Қарағанды облыстық соты былтыр қаңтар айында «Древний Рим» кафесіндегі атышулы топтық жанжалда қаза тапқан Рақымжан Жансеиттің ісі бойынша апелляциялық шағымды өзгерісіз қалдырды.

Жәбірленуші тарап айыпталушы Жұмамұратов, Щурка, Степанян, Оганнисяндарға кесілген үкімді қатаңдатуды сұраған.

Сот алқасының түсіндірмесіне сәйкес, «үкім құқық бұзушылықтың қоғамға келтірген қаупі мен сипатын, дәрежесін және жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, оның ішінде бұрын олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескере отырып тағайындалған».

Бұған дейін 2019 жылдың қарашасында Қарағанды облыстық соты төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмған Рақымжан Жансейіттің ісі бойынша Юсифа Нурулуды кінәлі деп танып, оны 19 жылға бас бостандығынан айырған. Басқа төрт айыпталушы әрқайсы 3 жылға сотталған. Сонымен қатар, алты адамға шартты мерзім берілген, тағы екі азамат тараптардың татуласуына байланысты бас бостандығы шектелген.

2019 жылдың бірінші қаңтарында «Древний Рим» мейрамханасында жастар топқа бөлініп төбелескен. Мейрамхана қонақтары мен сол мекеменің басшылары арасында туған жанжал 23 жастағы Жансейіттің қазасымен аяқталған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, тіпті кей сарапшылар мұны «ұлтаралық қақтығыс» (қазақ-армян) деңгейінде қарастыру керектігін айтқан.

“The Qazaq Times”