Қытай билігі 2016 жылдан бастап Шыңжаңда экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің желеуінде азаматтардың жүріс-тұрысына шектеу қоятын қатаң бақылау шараларын енгізді. Әрі бұл бақылауды әлемдегі ең озық технологиялар арқылы жүзеге асыруда. Бұл күнде Шыңжаңдағы бақылау камералары әлемдегі ең озық бықылау кешені саналады.

Шыңжаңның әкімшілік орталығы Үрімжі қаласының елеусіз көшелерінің біріне «Есептеу орталығы» деп аталатын (кейде оны Шыңжаң суперкомпьютер орталығы деп те атайды) кешен орналасқан. Орталық өңірдегі барлық бақылау камералары жинақтаған информацияларды топтастырады, сұрыптайды. Ең озық бақылау аппараттары адамдардың бет-пішінін танумен қатар олардың жүріс-тұрысы арқылы мінез-құлқын да тұрақтандыра алатын мүмкіндікке ие. Тіпті азаматтар байдаланатын ұялы телефондарын да бақылай алады. Бұл камералардың бір күнде жинаған информациялары кез-келген адамның бір жылда көрген-білгенінен көп.

Көзқарақты жұртқа мәлім, соңғы жылдары АҚШ билігі Қытайдың Шыңжаңдағы әрекеттерін жиі сынап келеді. Бейжің саясаты өңір тұрғындарының наным-сенім, ұлттық салт-сана еркіндігінен тартып, адам құқығына дейін шектеу қойды деп айыптады. Сондай-ақ, АҚШ Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуына қатысты информацияларды жинай отырып, коммунистік партияның бірқатар шенеуніктеріне, ұлттық және жеке компанияларға санкцияда салған еді. Бірақ, бір қызығы, Қытайдың Шыңжаңдағы аз санды ұлттарды бақылауға пайдаланып отырған озық технологиялар америкалық компаниялардың өнімі.

Бұл компьютерлік чиптерді америкалық жартылай өткізгізтерді өндіруші алыптары саналатын Intel және Nvidia секілді танымал компаниялар өндірген. 2016 жылы Қытай билігі Шыңжаңдағы бақылауды күшейтіп, ондағы бақылау құрылғыларын кемелдендіруде аталған америкалық компаниялардың өнімдері пайдаланылып келді. Дегенмен, былтыр әлемдегі ірі ақпарат құралдары Бейжің билігі Шыңжаңдағы аз санды ұлттарды қамау, қудалау және бақылауда жоғары технологияларды пайдаланып отырғанын хабарлады, сол тұста Intel мен Nvidia компаниялар бұл жөнінде түсінік берген болатын. Олар өз өнімдерін Қытай биілігі теріс мақсатта пайдаланып жатқаны туралы білмейтіндерін айтып еді.

Былтыр Трамп әкімшілігі жоғары технологиялы құрылғыларды теріс мақсатта пайдалануды алға тартып, Қытайға озық технологияларды сатуға шектеу қойған. АҚШ-тың саяси тұтқасы жалғасты Трамптың қолында қала ма, әлде Байденге өте ме деген дүдәмал жағдайда АҚШ пен Қытай қатынасы шиеленіс күйінде қалып барады. Қытайдың жоғары мүмкіндіктерге ие технологияны пайдаланып, елдегі аз санды ұлттарға жасаған қысымына қандай позиция таныту Байден үшін де жұрт назар аударатын мәселе болмақ. Ең негізгі сұрақ – Байден Трамп кіргізген шектеулерді күшейте ме, босата ма? Әлде мәселеге басқаша қарауы мүмкін бе?

Осы саланың кейбір сарапшылары Трамптың шектеу шараларын тым қатаң деп сынап келген. Олардың ойынша, қатаң шектеу кейбір зиянсыз америкалық жартылай өткізгіш өнімдерінің сатылуына шектеу қояды және Қытайды осы саланы баса дамытуға ынталандырады. Ал, шын мәнінде Қытай жоғары сападағы осындай чиптерді өндіру үшін миллиардтаған доллар жұмсауына тура келеді. Осыдан кейін мәселені басқа қырынан шешуды ұсынған сарапшылар да бар. Олар сату мөлшері мен оның пайдаланылуын бақылауға алып отыру керек деп санайды.

Бірақ, бұл ұсыныстың өнімді бола қоюы неғайбыл. Себебі, Ірі технология компаниялары өз өнімдерінің сатылғаннан кейінгі жағдайын бақылауға дәрменсіз. Айталық, Intel мен Nvidia өз өнімін Қытайдағы серіктесі Sugon компаниясына сатқан. Sugon болса Қытайдың әскери күштері мен қауіпсіздік күштерінің маңызды жеткізушісі болып табылады, сонымен қатар қарапайым кәсіпорындарға арналған компьютерлер шығарады. Intel өз кезегінде аталған қытайлық әріптесіне өз өнімін сатпайтынын мәлімдеді. Бірақ, аталған екі америкалық компания да қытайлық өзге компаниялармен саудасын қалыпты жалғастырып жатыр. Демек, Қытайдың өзге компаниялар арқылы Intel мен Nvidia өніміне қол жеткізу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз.

Қазір, Үрімжіде Шыңжаң тұрғындарын бақылап, олар туралы мәліметтер топтастырып отырған бұндай кешеннің бар екені және онда америкалық компаниялардың өнімі пайдаланылып жатқаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, 2015 жылдан тартып бұл кешеннің дамытыла бастағанын және оның полиция мен аталған «Сугуң» атты ірі компаниямен ынтымақтасып жұмыс алып барып жатқанын БАҚ-қа мақтана жария етіп келеді. 2018 жылы «Шыңжаң суперкомпьютерлік орталығы» әлемдегі ең жылдам компьютерлік орталықтардың қатарына кіріп, 221-шы орында тұрды. Ал, былтыр қарашада 135 орынға дейін көтерілді. Назар аудаларлығы, Қытай Ұлттық қауіпсіздігіне қарасты Үрімжідегі екі деректер орталығы аталған кешенмен қатар орналасқан. Сондай-ақ, олардың маңында 6 түрме мен екі «тәрбиелеу орталығы» да бар. Бейжіңнің бұл арқылы үлкен бір саяси жобасын іске асырып жатқаны туралы да тиянақты мәліметтер жетерлік.

Айтпақшы, осы Қытай компанияларының бірі Қазақстанға бақылау құрылғыларын орналастырып, кезінде қоғамда күшті талқыға тиек болып еді. Бұл жағдай үкіметтер мен осы саладағы өндірушілерді ойлануға шақырғандай. Себебі, технология нақты уақыт режимінде миллиондаған адамдарды тек суперкомпьютермен бақылауға болатын деңгейге жеткен.

“The Qazaq Times”