Түркияда 9 мың  полицей қызметкері жұмыстан босатылды. Ердоған билігі жұмыстан қуылған полицейлерге АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүленмен байланысы бар деген айып таққан. Полиция жақтың бұл әрекетін Ұлттық қауіпсіздіктің мүддесіне байланысты деп түсіндірді. Бұл туралы “BBC”-дің ресми сайтында хабарланған еді.

Естеріңізде болса, өткен жылы Түркияда әскери төңкеріс болып, салдарынан 249 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам зардап шеккен болатын. Ел президенті Режеп Тайып Ердрған бұл бүліктің басты ұйымдастырушысы ретінде, АҚШ-та тұратын «Гүленшілердің» жетекшісі Фетхуллах Гүлен деп көрсеткен болатын. Алайда Гүлен бұл айыпты бүтіндей теріске шығарды. Ол өзіңнің Америкада тұрғанына ұзақ уақыт болғанын және Түркия ел ішіндегі жағдайдан бейхабар екенін көлденең тартты. Тіпті, Түркияда бүлік қозғағандарды қатаң айыптауын да жариялаған болатын.

Полицейлерді жұмыстан босатумен бірге, кешегі күні, Түркияда «Гүленшілдер» деген айыппен мыңнан астам адамды қамауға алды. Бұл түрік полицейлерінің бір айдан бергі ең ауқымды жүргізілген операциясы. Ердоған үкіметінің бұл жолы қамауға алуға бұйрық берген адамдар саны үш мың екен. Демек, түрік елінде қамау, жазалау ісі алда тағы болады деген сөз. Оған қоса елде жарияланған сақтық жағдай сигналы үш айға ұзартылды.

Өткен жылғы бүліктен кейін түрік билігі 40 мыңға жуық адамды қамауға алып, 120 мың адамды жұмыстан босатқан. Олардың арасында полиция, сот, ЖОО-да оқытушылар, журналистер, адвокаттар және әскери қызметкерлер де бар.

Түркияда болып жатқан саяси қуғын сүргін, Ердоған билігін Батыс елдеріне жағымсыз етіп көрсеткені анық. Елде Ердоған үкіметіне қарсы топтар барынша күшпен басып жанышталды деуге болады. Референдум арқылы парламенттік билікті президенттік билікке ауыстырған Режеп Тайып Ердоған Түркия саяси билігіндегі діншілдерді жақтаушы. Оған қарсы республикашылдар («Республикашыл халық» партиясы) мен ұлтшылдардың (Алпарслан Түркеш құрған «Ұлтшыл әрекет» партиясы) қазіргі жағдайы билікке тең деңгейде қарсы тұруға қауқарсыз. Ал, ұлтшыл топтар Ердоған билікке келгеннен бері басты қарсыласы болып келгенімен, кейінгі кездері президенттерін жақтап кеткені де байқалады. Қуғын-сүргіннен кейін республикашыл топтың да қуаты мейлінше әлсіреді.

Ердоған өткен жылғы зор көлемді әскери бүліктің басты «қылмыскері» деп көрсеткен Фетхуллах Гүлен де түрік билігін діншілдерді жақтаушы. Алайда, ұлтшылдар мен республикашыл топ бұған қарсы тұрып келген. Бір қарағанда Гүлен мен Ердоғанның ұқсас саяси топтың шашбауын көтеруші деуге де келетіндей. Гүленнің 2002 жылы Ердоғанның «Әділет және даму» партиясының билікке келуіне ықпал еткені белгілі. Ақпараттардың бәрінде екі тұлға қарым-қатынасы бітпес теке-тіресте айтылып келеді. Оның себебі, Ердоған мен Гүлен арасындағы билік бөлісіндегі келіспеушілік делінеді. Күдіктер де жоқ емес. Ол болса – түрік билігін толықтай Ердоған немесе соны қолдаушы күштердің қолына өткеру үшін Гүлен екеуі саяси ойын ойнап отыр ма деген. Әрине, бұған қарсы дау айтатындар көп. Ақиқаты біреу-ақ, екі тұлға арасындағы тірестен көптеген адамдар зардап шекті. Әсіресе, Ердрғанның әскери бүлікті сылтауратып неше жүз мың халыққа тырнағын батырып отырғаны, демократияны, халық теңдігін жақтаушыларды ашындырады.

Қазақстанның сенімді саяси серігі түрік елінің тағдыры бізді де ойландырады. Ел ішінің ала бөтендігі мен ел басшысының дара билікке қол созуы түрік болашағын тығырыққа тіремесе игі еді.

“The Qazaq Times”