Бүгін, 14 қараша сағат 12.00 уақытында Алматы қаласындағы Ұлттық академия ғимараты алдында оппозиция күштерінің шақыруымен «Халықтық митинг» басталды. Бұған дейін Парламент сайлауына қатысу үшін тіркеуін талап ететін Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай мен Украинада тұратын журналист, белсенді, Youtube-тегі «Бәсе» каналаның иесі Айдос Садықов саяси талаптармен наразылық жиын өткізетінін хабарлаған. Кім не деді және митинг қалай өтті? 

Ұйымдастырушылардың өтінішіне қала әкімдігі рұқсат берген. Санкцияланған митингке жүздеген адам қатысты. Дегенмен белсенділердің айтуынша, шеруге қатысуға жолға шыққан азаматтарды полиция ұстаған, кедергі келтірген.

Жиында көтерілген негізгі талаптар: жұртқа несиелік рақымшылық жариялау, жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу, саяси тұтқындарды босату, 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауына бойкот жариялау т.б.

Сенбі күнгі митингте сөз алған белсенділер кезектесіп ой-пікірін бөлісті.

Алғаш болып сөйлеген Жанболат Мамай жиынды белгілі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы, Жаңаөзен оқиғасында опат болған бейбіт азаматтар, биыл абақтыға аяғымен барып, мүрдесі қайтқан азаматтық белсенді Дулат Ағаділ мен күні кеше кісі қолынан көз жұмған оның ұлы Жанболат Ағаділдердің рухына тағзым етумен бастады. Оның «Самарқау парламент сайлауына белсенді бойкот», «Назарбаевтың жалған сайлауына бармаймыз», «Саяси реформа жасалмаса, Назарбаев та, Тоқаев та кетсін!» деген лозунгін жиналғандар қосыла ұрандасты.

Мамай «несиелік амнистия» талабын популизм деп бағалайтындарға қарата «халықтың шын қиналған шағында аса зәру шараға қырын қарайтындар осы уақытқа дейін офшорға кеткен және олигархтардың екінші деңгейлі банктеріне триллиондап көмек берілгенде қайда қалдыңдар» деген риторикалық сауал жолдады.

Ол «Бәсе» арнасының иелері Айдос-Наталья Садықовтармен бірлесіп өткізіп жатқанын айтты. «Саяси тұтқындарға бостандық» талабын қайталады.

Демпартия құруды көздейтін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай жиынды жүргізді. 14 қараша 2020 жыл. Фото: Данияр Мусиров / Vlast.kz

Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Ырысбек Тоқтасын «жылына 92 млн теңге жұмсайтын ұйқышыл қарт депутаттардың орнына жастар келсін, сайлауға бармаймыз» деді.

– Саяси партиялар тіркелсін, сайлау туралы заң өзгерсін! Билік 30 жыл бойы елдің бар байлығын тонап келді. Тек Назарбаевтың әулеті мен айналасындағы олигархтар ғана байып келді, қалған қалың қазақ кедейшілікте. Зейнетақы және Ұлттық қорлардың түбі көрінді. Пандемияның кесірінен деп екінші деңгейлі банктер мен ірі қаржы ұйымдарына ақшаны төгіп, ал халықтың жағдайына келгенде 42,5 мың теңгені бұлдап, сараңдық танытып отыр, – деді ол.

Демократиялық партияны құрушы топтың мүшелері Жанболат (солда) және Ырысбек Тоқтасын (оңда). Фото: QT.

Ұйымның тағы бір белсендісі Абзал Достияр «отыз жылда бірде-бір рет әділ сайлау өткізе алмаған жүйеде» ескі партиялардың біріне дауыс беру және оны бақылауды «орынсыз» деп санайды.

«Назарбаев өзінің замандастары Нұрқаділов, Жөкеев, Асанбаев, Әбділдин сияқты мемлекетшіл тұлғалардың, қызы қатарлас Жас түркілердің, одан соң немересімен жасты біздің уақытымызды ұрлады. ...Егер әділетті қоғам қалыптастырғанда, дені дұрыс мемлекет боп заң жұмыс істегенде біз қазір алаңда емес, сайлауға дайындық барысымен бас ауыртқан болар едік. Мың асқанға бір тосқан. Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады. Бәрінің өз уақыты бар. Сайлауға бармау қажет. Елдік мәселеге келгенде кім болғанымызға қарамай алаңға шығуымыз керек! Митингке қатысу – бас жарып, көз шығару емес, біреулер айтып жүргендей бүлік емес, осылай көп болып заңды әрі сауатты, бейбіт түрде талап қою» – деп сайлау күні шеруге шығуға шақырды Достияров.

Санкцияланған шеруде құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" санайтын бір топ белсенділерді босату талабы жиі айтылды. 14 қараша 2020 жыл. Фото: Данияр Мусиров / Vlast.kz

Белсенділердің қатарында белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева пікірін «Назарбаевқа үндеуімен» жалғады.

«Сіз формальді тұрғыда президент болмасаңыз да, бірақ ел басқару ісінде баяғыша орындасыз. Сондықтан халықтың алдында берген уәдеңіздің есебі ретінде өтеуі болуы тиіс. Сіз Қазақстанды еркін демократиялы етіп құруға сөз бергенсіз, десе де іс жүзінде олай болмай шықты. Еркін мемлекетті тек еркін сайлаумен құруға болады. Мұның бізде жүзеге аспағанын көптеген фальсификация фактілерінен, халықаралық бақылаушылардың теріс қорытындысынан көруге болады.

...Партия тізімінде жоқ 11 млн азамат сайлауға түсе алмайды. Неге билік түсініксіз нормалар арқылы жаңа партиялардың тіркелуіне кедергі келтіреді? Егер өзіңізді елбасы, ұлт көшбасшысы атына лайық санасаңыз, онда Конституцияға сәйкес азаматтарға бірдей саяси құқық берілуі керек! Қазір Қазақстан аса маңызды оқиға – мәслихаттар мен мәжіліс сайлауының қарсаңында, сол себепті заңды дереу дұрыстау керек.

...Парламент халық пікірімен санаспай қысқа уақытта сізге «қол сұғылмаушылыққа кепілдік беретін» иммунитет заңдастырып бергені есімізде. Халықтың құқығын қайтару, қалпына келтіру керек. Сіздің бір уақытта «Нұр Отан» партиясы мен Ұлт көшбасшысы сияқты екі бірдей жетекшілік лауазымда болуыңыз құқықтық-моральдік коллизия тудырады. Не Елбасы, не партия көсемі болыңыз! «Нұр Отан» жалпыұлттық партия емес. Сонымен қоса, экс-президент қанатының астында әкімшілік ресурстардың көмегімен емес, барлығымен бірдей ереже бойынша қатыссын.

Осы бағытта таңдауыңызды тезірек жасаңыз, уақыт аз!», – делінген Гүлжан Хамитқызының мәлімдемесінде.

Сағат 13.00-ге жуық ұйымдастырушылар жиынға 500-дей адамның қатысып жатқанын жеткізді.

Шара өткен алаң сыртында полицияның арнайы көліктері де тұрды, кейбір әлеуметтік көліктермен алаң сыртында тұрған полиция жасағы да көзге шалынды. Олар наразы топты жақын жерден қоршап тұрмағанымен, наразы топ арасында азаматтық киімдегі өздерін әкімшіліктенбіз деп таныстырған адамдар да болды. Ғылым академиясының ғимаратынан да алаңды бақылап тұрған адамдарды байқауға болады.

"The Qazaq Times"