фото: http://bit.ly/2i8oFkm

Абайдың әкесі арғынның Тобықты руынан шыққан Құнанбай екенін жұрттың бәрі біледі. Қазақ тағы «түбін білмеген түгін білмейді» дейтұғын. Құнанбайдан ары шегіндіріп Абайдың жеті атасын айтсақ, ол мынадай: Құнанбай – Өскенбай – Ырғызбай - Айдос – Олжай – Айтек, 7- атасы Көшек. Осы ретпен ары қарай тізбелегенде 12-атасы Тобықты болады. Бабаларымыздың «Ер тағайына тартады» деген сөзінен еске келеді, Ырғызбайдың бәйбішесі Ермек Абақ Керейдің Жәнтекей руынан шыққан әйгілі Жәнібек батырдың қызы екен. Бір жолы елдің қасқа мен жайсаңдары бас қосып отырған мәслихатта Абайдың құрдасы, білері де бар, сөзшең Орымбек деген адам: «Абай, осы сен қайдан ақын, қайдан жақсы боп тудың? Атаң шөккен түйеге міне алмайтын жуас деуші едің?» дегенде, отырған ел ыңғайсызданып, қынжылып қалады. Абай сәл ойланып барып: «Бұд біздің Айдос атамызды меңзеп отыр ғой, әй, Орымбек! «Ер тағайына тартады» деген. Ақынық, шешендік, батырлық – міне осы үш қасиетті бірдей мықты ұстап, қазақтан асып туған – кіші жүзде Сырым батыр, одан кейінгі Керей Жәнібек, ол шабыттанған кезде өлеңді ат үстінен ағылта жөнелетін ақын да болған екен. Ер Жәнібектің бір қасиеті Өмскенбай, Құнанбайдан өтіп, маған келген  жоқ деп отрсың ба?» депті.

Өскенбай – бұл тобықтының ішінде «Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар» деген аталы сөздің шығуына себепші болған әйгілі әділ би екен. Ырғызбай да би болған және жас кезінде Қоқан хандығының шыржырлы түйе палуанын жығып, қазаққа даңық аперген мықты болыпты. Бірақ, өмірі қысқарақ болған. Абайдың би болған аталары (Құнанбаймен қосқанда) осы үшеуі. Аталас туыстарынан елге атағы жайылған адамдарды айта кетсек, ол мынадай: «аңызға айналған «Қалқаман – Мамыр» Қалқаман жаңағы Олжаймен бірге туысқан кісі, соның інісі. Яғни, Абайдың алтыншы атасы Айтектің екінші ұлы болатын. Арғында «әнет баба» аталған үлкен би – Әнет Абайдың жетінші атасы Көшектің (кейде Кішік делінеді) бір ұлы.

Тобықтыда ұзақ жыл би болған адам Кеңгірбай. Ол билік орнын өз баласына бермей, кең пейілділік және көрегендік танынып, әуелі Ырғызбайға, онансоң Өскенбайға берген. Кеңгірбайдың әкесі Жігіттек, ол Ырғызбайдың әкесі Айдоспен туысқан.

“Белестер белгісі” кітабынан