болғанына қарамастан, қазақта әнші де көп. Әрине, өнер өкілдерінің көп болғаны қуанарлық жайт. Десек те, «әншінің бәрі бірдей өзінің киесі мен жауапкершілігі ауыр өнерде жүргенін сезіне біле ме?» деген түйткілді мәселе бар. Әнші-сазгер, композиторларымыздың музыкалық білімі мен дүниетанымы қаншалық деңгейде екеніне есті тыңдарман өзі-ақ бағасын береді. Әншілер мен композиторлар арасында дау пайда болды. Қазаққа кеткен әнін жоқтап келетін шетелдіктер де шығып жатты. Осының өзі біздің ән өнеріміздің қаншалықты төмен деңгейде екенін аңғартып келеді. Қалай десек те, бүгінгі әніміз бағзы қазақ әндеріне мүлде жат бір сарындармен бұлғанды. «Біреудің қаңсығы біреудің таңсығы» дегендей өзге жұрттың қаңсып қалған бір әндерін әрлеп-бояп әкеліп, қазақ әнінің қатарына қосудан ұтарымыз не? Атын-атап түсін түстемесек те, осындай әндер мен әншілер, композиторлар «хит ән», «жұлдыз» аталып қазақ сахнасында жүр.

«Айналайын қарағым, айдан да әппақ, Сендей жарды ер жігіт қайдан таппақ» деп салатын немесе «Ләйлім-шырақ дегенде, Ләйлім шырақ, таудан аққан құм қайрақ сіз бір бұлақ» деп алыстан сермеп, толқытып, жаныңды жадырата, қалқыта салатын сал-серінің бүгінгі ұрпақтары «Мария магдалина... чип, чип, чип» деген секілді, иә болмаса, «бізде бәрі чики, чики» деген сынды қазақтың сөздік қорында жоқ түсініксіз сөздермен жұртты жын ұрғандай еліктіруге қалай құштар болды екен?! Жалпы, дәстүрлі және халық әндерінде «халалау», «ахахау», «хаулелелилай» сынды қайырмаларында құйқылжыта шырқап, дауысты түрлендіре тербейтін, кейде иірім ауыстырып отыратын көркемдеуіш құралдар бар. Бұның келіп шығуы туралы музыкатанушы, өнертанушы зерттеушілер нақты ортақ пікірге келген емес. Біздіңше, бұның шығу тегі сонау бағзыдағы қазақ музыкасының шығу тегінде жатқан секілді. Қазақ музыка өнерінің ең алғашқы өкілдері бақсылар екеніне барлығы да келіседі. Олай болса, бұл көркемдеуіш құралдар да сол бақсылар сарынынан келіп шыққан. Бақсылар сарынында осыған ұқсас одағай сөздер көп кездеседі. Кейін ән өнері өз алдына дами келе, осы одағайларды халық өнерпаздары тың көркемдеуіш құрал деңгейінде дамытқан. Осыған қарап-ақ, қазақ ән өнері тамырының тереңде екенін байқауға болады. Олай болса, бүгінгі әннің  «чип, чип, чип», « чики, чики», «нананей» сынды қайдан шығып, қалай келгені белгісіз «дыбыстауларына» не десек болар екен?!

Бұл күнде жалпы қазақ әншілері: дәстүрлі әншілер және эстрада әншілері болып екіге жарылды. Студиялық оңдеу технологиясының дамуына ілесе, эстраданың мүмкіндіктері зорайды. Сүйемел музыкалардың ауаны кеңейді. Әншінің өзі өмірінде көрмеген аспаптардың әуезімен әнін әрлеп жеткізу арқылы, эстраданың аудиториясы барынша ұлғайды. Алайда, кең аудиторияны жаулаған қазақ эстрадасындағы әндердің естісі аз да, есері көп. Осындай «ауруын жасырғанымен өлімі әшкере» күйдің жұрттан несін бүгейік.

