«Біреу тойып, біреу тоңып секірген» биыл жазда жұрт қаралы хабардан бас көтерместей деміккен шақта жаны қысылғаны рас. Көп «қаза үстіндегі жынойнаққа» балаған отшашу кезінде дәрі-дәрмек жетіспей, жедел жәрдем шақыра алмай, ауруханалар науқас қабылдамай, мәйітханалар мен дәріханалар алдында қалың кезек болғаны бәрінің есінде.

Пандемиядағы өлім өсімін ресми статистикада да растайды. Статистика комитеті Қазақстанда 2018 жылы маусым-шілдеде 21 809 адам, 2019 жылы осы уақытта 22 708 адам, ал биыл 43 127 адам қайтыс болғанын жариялаған. Ресми дерекке сай, осы жылғы «маусым-шілде қырғынында» қайтқандар қатары былтырға қарағанда 20 419 адамға көбірек. Редакция осы мәселені нақтылау мақсатында Статистика комитетінен қайтқандардың өлім себептерінің көрсеткішін сұратты. Ресми жауап-мәліметке қарағанда, биыл жазатайым жағдайдан, уланудан, жарақаттан, суицидтен, суға кетуден, көлік апатынан қайтқандар айтарлықтай азайған. Ауру жағдайынан тыс себептерден қайтыс болғандар азайған. Онда осыншама қалыптан артық «20 мың адамның» өліміне не себеп?

Бұл сұрақты Денсаулық сақтау министрлігіне жолдап көрдік. Ведомство вице-министрі Ажар Ғиниятқызына жолданған сауалдың жауабында жаздағы аса қорқынышты көрсеткішті көктемгі карантинде тіркеусіз қалған өлім санымен байланыстырады.

«Алғашқы карантин кезінде (наурыз-сәуір) ХҚКО-лар жұмыс істемеді және өлімді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер Электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілді, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша наурызда (8511 адам) және сәуірде (4441 адам) өлімді тіркеу күрт төмендегені байқалған, тіркелмеген жағдайлар келесі айларда тіркелді», – дейді министрлік қарамағындағы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бастығы Азамат Дүйсенов.

Осылайша, ДенМин өкілі «тіркеу мерзімін өлім туралы акті бойынша қалыптастыратын» ҰЭМ деректерін (Статистика комитеті – QT) шындыққа жанаспайтынын, тек ресми есеп екенін меңзейді.

Комитеттің мәліметінше, «биыл қаңтар-тамыз аралығындағы қайтыс болғандар саны былтырғы осы уақытқа қарағанда 24%-ға (21 470 адамға) артып, 89 511 адамнан 110 981 адамға көбейген».

Десе де Үкімет ведомствосы түптеп келгенде «қалыптан тыс мыңдаған» өлімнің болғанын мойындауға мәжбүр. Ресми тәпсірге қарағанда, биыл қан айналымы жүйесі (18,7%), тыныс алу органдары(63,2%), жұқпалы және паразиттік (2,6 есеге) аурулардан көз жұмғандар еселеп артқан. Бірақ тап осы сырқат түрлерінің өршу себептеріне түсіндірме бермеген.

«2020 жылдың сегіз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 3834 адамға артып, 20 539 адамнан 24 373 адамға жетті. Бұдан болатын өлім-жітім құрылымында гипертониялық аурудан болатын өлім-жітім 41,2% (2019 ж. сегіз айда – 554, 2020 ж. сегіз айда – 782 адам), ЖИА 12,8% (былтыр – 7362, биыл – 8306 адам), мидың қантамырлық зақымдануы 13,6%-ға (былтыр – 7399, биыл – 8405 адам) өскен.

2020 жылдың 8 айында тыныс алу органдарының ауруларынан қайтыс болғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 994 адамға көбейген (былтыр – 11 068, биыл – 18 062 адам).

2020 жылдың 8 айында жұқпалы және паразиттік аурулардан қайтыс болғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге немесе 1479 адамға артқан (былтыр – 929, биыл – 2408 адам)», – делінген.

Көптеген тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлер аталған дерттердің күрт көбеюіне коронавирус әсер еткенін айтады. Бірақ үкімет бұл есепті жалпы статистикаға қосуға мүдделі емес. Арнайы зерттеу жүргізген-жүргізбегені белгісіз.

“The Qazaq Times”