16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының өзін ресми түрде Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған күні және 1986 жылы қазақ жастарының «Қазақты қазақ басқарсын!» деген ұранмен алаңға шығуына себеп болған күн. Бірақ... Бірақ қазіргі кезде бұл екі атаулы күннің де саяси салмағы жоқ екені ақиқат. Өйткені 16 желтоқсан «Тәуелсіздік алған күніміз» деп жарияға жар салғанымызбен, 1986 жылы  желтоқсанда алаңда қаны төгілген қазақтың рухын асқақта алмай келеміз. Олардың істеген ерлігі болашақ ұрпақтың санасынан сөніп барады. Ал оны жаңғыртатын дүниелер әлі «мұрағатта» жатыр. Солардың бірі «Аллажар» фильмі екені анық. Иә, бұл фильм жарыққа шыққан. Youtube желісінен 2 жарым сағатын көруге болады. Бірақ  фильм қазақ халқына толық жетуі керек еді. Күнде болмаса да, Тәуелсіздік күні келген сайын әр телеарнадан сапалы түрде көрсетілуі керек еді. Алайда оның әлі толық жарық көрмеген лентасы жатыр... Ал оны шығаруға не кедергі? Кім неден қорқады? Бұл сұраққа фильм режиссері Қалдыбай Әбенов, режиссердің көмекшісі, Желтоқсаншы Ерлан Декелбай және журналист Көлбай Адырбекұлы жауап берді.

Ерлан Декелбай, Желтоқсаншы: Жоғарыда отырған адамдардың эфирде көрсеткісі келмеуінің бірден бір себебі – «Аллажар» фильмінде басқа да өзге ұлттар бар, қазақтарды сабап жатқан. Олар содан қорқады, ұлтаралық қақтығыс туып кете ме деп. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, шын мәнінде 1986 жылы қазақтарды ұрып-сабаған Кремльдің сайқал саясаты. Солардың нұсқауымен орыстар мен қазақтардың арасында үлкен соқтығыс болды. Бірақ қазақтар алаңға шыққанда орыс халқына қарсы шыққан жоқ. Ол алаңда ешқандай орыс халқына қарсы қандайда бір болмасын лозунгі де болған жоқ. Жастар тек қана осы Мәскеудегі орталық саяси бюро шығарған шешімге қарсы болды. Ол жерде «ұрыңдар-соғыңдар» деген ұранды ешкім тастаған жоқ. Екі күн алаңда болып, ешкім басқа ұлттарға қарсы шығу мәселесін көтерген жоқ. Керісінше, жергілікті органдардың, ГорКом, ОбКом сынды органдардың жоғары жағынан келген нұсқау бойынша зауыттарда арматуралар дайындалған. Зауытта істейтін дружинниктерге арналған арматуралар дайындалған. Ал дружинниктер славьян өңдес басқа ұлт өкілдері болған. Соларды әкеліп алаңға қойып қойған, қазақтармен қырқыстырып қою үшін. Кейін сол арматуралардың барлығын 1986 жылы желтоқсан айының 20-21 күндері аралығында жүк таситын мәшинелердің үстіне жиып қойып суретке түсірген, оны ақпарат құралдарында «Демонстарнт жастар, студенттер осындай арматураны пайдаланып, солдаттарға қарсы шықты» деп, біздің мойнымызға ілді. Ал кейбірі рукаятка жасап, оның бас жағына мата ораған, ұрған кезде өлтіріп алмас үшін дегендей. Ал енді соны зауытқа барып қай студент жасайды? Айтыңызшы?!

«Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов (ортада) пен журналист Көлбай Адырбекұлы және Желтоқсаншы Ерлан Декелбай. Фото: QT

