Бұл менің өмірімдегі ұмтылмас оқиғалардың бірі. Өйткені, мен сол жолы намысымды қорғап, ерлік деген ұғымның жай сөз ретінде емес, шынайы әрекет түрінде ғана іске асатынын сезінген едім. Сонымен оқиға былай болды.

Төртінші разъездегі кезіміз. Веснада тұратын Сапар деген жол мастері шілдехана жасап, оған бізді де шақырған. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деп, біз де сәбидің өмір есігін ашқан ақ тілеуіне бармақшы болдық. Алайда, разъезді иен тастап кетуге болмайды. Оның амалын да таптық. Қаражыңғылдан кейін бізге жақын тұратын Үшінші разъезде жұмыс істейтін Ольга Гарбузова деген қыздан орнымызға келіп қарай тұруды айттық. Ол келісті. Оның разъезінде Ким деген корей жігіт қалатын болды.

Сонымен, біз шілдеханаға жол жөндеушілердің машинасымен кеттік. Веснаға дейінгі аралық он екі шақырым болатын. Шілдеханаға біраз адам жиналған екен. Жалғыз үй болған соң зерігіп, ішің пысады ғой. Жиналған дос-жаран, таныс-білістермен жүздесіп, гүл жайнаған дастарқан басында мәз-мейрам болып қалдық. Ән айтылып, би биленіп, өлең оқылып дегендей отырыс қызып жатқан. Бір кезде еңгезердей-еңгезердей бес хохол сарбаз кіріп келді. Қастарында шала қазақша, шала орысша сөйлейтін бір пропорщик бар екен. Қуаныш үстіне келген адамға ешкім «кет» демейтіні белгілі. Бәріміз қарсы алып, ортамызды толтырған қонақтарға қуанып жатырмыз. Олар да жайғасып отырды. Менің де әскерден келгеніме көп болмаған кез. Сарбаздарды көргенде жақын достарыма кезіккендей көңілім көтеріліп, оларға шын пейіліммен құрмет білдіруге кірістім. Қанша дегенмен «кемедегінің жаны бір» дегендей, олардың жайынан хабарым бар, әскери өмірді өзім де бастан өткізген адаммын ғой. Сол үшін де оларға жақсы ниетімді танытып қойғым келген еді. Өздерімен ашық-жарқын әңгімелесіп, хал-жайларын сұрадым. Алдарына тамақ қойғызып, арақ-шараптан құйғызып дегендей, ілтипатымды аяған жоқпын. Сый-құрметке бөленіп, шақырылмаған қонақ болса да, ештеңеден кенде болмаған олар біраз отырды да кетіп қалды.

Солдаттар кеткен соң, көп өтпей біз де қайтатын болдық. Разъезге дейін басқа бір жол жөндеушілердің көлігі жеткізіп салды. Той мен қуанышқа шашылған қазақтың дархандығы мен жомарттығында шек бар ма, қайтарда үй иелері сарқыт әрі «Ольга қызға да ала барыңдар» деп, піскен ет, бірер бөтелке арақ салып жіберді.

Үйімізге енді жетіп, шілдехананы өзімізше жалғастырмақ болдық. Күлән дастархан жазып, әкелген етті турап, Ольгаға шараптан құйып, отыра бергеніміз сол еді, сыртта гүжілдеген машинаның даусы шықты. «Бұл кім болды» екен дегенше бағанағы алты сарбаз сау етіп кіріп келгені. Сөйтсек, олардың Ольгамен бұрыннан таныстығы бар екен.  Қызды Үшінші разъезге барып іздейді, осында кетті деген соң бері қарай телефон шалыпты. Ольга Төртінші разъезде екенін айтқан соң іздеп келуді жөн көріпті. «Бір көрген –таныс, екі көрген – біліс» демекші, бағана бір жерде бас қосып, шілдехана қызығын ортақ бөліскен сарбаздарды ықыласпен қарсы алдым. Оның үстіне олар басқа үйге емес, менің өз үйіме келіп отырған соң қалай бөтен ниет танытуға, басқаша ой ойлауға болады? Жігі-жапар болып, тағы да күттім. Менің ыңғылыма қарай Күлән да «зыр» жүгіріп, ас-тамағын даярлап, шайын құйып жүр. Тіпті, ет аздық еткен соң, жұмыртқа да қуырды түннің ортасында.

