АҚШ пен Ресей арасындағы «ақпараттық соғыс» толастағанды қойып, барған сайын өрши түсуде. АҚШ «Россия» телеарнасын қара тізімге енгізгеннен кейін, Ресейде көп өтпей қарсы ақпараттық шабуыл жасады. Америка Құрама Штаттары мен Ресей Федерациясы арасындағы «ақпарат соғысы» идеологиялық және үгіт-насихат күресін күшейте түсті. Бұл екі елдің қарым-қатынас шиеленісін күшейтіп, тіпті кезектескен санкцияларын ұзақ уақытқа созбақ.

Қытайдың "Шинхуа" агенттігінің хабарына қарағанда, Қыркүйекте АҚШ Әділет министрлігі АҚШ-тағы «Russia Today» ашқан филиалдардың «шетелдік өкілетті агенттігі» ретінде тіркелуін талап етті. Олай болмағанда министрлік сондағы америкалық қызметкерлерге қарсы, банк шоттарын бұғаттау және қамауға алуды қамтыған қатаң шаралар қабылдайтынын мәлім етті. Алайда, «Russia Today» каналдары бұл талапқа батыл қарсылығын білдірді. Бірақ олар компанияның қызмет қимылын қамтамасыз ету үшін тіркелу жұмысын жақын арада бітіруіне тура келеді.

«Шетелдік өкілетті агенттік» дегеніміз - шетелдік үкіметтің өкілетті ұйымы. Мұндай ұйымдар АҚШ-та саяси тұрғыда белсенді іс-қимыл жасау үшін үкіметке шетелдік ресми тұлғалармен қарым-қатынасынан, АҚШ-тағы барлық іс-қимылы мен қаржылық көрсеткіштерінен мәлімет беріп отыруына тура келеді. Бұл алдағы уақытта Құрама Штат жерінде аталған каналдың шектеуге ұшырайтынын аңғартады.

АҚШ-тың бұл қадамына Ресей де қарымта соққы бағыттады. Ресей мемлекеттік Думасы 15 қараша күні, шетелдік БАҚ өкілдерін «Шетелдік агенттік» ретінде тіркеу шешімін шығарды. Заң жобасын Федералды Кеңес қабылдайды. РФ президенті қол қойғаннан кейін ресми күшіне енетін болады. Бұл жобаға сәйкес Ресей үкіметі «шетелдік агенттік» деп таныған БАҚ немесе ұйым РФ-ның 2012 жылғы қабылдаған ақпарат көздерін бақылау заңына бағынатын болады, яғни, кез-келген ақпаратты қоғамға жариялау кезінде өзінің «шетелдік агенттік» дейтін салауатын ескертіп отыруына тура келеді. Бұдан сырт, «шетелдік агенттіктер» міндетті түрде Ресей үкіметіне тіркелген болуы, қаржы көздері туралы есеп беруі, қаржыны жұмсау көздері мен мақсаттары туралы да есеп беруіне тура келеді. Оған қоса ресейлік құқық қорғау орындары аталған салауатқа ие орындардың заңға сәйкестігін тексере алады.

Бұл екі держева арасындағы қазіргі «медиа соғысының» көрінісі. Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын, Трамп Құрама Штаттың президенті болғалы тұрған кезде әлемдік БАҚ екі елдің ара-қатынасының жақсаруынан үміт бар екенін айтып еді. Алайда, Трамп таққа отырып Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға тырысқан алғашқы кездерден-ақ, екі ел арасындағы «тылсым күштер» аттас заряд секілді үкіметтерді екі жаққа итерді.

Қытайдың ең үлкен ақпараттық агенттігінің хабарына сәп салар болсақ, тап осы мәселеде де Ресейге болысқанын байқаймыз. Айталық, бұл тыйым салулар арқылы «Медиа соғысын» ашқан Уашингтон деп көрсеткен. Оның өзі де белгілі дәрежедегі ақпараттық соғыс. Бірақ біз Ресейдің АҚШ-тағы арналарының қандай бағытта жұмыс істеп отырғанын дәл қазір нақты бағамдап, оқырманға айтып бере алмағандығымыздан, бұл айыптауды таразыға тарта да алмаймыз.

Екі елдің таратқан ақпараттарынан тартып, киноларына дейін идеологиялық соғыстың қан майданын суреттеп келеді. Мәскеу Батысты айыптаса, Батыс Мәскеуді кінәлайды. Ақпараттағы дербестік біздің шын тәуелсіздігіміз үшін ең алғашқы баспалдақ. Бұл тұрғыдан алғанда, белгілі деңгейде Қазақстан да Ресей мен АҚШ арасындағы ақпарат соғысының бұрқасынына ілініп отыр. Сондықтан ақпараттың дербестігі тұтас Қазақстан, қала берді қазақ қоғамының дербестігінің бірден бір кепілі.

“The Qazaq Times”