Біз 1986 жылғы оқиғадан кейін түрмеде жүрген кезде бізді түрмеден босатып алатын қазақ интелигенцияларынан біреу бар ма екен, біздің басымызды қосып құшағына алатын ағаларымыз бар ма, жоқ па?» деп жүрдік. Содан 1989 жылы алғашқы интелегенциялардың бірі «Қазақфильм» киностудиясының режиссері Қалдыбай Әбенов ағамыз түрмеде отырып келген Желтоқсаншылардың басын қосып, офис беріп «Желтоқсан» деген ұйым құрып, соның негізін қалап беріп, біздің жоғымызды жоқтады. «Аллажар» фильмін халыққа көрсетуге үлес қосты. Қазақ интеллигенциясында Желтоқсаншылардың алғаш басын қосқан да - Қалдыбай Әбенов. Мен басқа ешкімді білмеймін, танымаймын да. Мен осы фильмде Желтоқсаншы ретінде режиссердің көмекшісі болып істедім. Міне содан бері Қалдыбай ағамен бірге келеміз. Бірақ Қалдыбай аға осы «Аллажар» фильмін жарыққа шығарамын деп бізден де көп қиындық көрді. Желтоқсанның ызғарына бізбен бірге тоңды...[...] Бір емес, ондаған жылдар бойы ақпарат құралдарына да Желтоқсан туралы тақырыпқа мүлдем тыйым салынды. Теледидарға шыға алмадық, газетке жаза алмадық. «Жас Алаш» сынды газеттерге жазылғанмен, мықты ықпалы бар телеарналарға шыға аламадық. Телевидениеге де, журналға да бардық. Біз онда Үкіметті жамандайық деп отырған жоқпыз. Тек қыры мен сыры ашылмаған Желтоқсан туралы айтқымыз келеді. Біз 86 жылдан бастағанда 29-30 жылдық тарихты, Қалдыбай ағаның 6 сағаттық материалын бейнетаспа ретінде жарыққа шығарғымыз келеді. Бірақ біз оған әлі жете алмай жатырмыз. Оған қаражат керек. Қол бар, адам бар жасайтын. Бірақ қаражат тапшы. Үкіметтен де көмек жоқ.

Көлбай Адырбекұлы, журналист: Мұнымен («Аллажар» фильмін шығарумен - ред.) бәрі күресіп келе жатыр. Күрес, майдан жүріп жатыр. Бірақ бізде мұның саяси бағасы берілмей отыр. Алдымен саяси бағасы берілу керек. Үлкен жиналыс болып, бұл сонда көтерілу керек. Оның орыстарға емес, тоталитарлық жүйеге қарсы болғаны туралы мәселе көтерілу керек. Жалпы қазақ тарихында тоталитарлық жүйеге қарсы 372 көтеріліс болған. Соның ең саналысы, нәтижелісі осы. Ал ол неге нәтижелі болды? Себебі бұл жерде қазақтың оқыған жастары болды. Басқа көтерілістердегі адамдардың сауаты болмады. Ал осы Желтоқсан көтерілісіндегі жастар сауатты. Бұлардың қойған талабы да сауатты болды. Олар «Әр ұлттың көсемі болсын!» деген ұранды саяси аренаға алып шықты. 1950 жылғы жастар 37 жылдың қуғын-сүргінін көрді. Содан олардың мысы басылды. Үкімет не десе соған «мақұл» деді. 60 жылдың жастары да «Мәскеудің айтқаны болсын» деді. 70 жылдың жастары да бұған көнді. Ал 1980 жылдың жастары тіріле бастады. Олар 37 жылғы қуғынды көрген жоқ. Бұларда балалық болды, еркіндеу өсті. Содан олар «орыс неге бізді басқарады?» деп жүйеге көнбеді. Оны намыс көрді. Оның үстіне бәрі оқыған көзі ашық студенттер. Әр елдің өз өкілдері өз ұлтынан екенін түсінді. Өздерін басқа ұлт өкілінің басқарғанын намыс көрді.  Осыдан кейін де олар алаңға шықты. Содан кейін «ұлтшыл» деп ұлт интеллигенциясын қуғындай бастады. Жұмыстан шығарды. Басқа ұлттың қолшоқпары оларға төніп тұрды.