Ду-ду әңгімемен отырып, әкелген арақты іштік. Сарбаздардың да жолға алғандары бар екен. Тост сөйлеп, оларға денсаулық, жақсылық тіледік. Көңілімде ештеңе жоқ, солар разы болсын, қонақ қой деп ағымнан жарылып жүрмін. Сарбаздар біраз масайып қалды. Шалықтап сөйлеп, бір-біріне есе бермей дүрілдеп отыр. Өздері бетпақ даладағы әскери бөлімге келіп, қызмет өтеп жатқан сарбаздар екен. Шетінен денелі, екі иығына екі кісі мінгендей деуге болатын алпамсадай жігіттер. Бірақ, мен аңқылдаған сайын олардың арам ниетін жасырып отырғанын қайдан білейін? Түн ортасынан ауғанда олар қайтпақшы болды және Үшінші разъезге Олганы ала кетеміз деді. Мен ол қызға рахметімді айтып, сарбаздармен бірге шығарып салуға ыңғайландым. Алайда, «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, менің құрметтеп жүргеніме қарап олар қорқып отыр не болмаса қолынан түк келмейтін біреу деп ойласа керек. Бір кезде сарбаздардың ішіндегі көзі тұздай, мұрны қоңқайған жалпақ сары біреуі теңселе тұрып:  «Брат, біз мына қызбен бірге сенің әйеліңді де ала кетейік, ертеңге дейін бізбен бірге болсын» демесі бар ма?! Аузынан арақ иісі мүңкіп, көзі кілкірейе қарайды. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Шын мәнінде, ол жерде сөйлеудің де қажеті жоқ болатын. Дереу «селк» етіп, есімді жидым. Басымнан төмен бақайыма қарай құлдилаған қаным, тамырларымды керней ағып, денемді тоқ соққандай селкілдетіп сала бергенін ғана сезіндім. Мүмкін, сол қан көзіме де құйылып, әлгі сарбаздан басқа ештеңені көрсетпей қалса керек. «Тарс» еткен дыбысты ғана естідім. Жаңағы жалпақ сары шекеден тиген жұдырығымның соққысынан кескен теректей «гүрс» етті де, басы пештің аузына бір-ақ кірді. Бойымды бір шексіз күш кернеп, қаным қайта басыма шапшып барады. Екіншісі секіре бергенде кеудеден тепкенімді білемін. Ол релейканың есігін бұза-мұза соның ішіне кіріп кетті де, қыбырсыз қалды. Адам қатты ашуда шиыршық атып, нажағайдай тез, қабыландай қайратты, жолбарыстай айбатты болып кететін секілді. Оның үстіне қайнаған намыс та бойды кернеп алған. Қалғандары естерін жиып болғанша, екеуін іркес-тіркес ұрып жықтым. Біреуі орындықтың үстіне шалқалай барып құлады да, басы еденге соғылды, екіншісін қабырғадан теуіп едім, бүктетіліп ол қалды.

Үйдің іші апыр-топыр болды. Үстел қирап, ыдыс-аяқ жерге шашылды. Күлән мен Ольга ойбай салып жүр. Осының бәрі қас-қағым уақытта ғана болғандай әсер етті маған. Бесінші сарбаз тұра қашты, артынан қуа шығып едім, машинаға отырып үлгеріпті. Қашып құтылмақ болып, көлігін шегіндірді де, есі шығып қайта алдыға қарай жүрді. Баспалдақта тұрған мен басқа жаққа секіріп үлгердім. Ол машинаны тоқтата алмаған күйі веронданы соғып, быт-шыт қылды. Көлік те тоқтады, өзі де кабинаға, әлде рульге басы соғылып, есінен танып соның ішінде қалды. Ал, алтыншысы, әлгі пропорщикті таппай қалдым, қайда зытып жоғалғаны белгісіз.

Үйге қайта кірдім. Жаңағылардың аузы-мұрнынан, басынан аққан қан еденді айғыздап тастапты. Асымды ішіп, аяғымды тепкен тексіздерге ашуым әлі тарқар емес. «Сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді» деген осы шығар. Әлінен асып, адамшылықтан шыққандар солай өз арамдықтарына өздері көміліп, бәрі естерінен танып жатыр.

Көп өтпей бір әскери тікұшақ жетіп келді, айналаның шөптерін жапырып, шаңын бұрқыратқан тікұшақ қонды да, автоматтарын серт ұстаған он бес шақты сарбаз үйді қоршап алды. Төбелес басталып кеткенде Күлән дереу телефон соғып, әскери полицияға, Қаражыңғылдағы әкейлерге телефон соғып үлгерген екен. Іле-шала «Урал» мотоциклге мініп, Төлеухан әкей жетті. Бұрынғының жорыққа аттанған батырларындай қабағынан қар жауып, жүзінен қаһар шашады. Беліне оқ қапшық байлап, арқасына айқыш-ұйқыш екі мылтықты асынып, аяғына ұзын қонышты сарбаз етігін киіп алған әкем, алғы шепке бет алған атақты барлаушыдай айбатты екен. Алайда, жаңағы бұзық ниетті сарбаздардың бәрі жусап жатқан.

Тікұшақпен келген әскерилер дереу сарбаздарды тұрғызып, шетінен кісендеп алды. Сөйтсек, олар әскери бөлімнен қашып жүргендер екен. Қарулары да бар болып шықты. Оны машинаның кузовында қалдырыпты. «Жалғыз адам не қылар дейсің, қолмен-ақ ұрып жығамыз» деген жымысқы ойлары болса керек. Алайда, ол дәмелері жүзеге аспай, өздері өлімнен әрең қалды. Ал егер, құралдарына жетсе, мені атып тастауы да мүмкін еді. Құдай сақтап, олардың қаруларын алуға мұрсалары келмей қалды.

