АҚШ президенті Дональд Трамп жақында өткен президент сайлауында қарсыласы Жо Байден дауысты бұрмалау нәтижесінде озып шықты деп мәлімдеп келген. Бір күн бұрын Құрама Штаттардың бас прокуроры Уильям Барр жасаған мәлімдеме бұған қайшы болып шықты. Ол дауыс санауда ешқандай заң бұзушылық болмағынын айтқан.

Уильям Барр президент Трамптың жақтасы қатарында саналып келген. Себебі, оны бұл орынға Трамптың өзі ұсыныс еткен. Қазірге дейінгі дауыс нәтижесі белгілі болған штаттардағы қорытынды бойынша Жозеф Байден алда тұр. Егер Трамп адвокаттарының кейбір штаттардағы талап-арыздарынан нәтиже шықпаса Байден президент болғаны. Себебі, ол қазір де сайлау алқасының 305 дауысын алып тұр.

Дегенмен, Трамп командасы өздерін жеңіліс таптық деп санаған емес. Республикашылдар мен заңгерлер тарабынан сайлау ісі бойынша сотқа 36 арыз жолданған, бірақ оның 25-і сот тарабынан кері қайтарылды. Сонда да сайлауда заң бұзылды деген жаңа фактілерді алға тартып, қайталай арыздар жолдануда.

Қазір Республикашылдарға қарсы CNN, BBC секілді ірі ақпарат құралдары Трампты 2024 жылғы сайлауға қатыса ма дегенді талқылап жатыр. Президент Трамп келесі президенттік сайлауға қатысу ниетін өзі де білдірген болатын. Трампқа жақтас Fox News арнасының Ақ үйдегі хабаршылары алдағы уақытта Трамп бұны ресми түрде жариялайтынын да айтқан.

Трамп командасында оның 2024 жылғы президент сайлауға қатысуы жайында талқы болғанын, Трамптың бұл туралы ресми мәлімдемені қашан жасайтыны туралы ақылдасқаны жайында бірқатар америкалық басылымдар да өздерінің ақпарат көздеріне сүйне отырып жазып жатыр.

Биылғы сайлаудың нәтижесі қандай болғанына қарамастан, АҚШ-та Трамптың қолдаушылары әлі де көп. Республикашылдарды қолдайтын сайлаушылар арасында жүргізілген сауалнама бойынша 53 пайыз сайлаушы Трамптың қайта президент болуын қолдаған.

“The Qazaq Times”