«Аллажар» фильмінің әлі жарыққа шықпаған лентасы осылай бір бұрышта жиналып тұр. Ал оны шығару үшін қаржылай көмек керек. Фото: QT

Қалдыбай Әбенов, «Аллажар» фильмінің режиссері: 1989 жылы маған Голландиядан, Швеция, Америкадан келді. Менде шведтердің газеті бар. Солар келіп «Аллажардың» материалдарын көріп, Желтоқсан туралы біраз хабардар болғаннан кейін газеттеріне жазды. Шведтер "Осы уақытқа дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға басқалардың көзқарасымен қарап келдік. Біз енді түсіндік» деп, қазақ халқынан кешірім сұрайды. Өйткені олар осы күнге дейін тек Мәскеудің ақпаратын білді. Бірақ біздің материалдарымызды көріп болғаннан кейін олардың көзқарасы өзгерді. Мұның өзі қазақ тұлғаларының жасаған үлкен жұмысы. Оның ішінде Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев та бар. Олар көп еңбек етті, Желтоқсанға. Содан олар (америкалықтар - ред.) осы материалдарды алғаннан кейін келесі жылы кітап шығарып қайта келді. Ол кісілерді үйге шақырдым. Кітапты көрсетіп туыстарыма мақтанып жатырмын «Желтоқсан туралы осындай кітап шықты» деп. Бір кезде америкалықтар сумкасын ашып жап-жаңа 100 долларлық банкноттармен 10 мың долларды үстелдің үстіне қойды. Бірақ мен «Желтоқсан туралы айтқандарыңыз үшін, осындай кітап шығарғандарыңыз үшін рахмет. Біз осыны айттыра алмай жүрміз» деп алған жоқпын. Біз ол кезде оның құнын түсінген жоқпыз, түсінбегеніміз де жақсы болған. Соған қауанам. Ал қазіргідей «сұрқия» болсам, ол долларды алып қояр едім. Өйткені қазір бәріміз доллардың құнын біліп «сұрқия» болып алдық.

Біз міне, ниетіміз осындай таза болған соң да жеңіске жеттік. Өйткені бүкіл дүние жүзіне Қызыл империя болып танылған, Гитлер құлата алмаған, үлкен соғыстарда берілмеген империя осы Желтоқсан көтерілісінің арқасында быт-шыт болды. Оны кейін бәрі мойындады. Сол Қызыл империяның қабырғасын қазақ жастары сөкті. Сол қазақтың батыр рухының арқасында, ар намыстың арқасында Кавказ, Прибалтика, Тбилиси, Баку көтеріле бастады. Ашық айқасқа шыға бастады. Бірақ олар 89-90 жылдары шықты. Себебі қазақ көтерілгеннен кейін олар да көтерілді ғой. Бірақ қазақ халқының рухының мықтылығын, келбетін, кескінін, ер тұлғасын көрсетуге біздің шамамызды келтірмей жатыр. Ал ол үшін Желтоқсан туралы жазылған әр кітап балабақшада оқытылуы керек, «Аллажар» фильмі әр отбасында болуы керек. «Аллажарды» менен сұрайды. Мен оны бере алмаймын. Менде кассета жоқ. Оны көбейтуге күшім жоқ. Сондықтан біз мәселені басқа тұрғыдан көтеріп үйренуіміз керек. Мені ұрды, мен таяқ жедім деген қазір керек емес. Керісінше, біздің жасаған іс әрекеттеріміз керек. Сол іс-әрекеттерді жасау үшін қазір еңбек етуіміз керек. Біз қазіргі жастарға «Желтоқсанды, Қайратты білмейді» деп ренжиміз. Ал бұл жастардың рухының, намысының жоқтығынан емес, біздің жасаған іс-әрекетіміздің оларға жетпей жатқанында. Ал оны істеуді қазіргі Президент Назарбаевтен күтуіміз дұрыс емес. Өйткені ол кісі өзінің тарихын өзі жазып жатыр. Ал біз өз тарихымызды қайта жасауымыз керек. Сол 86 жылғы Желтоқсан оқиғасын «еске алайық» деп 40-50 мың адам алаңға шығу керек. Бірақ ол орындалмас арманға айналып барады. Өйткені 16 желтоқсанда студенттерді ешқайда шығармайды. Демалыс беріп, бәрін қуып жібереді. Ал бас көтеретін сол жастар. Оларды қуып жібергеннен кейін біз не істейміз?! Біз істейтінімізді істедік. Бірақ біздің қазақ жастары сол тоталитарлық режим қайта келсе, керек болса быт-шытын шығарады. Бірақ біз өз арамыздағы, қазақ арасындағы бірлікті ұмытпауымыз керек.

“The Qazaq Times”