Үкімет басшысынан жауап талап еткен және өткен жұмада жаңа партия құратынын мәлімдеген Нүржан Әлтаев билік партиясы «Нұр Отан» құрамынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылды.

Бүгін 2 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы бұл туралы арнайы қаулысын жариялады. Сонымен қоса, мәжіліс депутаты, «Нұр Отанның» партиялық бақылау комитетінің жетекшісі Павел Казанцев Facebook желісіндегі парақшасында оның «партия беделіне нұқсан келтіргені үшін» саяси ұйымнан шығарылғанын жазды.

27 қарашада Нұржан Әлтаев парламентте «Нұр Отанға» балама пікір айта алатын «шынайы» оппозициялық партия жоғын айтып, «Ел тірегі» атты жаңа саяси партия құратынын айтқан. Алайда ол алдағы 10 қаңтарға белгіленген сайлауға үлгермейтін болғандықтан, сегізінші сайланымға қатысуға ниетті екенін хабарлаған.

Бұған дейін Нұржан Әлтаев премьер-министр Асқар Маминді сынға алған. Ол Үкімет басшысына жолдаған хатында былай деген еді:

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, мен сізді Парламентке келіп, халық алдында және халық өкілдері алдында коронавируспен күресте атқарылған жұмысқа есеп беруіңізді сұраймын. Қыруар қаржының қалай игерілгенін, коронавирус құрбандарының саны мен ауыр жағдайдың себебін айтып берсеңіз. Әйтпесе, денсаулық сақтау министрін алып тастады да, сонымен бәрі тынышталып қалды. Ал болған жағдайға кім жауап береді?» Дегенмен мәжіліс депутатының бұл сауалына Асқар Ұзақбайұлы жауап бермеді.

Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Қазір парламенттегі негізгі орынды экс-президент Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы иеленіп отыр.

Қазақстанның және халықаралық құқық қорғаушылары мен оппозициялық күштер елдегі саяси еркіндіктің жоқтығын, партия құрудың қиындығын, азаматтық құқықтың шектелетінін жиі сынайды.

"The Qazaq Times"