Қазақстанда 26 қараша 813 адамнан коронавирус, ал сәрсенбіде 161 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 22,7 мыңнан астам (КВИ+ 11 816, КВИ- 10 955) адам ауырып жатыр. 

#Коронавирус Кеше, қарашаның 26-сы коронавирус жұқтырған 563 адам айығып шықса, 5 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі –  ШҚО (170) және СҚО (117), Павлодар (107), Ақмола (76), Қарағанды (75) облыстары, Алматы қаласы (74) мен астанадан (71). Қызылорда және Маңғыстау облыстарында вирус жұқтырғандар мүлдем анықталмаған.

Бір айдан бері эпидемия ахуалы ушығып тұрған ШҚО-дағы жұқтырғандар саны қараша айы басталғалы 5861-ге жетті. Екінші қатарда Павлодар (1746), одан кейін Солтүстік Қазақстан (1599) облыстары орналасқан. Әзірге жағдай тұрақты өңірлер – Қызылорда (27), Маңғыстау (28), Түркістан (53) облыстары. Мұның барлығы қараша айындағы ресми жиынтық есеп.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 11,8 мыңнан астам науқастың 3276-сы ауруханада. Тағы 8540 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 781 бала емделіп жатыр. Кейінгі онкүндікте ауырып жатқан балалар күрт көбейді.

Ахуалы нашар 208 науқастың арасында 31 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 30 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Республика бойынша барлығы 129 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 115 мыңнан сәл асады. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Қазан айының ортасынан бері елде коронавирус қайта екпін ала бастады. Десе де президент Тоқаев 16 қараша күнгі мәлімдемесінде солтүстік және шығыс аймақтарда статистиканың бұрмаланғанын айтқан. Редакция Павлодар облысында 59, Қостанай өңірінде 57 жағдайдың жасырылғанын әкімдерден сұрап, анықтаған.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққан 161 адам тіркелген. Тағы 73 адам айығып шыққан, 5 адам қайтыс болған.  Пневмонияға шалдыққан 41,7 мың адамның 30 мыңнан астамы жазылып шыққан.

ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті жарияланбайды.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Қараша айында 20,5 мыңнан астам адам ауырған және 200-ге жуық адам өмірден өткен. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, өткен айда 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+, 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+, 47 адам КВИ-). 

Осылайша бірінші толқынның шарықтау шегі – «маусым-шілде қырғынан» кейінгі тамыз айынан бері Қазақстанда дерт жұқтырып ауырғандар 110 мыңнан асқан. Осы төрт айдың ішінде індеттен 1,4 мыңдай адам өмірден өткен.

Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны 358 мыңға жақындады. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 129 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 42 мыңға жақындаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 170 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3161-і (КВИ+ / U07.1 – 2013, КВИ- / U07.2 – 439, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"