Ал, арыдан жалғасын тапқан, Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр дәстүрлі ән мектептерінің бүгінгі жалғасы, арнайы ұстаздардың алдынан өтіп кең диапазонымен, күрделі ырғақ-иірімдерімен, кемел құрылымдарды меңгеріп, нағыз қазақ әнін әспеттеген дәстүрлі әншілердің аудиториясы тарылып тұр. Бұл дегеніміз, бір ғана ән өнерінің емес, халықтың бойындағы сырқаттың табы емей не?! Адамды ізгі ой мен көркем санаға жетелемейтін, шетелдің әуендерінен бұзып-жырып, құрасытырып, халықты алдап жүрген кей жұлдызсымақтардың кесірінен халықтың талғам-таразысы төмендеді. Бүгінгі жұрт даңғаза музыка шықса болды, жанрын талдап жатпай-ақ, билеп ала жөнеледі. Көркемөнерге эстетикалық талғамы таязыған жұрттан қандай ұшқыр, дербес ойлы, интелектуалды ұлт құратынымызды түсінбейміз.

Қарап отырсаңыз, шын классикалық өнер туындысы өлмейді. Оқырман, сіз сәп салып байқадыңыз ба?! Адам өзімен-өзі қалғанда сананың тереңінде сақталып қалған әндерді ыңылдап айтып отырады. Бұл, сірә, сіздің еркіңізден тыс болса керек-ті. Кейде осы әннің аузыңызға қалай түсіп кеткенін байқамайсыз да. Ал, бағамдап көрер болсаңыз, осы әннің басым көпшілігі сіздің қаныңызда информациясы бар, ұлттық болмыстан тамырланған әндер. Әрине, жастық шақтың өзіне тән не нәрсеге де қызу қанды, қабылдағыш, бойұрғыштығы бар. Ол кезде сізге жолыққан жат әуендер де санаңыздан орын теуіп, ұмытылмай қалуы мүмкін. Алайда, байсал тартып, оң-сол танып, жасыңызда болмаса да, жаныңызда жасамыстық орнай бастағанда, табиғи түрде ұлттық сарындағы әуендерге аңсарыңыз ауа бастайды. Оның әуеніндегі саздылық, сөзіндегі пәлсапалық тереңдік сізді қайта-қайта таңдандырады. Сіздің тамырыңызда шынымен де ұлттық қан бар ма, бар болса түбі сіз қазақ әніне деген ғашықтығыңызды табасыз. Сол әуенді адасып жүріп табасыз. Ұмыта алмайсыз, ұмытып кетсеңіз де әлдеқалай естіген жерден жаныңызға бір күшті ләззат ағыны болып кіреді. Нағыз өнерге тән қасиет те осы болса керек. Бұндай өлмес туындыны біздің халық, халық композиторлары тудыра алды. Кешегі, Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Сегіз Сері, Мәди, Иманжүсіп, Естай, Кенен тағы басқа аты белгісіз дала композиторлары тудырған әндер халықпен бірге әлі жасап келеді. Бүгінгі әуен жұтаңдаған сайын, олардың қадір-қасиеті биіктеп барады. Олардан бергі Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов, Бәкір Тәжібаев, Әбілахат Еспев, Кеңес Дүйсекеев сынды совет заманындағы сазгерлердің халықтық сипат алған туындылары да жүрекке жылы.

Қазақ эстрада жұлдыздары

Окініштісі, осындай ұлттық әуендердің, дәстүрлі сарындардың бұл күнде орындаушысы көп те, тудырушысы жоқ. Қазақ ән өнеріндегі ең үлкен қайғы осы деуге болады. Неге сол халық әуендерін, халық композиторларының әндерін майын тамызып орындайтын әнші, өнерпаздарымыз бар да, тап сол сарынның жалғасымен өнер туындысын жарататын композиторларымыз жоқтың қасы. Қазіргінің жүрдім-бардым жеңіл әндері сізге өмірлік жолдас бола алмайды. Бір сөзді, бір ырғақты қайталаумен ырықсыз түрде санаңызға тықпалап, зорлап жаттатқан ән қалай оңай жатталса, солай тез ұмыт болады. Ал, қай кезде де көне досыңдай жадыңнан қалмайтын ұлттық әндер сізге баянды жолдас болары анық.

Ән тағдыры – ұлт тағдыры. Бір елдің көркемөнері сол елдің санасын, сол елдің дүниетанымын айдан да анық бейнелеп береді. Осындай кірмесі мен шатысқан «шатасы» көп, сөзінде іліп алар мағына жоқ әнімізден өзгелер біздің ұлттық санадағы сырқатымызды тауып, оны өзімізге құрал етіп жұмсамасын деңіз.

Естай Божан