Отбасылық ел басқару формасы дамудың  демократиялық  жолын  таңдаған Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан және Ресей  сияқты  елдерде әлі  күнге дейін жалғасып келеді.

ТМД аймағында орналасқан  жұрт  үшін ел басындағы атқа мінерлердің жақындарының жұмсақ орындарға  жайғасуы жаңалық болмауы мүмкін бірақ, біз бүгін сол «күн көсемдерінің» туыстарының қандай қызметте жүргендеріне қысқаша тоқталмақшымыз.

Атадан балаға билік  тізгінін мұраға қалдыруға әлі жетпесе де, отбасы өкілдерін жоғары қызметтерге тағайындауда алдына жан салмайтындардың бірі Тәжікстан президенті Емомоли Рахмон. Оның ұлы Рустам Емомоли Душанбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалыпты. Бұдан сәл ертеректе қызы Озаданы Тәжікстан парламентіне депутат еткен еді. Емомолидің жеті баласы бар екенін ескерсек Тәжіктерды әлі талай  Емомолилердің  басқарытыны анық. Ал атынан АҚШ, Украина, Грузия,  күллі Еуропа үркетін Ресей басшысы Владимир Путиннің  қызы, миллиардер,  Катерина Тихонова «Иннопрактика» қорының директоры. Бұл қор құны 110 млрд рубль Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық жұмысын арттыруға арналған жобаға қатысқан. Осыған қарап Путиннің қызы да жаман өмір сүрмейтінін байқауға болады. Бірақ, бұлардың барлығынан Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев басып озды. Ол бір-ақ күнде әйелі Мехрибан Әлиевадан  вице-президент жасады. Ал Өзбекстанның су жаңа басшысы Шавхат Мирзяев болса, келе салып күйеубаласын Отабек Шахановты президент қауіпсіздігі басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындады деген сыбыс бар. Сайлауда тек 99,9 дауыс жинайтын «күн көсемдерден» демократияның қайнар көзі саналатын АҚШ басшысы Дональд Трампта қалыспайын деді ма?. Әйтеуір Қытаймен кездесу болсын, басқасы болсын күйеу баласын қасынан тастамайтын болған.  Енді Қазақстанға келетін болсақ біздің елді айтпасақ та түсінікті. Жоғарыдан бастап, төменгі дәрежедегі шенеуниктерге дейін жұмсақ креслоларды қолынан келгенше ел игілігі үшін жақындарына таратып бергенін көз көріп, құлақ естіп жүр.

Жоғарыда айтылған елдердің ішінде ең аянышты «жұмсақ кресло жақындарыма» атты саяси трагедиялық қойылым Өзбекстанда болды. 26 жыл ел басқарған Ислам Кәрімовтың өлімінен кейін, оның отбасына саяси қысым жасалды. Соның салдарынан 44 жасар Гүлнара Кәрімованың өміріне қауіп төнді. Қазіргі күні оның тағдыры белгісіз күйде. Кезінде Гүлнар да өзге «күн көсемдердің» қыз, ұлдары сияқты  әкесінің пәрменімен түрлі қызметтерде  жұмыс атқарды. 1995 жылы Өзбекстанның сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2003-2005 жылдары Өзбекстанның Ресейдегі елшілігінде, 2008 жылы Өзбекстанның сыртқы істер министрінің орынбасары, 2010 жылы Өзбекстанның Испанияда елшісі болды. Кейін әкесінің қаһарына ұшырап, биліктен шеттетілді.

Жер бетіндегі жарты құдайлардың өле-өлгенше биліктен айырылғысы келмейтіндігі осыдан болар деген ой келеді кейде. Қанша дегенмен ел тағдырынан,  іштен шыққан перзент болашағы артығырақ қой.

“The Qazaq Times”