Соққы тиген сарбаздардың жарақаттары ауыр болыпты. Біреуінің басы пештің аузына кіргенде құйқасын темір тіліпті, екінші біреуінің қабырғасы, тағы бірінің жағы сынған екен. Бұны көрген командир «мына жалғыз адамнан қалай таяқ жеп жүрсіңдер» деп сұрайды олардан. Сүмірейіп, жүзі күйген қара бет сарбаздардан үн шықсын, жерден үн шықсын. Сосын, командир маған келіп: «Мыналарды немен ұрдыңыз?» деді. «Немен ұрушы едім, әрине, қолмен соқтым» дедім. Бірақ ол мені басқа қарумен ұрды деген болу керек, сенгісі келмей: «мүмкін емес» деді, басын шайқап. Менің оларды талдырып тастағанымды көріп тұрса да, сенімсіздік танытып, мені көзге ілмей тұрған командирсымаққа ашуым келді. «Мүмкін емес болса, келіңіз бері, ұрып көрсетейін» деп жұдырығымды түйіп едім: «Керек емес, қалжың ғой менікі» деп, – өтірік күлген болып тайып тұрды. Бірақ мен әлгі арам ниет сарбаздардың үстінен арыз жазған жоқпын. Қазақта «таспен ұрғанды аспен ұр» деген әдемі нақыл бар. Онсыз да қылмыстары үшін жазасын алған сарбаздар екі жылдан сотталып кете барды. Ал, ертеңінде әскерилер келіп, үйдің пеші мен қираған мүліктерді және веронданы қанттай қылып жөндеп берді. Біз сол оқиғадан кейін де жаңағы үйімізде екі жыл тұрып, разъезде өз жұмысымызды алаңсыз жалғастырдық.

Сол оқиға есіме түссе батырлық, ерлік деген қасиеттерді тулаған намыс, жан жарыңа қорған бола білу деген үлкен жауапкершілік сезім, өмірлік қосағыңа деген адалдық пен сүйіспеншілік тудыратынына көзім жетті. Қандай қауіптен болса да тайсалмай, намысы үшін от пен судан тайынбайтын, жан жары үшін жауымен аянбай айқасатын азамат керек кезде отаны үшін де жан бере алады. Ал, жақсылық жараспаған сарбаздар өздері тілеп алған арамдықтарына өздері жолықты. Мен оларға ақ ниетпен, ақ дастарқанымды, ақ дәмімді арнап отырсам, олар қара ниетін жасырып, қаскөйлігін сайлап отырыпты. Олар туралы мен басқа ештеңе айтқым келмейді, тек оларды «дәм атты» дер едім.

Кинолардан не түрлі ерлік, батырлық жасаған адамдар туралы көрсетіп жатады. Әрине, олар ойдан шығарылды дегенмен, түп негізінде нақтылы өмірдегі шындық бар. Міне, сол шынайы болған оқиғалардың бірі менің басымнан осылай өтіп еді. Киноның аты кино. «Рэмбо» фильмін білетін боларсыздар, шын мәнінде онда басты кейіпкер болып ойнаған «батырдың» басына осындай жағдай түссе қайтер еді?! Батырлық, ерлік тек майданда, сын сағатта сыналады. Бәлкім, менің орнымда қорқақтау басқа адам болса, бас сауғалап қашып кетуі де мүмкін ғой. Айдалада, еңгезердей алты сарбазға қарсы келіп, оларды соққыға жығу ерлікті ту еткен, намысты жыр еткен бабалардың үмітін ақтап, атына кір келтірмеу деп ойлаймын. Бұл бүгінгі ұрпаққа, жанұясын, жан жарын, ошағын дұшпаннан қорғауға баулитын өнегелі іс десем, мақтанған да, артық айтқан да болмаспын. Себебі, олар қауіпті жау еді, тікұшақпен суық қаруланған сарбаздардың келіп, үйді қоршап алуы да олардың қарсы шабуылға шығуынан сақтанғаны болатын. Арнайы дайындалған әскери бөлімнің сарбаздары да қатты қауіптеніп, оларға үлкен дайындықпен келген. Осындай қатерлі жауды Алла жар болып, ата-баба аруағы қолдап, бетін қайтардым. Жалғызбын деп жасыған жоқпын, олар көп екен, күшті екен деп қорықпадым, соның арқасында өз отбасымның абыройын сақтап, қазақ ұлы деген атыма да кір келтірген жоқпын.

Кейіпкеріміздің осылай басталатын әңгімесі ғаламторда бұрын бір рет жарияланып еді. Қазақтың рухын көтеретін ерлік оқиғасын көп назарына қайта ұсындық.

(Оқиға Қарағанды облысы, Сарышаған өңірінде өткен-редакция)

Кендей Ахметовтың «Мерейлі отбасы» ғұмырбаяндық кітабынан.

"The Qazaq Times"